Astana IT университетінде конституциялық реформалар бойынша Республикалық қоғамдық қолдау штабының мүшелері елордалық жастар бірлестіктері өкілдерімен кездесті.
Жиынға қатысушылар Конституцияның ел дамуындағы рөлі мен конституциялық реформаның Жаңа Қазақстанды құрудағы маңыздылығын талқылап, өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын білдірді. Елорда жастары көкейкесті мәселелерді қозғап, ұсыныстарын да жеткізді.
Кездесуге республикалық еріктілер фронт-офисі жобасының үйлестірушісі Айбек Досымбетов, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі менеджері Әлішер Құмарғалиев, Birgemiz республикалық волонтерлік фронт-офисінің үйлестірушісі Перизат Қайратқызы, Қазақстан студенттері альянсының атқарушы директоры Азат Теңгебаев секілді белсенді жастар қатысты. Олар осы ретте де еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласатынын дәлелдеп, жиында ой-пікірлерін еркін білдірді.
«Жастарға өзгерістер мен демократия қажет. Біз басқа буынбыз және тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бостандықтың не екенін білеміз және түсінеміз, өз әлеуетімізді, арманымызды жүзеге асыру үшін бізге тең мүмкіндіктер қажет. Осыған байланысты Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында түбегейлі жаңа конституциялық тепе-теңдікті қалыптастыру міндетін қойды. Елдің саяси жүйесін жаңарту мен жаңғырту жолы қоғам мен ел өміріне жан-жақты ықпал етеді, ал Жаңа Қазақстан мен Екінші Республика жаңа тәсілдерді талап етеді. Осыған байланысты баршаңызды, әсіресе, жастарды 5 маусымда референдумға барып, Жаңа Қазақстан үшін дауыс беруге шақырамын», деді Азат Теңгебаев.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Жастар Мемлекет басшысының әрбір бастамасын оның ішінде референдумда қамтылған мәселелерді қолдайтынын бірауыздан жеткізді.