Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов биыл елімізде 10 мың орындық 31 жатақхана пайдалануға берілетінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Студент жастар үшін өзекті мәселелердің бірі жатақхана тапшылығы. Оны жүйелі шешу мақсатында соңғы 3 жылда 30 мың орын берілді. Биыл 10 мың орындық 31 жатақхана пайдалануға беріледі», деді ол.
Сондай-ақ жастардың тегін білім алуына мүмкіндіктер кеңейтіліп жатқанын айтты.
«2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарын 50 пайызға ұлғайту жоспарланған. Оның ішінде мектеп бітіретіндердің орташа көрсеткіші жалпы республикалық деңгейден төмен өңірлердің жастарына өзге өңірлердегі университеттерде білім алуы үшін биыл алғаш рет мақсатты 10 мың грант бөлінеді», деді Е. Тоғжанов.
Оның айтуынша, бұл аталған өңір жастарының білімін лайықты деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі шешім.
«2025 жылға дейін студенттер стипендиясы жыл сайын 20%-ға, ал магистранттар мен докторанттар стипендиясы 15%-ға артады. Бұл жалпы 130 мыңға жуық студент, докторантты қамтиды», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Аяна Тоғанбек