Украинаның Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытында бекініп жатқан сарбаздар қаруын тастап сыртқа шықты. Алайда мұны әр тарап түрлі жағдайда бағалап жатыр. Ресей жағы жауынгерлер тұтқынға берілді деп есептейді. Украина оқиғаны адамдардың өмірін сақтап қалу, эвакуация деп бағалады.
Дегенмен әлеуметтік желіде таралған видеоларда зауыт сыртына шыққан жауынгерлердің асай-мүсейін асынып шығып жатқаны, тексеруден өткеннен кейін автобустарға отырып жатқаны көрсетілген. Халықаралық Қызыл Крест ұйымы сарбаздарды тіркеп жатқанын мәлімдеді.
Украина тарапы алдағы уақытта «Азовстальдан» шыққан сарбаздар тұтқынға түскен Ресей жауынгерлеріне алмастырылатынын хабарлады. Дегенмен Кремль билігі зауытты қорғаған жауынгерлерді «содырларға» балап отыр.
«Соңғы тәулікте Мариупольдегі «Азовсталь» металлургиялық зауытына бекінген «Азов» ұлтшылдарының 771 содыры тұтқынға түсті. 16 мамырдан бері 1 730 содыр берілді, соның ішінде 80-і жараланған. Стационарлық емдеуді қажет ететіндеріне Донецк Халық Республикасының (мойындалмаған – авт.)Новоазовск және Донецк қалаларындағы емдеу мекемелерінде көмек көрсетіледі», делінген Ресей Қорғаныс министрлігінің Telegram каналында.
Украина президенті Володимир Зеленский Мариупольдегі эвакуациялауға қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, құтқару операциясына халықаралық ұйымдар көмектесіп жатыр.
«Украина әскерилерінің – Украина Қарулы күштерінің, барлау қызметінің, сондай-ақ келіссөздер тобының, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің және БҰҰ-ның әрекеттерінің арқасында жауынгерлеріміздің өмірін сақтап қала аламыз деп үміттенемін. Украинаға батырларымыз тірідей қажет екенін атап өткім келеді. Бұл – біздің ұстанымымыз», деді В.Зеленский.
Қысқасы, «Азовстальден» шыққан жауынгерлердің тағдыры қалай болатыны әзірге түсініксіз. Ресей думасының кейбір депутаты оларды террорист ретінде жауапқа тарту керек екенін, айырбас жасауға болмайтынын айтқан-ды. Әйтсе де, сарапшылар Мәскеудің мұндай риторикасы ішкі аудиторияға арналғанын алға тартады. Яғни, Украина мен Ресей алдағы уақытта тұтқынға түскендерді алмастыруы әбден мүмкін.
Өз кезегінде Ұлыбритания барлау қызметі Ресейде жоғары шенді офицерлер майдандағы сәтсіздіктерге байланысты жұмыстан босатылып, орнынан алынғанын хабарлады. Барлау қызметінің мәліметіне сүйенсек, генерал-лейтенант Сергей Кисель Харьков түбіндегі сәтсіздігіне байланысты босатылған. Вице-адмирал Игорь Осипов «Москва» крейсерінің суға батып кетуіне байланысты қызметінен шеттетілген көрінеді. Ресей тарапы бұған қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.
Америкалық Politico басылымының хабарлауынша, Киев билігі АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің Украинаға алыс қашықтыққа дүркірете ата алатын қарулар беруден бас тартқанына ренжулі екен.
Атап айтқанда, Киев атыс қашықтығы 300 шақырымға дейін жететін америкалық HIMARS жүйелерін беруді сұраған. Қазіргі таңда Украинада дүркірете снаряд жаудыратын кеңестік бірнеше жүйе бар. Бірақ олардың тиімділігі әлдеқайда төмен.
Украина тарапы әсіресе Донбастағы қақтығысқа мұндай жүйелер қажет деп есептейді. Өйткені HIMARS-тың атыс жылдамдығы және жойқын күші ресейлік ауыр артиллериядан асып түседі. Сондықтан соғыс тағдырын шешуге көмектеседі.
Басылымға пікір білдірген сарапшылар Ақ үйдің мұндай қару беруге асықпауында мән барын айтады. Ақ үй Украина жауынгерлері алыстағы нысанды жоятын ауыр артиллериялар арқылы Ресей аумағын атқылауы мүмкін деп есептейді. Мұндай жағдайда соғыс күрт өршіп кетуі мүмкін.
Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері Украинадағы соғыс салдарынан елдегі астық экспорты қиындағанына байланысты азық-түлік дағдарысы қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Күні кешеге дейін әлемдегі астықтың 10 пайызға жуығын Украина қамтамасыз етіп келді. Бірақ соғыс басталғалы Ресей Қара теңіздегі Украина порттарын қоршауға алды. Соның салдарынан жүздеген мың тонна астық межелі жеріне жеткен жоқ.