• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Мамыр, 2022

Елі Ескендірін еске алды

442 рет
көрсетілді

Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында бір дәуірдің мәдени тарихын әнмен кестелеген әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылығына арналған «Атамекен» атты еске алу кеші өтті. Концертте сазгердің сырлы әндері орындалып, ел білмейтін қырларынан естелік айтылды.

«Әр әнімді жазған сайын әнім елге тарай ма, әнсүйер қауымның құлағына жаға ма деген ойға түсемін. Кейде өзіме ұнаса, халыққа да ұнар деп қоя­мын...». Көзі тірісінде осылай деп тол­ғанған композиторды жүрегі әсте алда­мапты. Сезімін жарып шыққан сыр­лы әндерінің қай-қайсысы да тал­­ғампаз тыңдарманы – халқының көңі­лінен шығып, әр туындысы ән­ұран­дай ел аузынан түскен емес.

Залға ине шаншыр орын қал­дырмай сазгер рухына тағзым ете келген қалың қауым Ескендір Хасанғалиевтің ерке сезімге толы есті әнде­рін әншілермен қосыла шыр­қап, концерттің көрігін қыз­дырды. Эстрада әншілері Қазақ­станның халық әртісі Роза Рым­баеваның орын­дауындағы «Әде­мі-ау», Жеңіс Ысқақова шырқаған «Асыл арман», Гүл­нұр Ора­зым­бетова айтқан «Ал­матының алмасы», «МұзАрт» тобы шырқаған «Анаға сә­лем», «Есіңе ал», Медет Салы­қов пен Кла­ра Төленбаева төгілт­кен «Елігім-еркем» және тағы да басқа әуезді әндер Ха­сан­ғалиевтің мәңгілікке бет бұрған екін­ші ғұмырының басталғанын паш еткендей.

– Құрметті халқым! Осы кешке жиналып, бойындағы барын халқына арнаған Ес­кен­дір Хасанғалиевті еске алып, рухына тағзым ете келген бар­шаңызға басымды иіп, зор алғысымды білдіремін. Елі барда, әнді жүрегімен түсінер есті тыңдарманы барда Ескендірдің есімі мәңгі жасайды. Өмірден өткеніне бір жыл толды. Хал­қының сүйікті компо­зи­торын сағынғанын көріп ерекше толқып отырмын. Рахмет сіз­дерге, – деп сазгердің артында қалған сүйікті жары Дарико Со­пыжанқызы жиналған жұрт­шылыққа ризашылығын білдіріп, кешті ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне, қала әкімі Алтай Көлгіновке алғы­сын жеткізді.

Ескендір Хасанғалиевті еске алған кештің тағы бір ерекшелігі – концертте композитордың ұлы Біржан мен немересі Нұрсұлтан атасының әйгілі «Айым болып тудың ба?» әнін қосыла шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сахнаға алғаш шыққан Нұрсұлтанның өнері жұртшылықты тәнті етіп, ата жолын қуған баланың болашағы зор үміт күттіретінін де айқын аңғартты. Концерт халқымыздың бейресми ән­ұранына айналған рух­ты да қуатты «Атамекен» әні­мен түйінделді. Кешке қаты­сушылармен қосыла шырқаған көрермен даусы сахнадағы әншілер үнін көміп кетті. Бұл – қазақтың біртуар перзенті, рухты ұлы, сүйікті композиторына деген халқының өшпес, өлмес мәңгілік сағынышы еді...