Ұзындығы 1 мың шақырымнан асатын «Астрахань-Маңғыстау» су құбыры 80 пайызға тозған. Күрделі жөндеу қажеттігі туындап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданындағы «Қиғаш» су сорғы стансасына арнайы барды. Станса басшысы Хамит Қабыловтың мәлімдеуінше, нысанның қуаты тәулігіне 260 мың текше метрге есептелген. Бірақ қазір тәуліктік қуаты – 110 мың текше метр.
«Атырау, Маңғыстау облыстарының елді мекендері осы құбыр арқылы ауыз сумен қамтылады. Екі облысты ауыз сумен жабдықтайтын құбырдың желілері, сору, сүзу қондырғылары ескірген. Ал, Қиғаш ауылындағы станса 1987 жылы салынған. Ғимаратқа соңғы рет 2010 жылы «Қазтрансойл» АҚ компаниясының қаржыландырумен күрделі жөндеу жүргізілді. Аталған стансаға, суасты жабдығына, сумен жабдықтайтын сорғыларға күрделі жөндеу қажет болып тұр», дейді Хамит Қабылов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы сәуірде «Астрахань-Маңғыстау» су құбырын жаңартуды тапсырған еді. Президент облыс тұрғындарының бір бөлігі және өңірдегі бірқатар ірі мұнай өндіруші компания осы магистраль суын тұтынып отырғанына назар аударған болатын.
«Осыған байланысты тек Атырау ғана емес, аталған су құбырын пайдаланып отырған Маңғыстау облысына да су беруде шектеулер болуының ықтималдығы жоғары. Бұл - бүкіл тұрғынды алаңдатқан, қордаланған мәселе. Оны шешетін уақыт жетті. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына «Астрахань-Маңғыстау» су құбырын жаңғырту және жаңартуды қамтамасыз етуді тапсырамын», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аяна Тоғанбек