Сенатта «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Іс-шараға қатысушылар еліміздің жастар саясаты мәселелерін жан-жақты талқылады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жиында жастардың жаңғыртудың басты қозғаушысы, ел Президенті ұсынған Жаңа Қазақстан тұжырымдамасының жаңару көзі болып саналатынын атап өтті. Төраға қаңтар оқиғасы қазіргі жастар саясатын түбегейлі қайта қарауды талап еткенін жеткізді.
«Қасіретті қаңтар оқиғасы жағдайы төмен жастардың проблемасы қаншалықты өзекті екенін көрсетіп берді. Сол кезде көшеге шыққан жастардың көбінің сапалы білімі, тұрақты жұмысы және табысы болмағаны белгілі. Осындай жастарымызды әртүрлі деструктивті күштердің қаншалықты оңай пайдаланып кете алатынын да көрдік. Бұл біз үшін ең маңызды сабақ болды және жалпыұлттық күн тәртібінің негізгі басымдығына айналды», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы шұғыл, жүйелі және кешенді шешімдерді талап ететін бірқатар өткір әлеуметтік-экономикалық проблемаға тоқталды. Бірінші кезекте сапалы білімге қол жеткізу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, қалалық және ауылдық мектептердегі білім сапасы арасындағы алшақтық мәселесі белгілі. Мұны ҰБТ нәтижелері көрсетіп отыр.
«Пандемия кезінде интернетке қол жеткізу қала мен ауылда біркелкі болған жоқ. Оның салдары алшақтықтың тағы да ұлғаюына әкеліп соқтырды. Ал сапалы білімнің тең дәрежеде қолжетімді болмауы әлеуметтік теңсіздіктің ең басты себептерінің бірі екені сөзсіз», деді Палата Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, жастардың тағы бір басты мәселесі – жұмыссыздық болып отыр. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың ресми деңгейі салыстырмалы түрде төмен, бірақ тәуелсіз ұйымдардың балама зерттеулері басқа мәліметтерді көрсетеді.
«Тәуелсіз ұйымдардың сауалдамаларына сәйкес, 25-29 жас аралығындағы топта респонденттердің шамамен 12 пайызы әлі тұрақты жұмыс істемеген. Жоғары білім туралы дипломы бар қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жұмыс орындарын құруға және жастар практикасына бағытталатын бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы сондай-ақ жастар кәсіпкерлігін қолдау жөнінде нақты әрі пәрменді саясат жоқ екенін мәлімдеді.
«Жастар өз бизнесін ашудан бас тартудың себептерін 32 пайыздық бастапқы капиталдың жоқтығын және 18 пайыздық өзіндік бизнесті құру үшін білімнің жетіспейтіндігін айтады. Осыған байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларының тиімділігіне қатысты мәселелер туындайды, оларға қомақты бюджет қаражаты, оның ішінде «Атамекен» ҰКП желісі бойынша да бағытталады», деді Мәулен Әшімбаев.
Парламенттік тыңдауға қатысушылар жастар үшін маңызды мәселелердің бірі тұрғын үймен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Қазіргі уақытта жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы жұмыс істейді. Дегенмен тұрғын үй мәселесінің өткірлігін ескере отырып, бұл шаралар жеткіліксіз екеніне назар аударды. Осы тұрғыда жастар саясаты жастардың нақты проблемалары мен қажеттілігінен алшақ жатқанын атап өтті.
«Мемлекет жастар саясаты саласында түрлі бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруда, алайда оған жастардың тартылу деңгейі төмен. Көбінесе ол 10%-дан аспайды. Жастардың республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының жұмысына қатысу деңгейі де төмен», деді Сенат Төрағасы.
Іс-шара барысында жастардың құндылықтар жүйесін қалыптастыру мәселелері де көтерілді. Келтірілген деректер бойынша қазақстандық жастар негізінен дәстүрлі құндылықтарды ұстанады. Ал кәсіп, өзін-өзі тану, шығармашылық және қоғамдық танылу сияқты жаңғыру құндылықтарының біздің жастар үшін аса маңызы жоқ. Мәулен Әшімбаев осы мысалдарды келтіре отырып, отбасы мен достықтың дәстүрлі құндылықтарын сақтау, сондай-ақ жастарға инновациялық экономика қалыптастыру үшін қажетті құндылықтарды сіңіру маңызды екенін атап өтті.
Парламенттік тыңдау барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, жастар саясаты саласында атқарылған жұмыстар, проблемалар мен олардың шешу жолдары туралы айтып берді.
Мәселен, қазіргі таңда Қазақстан халқының 20 пайызын жастар құрайды. Е.Тоғжанов Үкімет жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бойынша кешенді жұмыстарды іске асырып жатқанын жеткізді. Осы мақсатта басты басымдық жас ұрпақтың бәсекеге қабілетті болуына жол ашатын сапалы білім беруге беріліп отыр.
«Биылдан бастап мектеп пен ата-ананың тәрбие процесіндегі өзара жауапкершілігіне арналған «оқушы – мектеп – ата-ана» бірлескен жұмыс форматы енгізілді. Бұл ата-аналар қауымдастығын мектептегі тәрбие ісіне көптеп тартуға бағытталған. Еңбекке баулудың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор екені белгілі. Сондықтан жаңа оқу жылында 1-сыныптан бастап «Еңбекке баулу» пәні қайта енгізіледі. Жоба ретінде мектептер жанында жылыжайлар ашу қолға алынады. Бүгіннің өзінде мектептердің 7 пайызында осындай тәжірибе бар», деді Е.Тоғжанов.
Оның айтуынша, алғаш рет биылдан бастап мектептерде 7-сыныптан бастап болашақ мамандықты таңдауға бағыттайтын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» маманы енгізіледі. Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығына тоқталды. Мұндай келеңсіздікті жою үшін мектептерді модернизациялау жүргізіліп жатқан көрінеді. Кейінгі екі жылда 2 мыңнан аса ауыл мектебі жаңғырған екен. Бұдан бөлек, үздік педагогтерді өңірлерге тартуға арналған арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр.
«Елімізде 490 мыңға жуық жас колледждерде білім алады. Бүгінде олардың 40 пайыздан астамы ақылы негізде оқып жатыр. 2025 жылға қарай кезең-кезеңімен жастарға техникалық және кәсіптік білім беру толығымен тегін болады. Биылдың өзінде осы мақсатта 45 мың қосымша грант бөлінді. Колледждердегі білім беруді еңбек нарығына бейімдеу үшін академиялық еркіндік енгізілді. Оқу бағдарламалары толығымен жаңартылды.
Жоғары білім саласында бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін әлемдік үздік университеттер филиалдарын елімізде ашу қолға алынды. Былтыр Алматы қаласында британдық Де-Монфорт университетінің филиалы құрылды. Жаңа оқу жылынан бастап М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Аризона университетімен бірлесіп маман даярлау жобасы іске қосылады. Бұл жастарға шетелге шықпастан, әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған университеттерде білім алуға, ата-аналарға шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Жастардың тегін негізде жоғары білім алуына мүмкіндік жасау мақсатында 2025 жылға қарай мемлекеттік білім гранттарын 50 пайызға ұлғайту жоспарланған. Осы уақытқа дейін студенттер стипендиясы жыл сайын 20 пайызға, ал магистранттар мен докторанттар стипендиясы 15 пайызға артады. Жатақхана тапшылығын шешу үшін кейінгі 3 жылда 30 мың орын берілді. Биыл 10 мың орындық 31 жатақхана құрылысы аяқталмақ.
«Халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында 4 жыл ішінде 160 мыңнан аса жас азамат «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобаларымен 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантпен қамтылатын болады. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жастар практикасына қатысу мерзімі 6 айдан 12 айға дейін, ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды. Сонымен қатар оған қатысатындардың субсидияланатын жалақы мөлшері 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды», деді Е.Тоғжанов.
Сонымен қатар ол жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға берілетін жыл сайынғы өтеусіз 10 мың грант көлемі 600 мың теңгеден 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайтылғанын айтты.
«Бағдарлама аясында 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл жобаларды іске асыру кезінде жастар да жұмысқа тартылады. Атап айтсақ, жыл басынан бері осындай инвестициялық жобалар аясында жұмыспен қамтылған 100 мың адамның арасында жастардың үлесі 44 мың адам болды», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Премьер-Министрдің орынбасары жастарды жұмыспен қамтудың жаңа бағыттарының бірі – креативті индустрия мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде жастар жұмысқа орналасу кезінде тәжірибесі және таңдаған мамандығына сұраныстың аздығынан қиындыққа тап болып отыр. Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін халықаралық тәжірибеге сәйкес жастарды экономикаға нақты қажетті мамандықтарға бағыттау бойынша шаралар қабылданып жатыр.
«Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбектің жетекшілігімен Павлодар облысында Жаңа кәсіптер атласы тәжірибеден өтті. Осы тәжірибенің негізінде кадрларға сұраныстың өңірлік карталары әзірленіп, қолданысқа енгізіледі. Колледждер жанынан студенттерге тәжірибе жинақтауға арналған 100 шағын кәсіпорын құру іске асырылады. 410 колледжге қамқорлықты жүзеге асыру бойынша 500-ге жуық кәсіпорынмен келісімдерге қол қойылды. Университеттерде студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін 100-ден аса карьералық орталық құрылып жатыр. Жоғары оқу орындарына түлектерге диплом беріп қана қоймай, олардың жұмысқа орналасуына көмектесу, сүйемелдеу міндеті жүктеліп отыр. Мұның барлығы жастардың мамандықты дұрыс таңдап, нарыққа қажетті біліктілік пен шеберлікке үйреніп, өмірде өзінің лайықты орнын табуына ықпал етері сөзсіз», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бұдан бөлек Е.Тоғжанов жастар арасындағы құмар ойын, есірткіге тәуелділік мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда уәкілетті органдар заңнамада белгіленген тәртіппен тыйым салынған интернет-казиноларды анықтап, бұғаттау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері интернет-казино қызметінің 350-ден аса фактісі анықталған екен.
«Онлайн-казиноға қарсы күрес бағытында заңнамалық түзетулер жобасы әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, интернет-казино ұйымдастырушылары тізбесін жүргізу, казиноларға әрі ойын автоматтары залдарына кредит карталары арқылы төлемдер жасауға тыйым салу, сондай-ақ адамдарда кредит тарихы нашар болса, олардан ставка қабылдауға тыйым салу қарастырылып отыр. Интернет-казино ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу мәселелерін ескеріп отырмыз», деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сонымен қатар ол жастар арасында есірткі заттарының таралуына қарсы және нашақорлықтың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанын да жеткізді. Жыл басынан бері құқық қорғау органдары мыңнан аса есірткі қылмысын анықтаған, оның 734-і есірткіні таратуға қатысты.
Бұдан бөлек Үкімет басшысының орынбасары жастарды тұрғын үймен қамту, денсаулық сақтау, спортпен айналысу мәселелеріне тоқталды. Жиын барысында Сенаторлар, жастар ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері жастар саясатына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Іс-шара аяқталғаннан кейін бірқатар ұсыным әзірленіп, Үкіметке жіберілді.