• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Мамыр, 2022

Әлеуметтік желі қасіреттің ортасына айналып барады

275 рет
көрсетілді

АҚШ-тағы Нью-Йорк штатының Буффало қаласындағы атыс ақ нәсілділердің үстемдігіне сенетіндердің азаймай тұрғанын көрсетті. Әсіресе, мұндай үрдіс жастар арасында да кездесіп отыр.

Естеріңізде болса, өткен сенбіде Буф­фало қаласындағы Tops Friendly Mar­ket супермаркетінде белгісіз біреу дү­кен­дегілерге оқ жаудырған болатын. Соның салдарынан 10 адам қаза тауып, үшеуі ауыр жарақаттанған. Құрбан бол­ған­дар­дың 11-і қара нәсілді, қалған екеуі ақ нә­сіл­ді.

Шаһар билігі оқиғаны «өшпенділік пен нәсілдік негіздегі зорлық-зомбылық экстремизмі» деп сипаттады. Құқық қор­­ғау органдарының өкілдері шабуыл жа­са­ған содыр арнайы киім киіп, автоматты қарумен келгенін айтты. Ол супермаркет алдында төрт адамды атып тастапты. Оның үшеуі қаза тапса, біреуі аман қалған. Содан кейін ол супермаркетке кірген. Өзін тоқтатпақ болған күзетшіні атып тастаған. Сөйтіп дүкенде сауда жасап жүрген тағы 8 адамға оқ жаудырған.

Пэйтон Гендрон есімді содыр көп ұзамай-ақ қолға түсті. Жергілікті поли­ция­ның хабарлауынша, күдікті 18 жастағы ақ нәсілді. Ол шабуылға әбден дайындалған кө­рінеді. Қара нәсілділер мекендеген ауданға келер бұрын арнайы әскери киім киіп, қару-жарағын сайлап келген. Тіпті, басына киген каскасына видеокамера орнатып, әрекетін онлайн эфирде көрсеткен.

Буффало мэрі Байрон Браун қайғылы жағдайға байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, кез келген қауымдастық мұн­дай оқиғамен бетпе-бет келуі мүмкін. Ал Эри округінің шерифі Джон Гарсиа содырдың әрекетін зұлымдыққа балады.

Қолға түскен күдікті бірінші дәрежелі кісі өлтірді деген айыппен жауапқа тартылады. Сондай-ақ оны кепілсіз қамауға алған. Алдағы аптада сот отырысы өтеді.

Осы оқиғадан кейін Нью-Йорк штаты­ның бас прокуроры әлеуметтік желі ком­па­нияларының кей адамның радикалдануына қатысты тергеу бастады. Тергеу ке­зінде әлеуметтік желілердің оқиғаны стрим жасау, тарату немесе жоспарлау үшін қаншалықты пайдаланылатынын зерделемек.

Штат губернаторы Буффалодағы шабуыл­ға әлеуметтік желілер кінәлі деп мә­лім­деді. Технологиялық компанияға сын айтушылар олардың қарулы қылмыскердің зорлық-зомбылыққа шақыратын жазбаларын жоюға асықпайды деп кінәлады.

«Буффалодағы террорлық шабуыл жек көрушілікті тарататын және насихаттайтын онлайн форумдардың әсері мен қаупін тағы бір рет көрсетті», деді Нью-Йорк штатының Бас прокуроры Летития Джеймс.

Күдікті Пэйтон Гендрон Google-де манифест жариялап, Amazon-ға тиесілі Twitch-те әрекетін тікелей эфирде көрсет­кен. Соңғысы атыс басталғаннан кейін екі минут ішінде стримді өшіріп тастағаны, видеоны жоюға тез әрекет еткенін хабарлады. Алайда осы екі минут видеоның басқа жерге тарауына жеткілікті болды.

Көп ұзамай басқа әлеуметтік желі­лерде видео қызу тарала бастады. Түпнұсқа бей­не­нің үзіндісі Streamable деп аталатын сайтта жарияланған екен. Оны сайттан өшіріп тастағанға дейін үш миллионнан астам рет қаралған. Бұл бейненің сіл­те­ме­сін жұрттар түсірілімнен бірнеше сағат өткен соң Facebook пен Twitter желі­ле­рі арқылы жаппай бөлісе бастады.

Буффалодағы атыстан кейін көп ұза­май-ақ АҚШ президенті қалаға барып, қаза тапқандарға арнап гүл шоқтарын қойды. Осы рәсім кезінде сөйлеген сөзінде Ақ үй басшысы ақ нәсілділердің үстемдігін уға балады. Сондай-ақ мұндай түсінікті би­лік­ке, саяси пайдаға ұмтылатындардың әрекеті деп мәлімдеді.

«Америкада зұлымдық жеңбейді. Бұған уәде беремін. Өшпенділік басым түспейді және ақ үстемдікке жол жоқ. Ақтардың үстемдігі деген – у. Бұл у дене­міз­де жайылып, саясатқа өтті. Көз алдымызда іріңдеп, таралуына жол берілді. Енді оған жол жоқ. Қайталап айтамын, жол жоқ. Америкада ақ нәсілділердің үс­тем­дігі идеологиясына орын жоқ екенін барынша анық және күшпен айтуымыз керек. Ешқашан. Мұны айтпау, айыптамау сыбайласқа айналдырады. Үнсіздік – сыбайластық. Сыбайластық. Біз үнсіз қала алмаймыз», деді Байден.

Айта кетерлігі, кейінгі кезде жауыздық әрекетін тікелей эфирде тарату белең алып барады. Осыдан үш жыл бұрын Жаңа Зеландиядағы Крайстчерч қаласында содыр екі мешітте 51 адамды өлтіру әрекетін Facebook-те тікелей эфирде таратқан еді. Сол жылдың қазан айында Германиядағы содыр жаппай атыс әрекетін Twitch-те тікелей эфирде таратқан.