Елордада алғаш рет Күй жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мәдени-рухани іс-шара Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтыны сілтеме жасап.
Биыл алғаш рет қолға алынған іс-шараға мектеп оқушылары, студенттер мен қоғам және өнер қайраткерлері қатысты. Жиында 100-ге жуық адам Дина Нұрпейісова мен өзге де танымал композиторлардың туындыларын орындап, бар өнерін ортаға салды.
Халықтың қошеметіне бөленіп, күйді шебер тартқандарға арнайы сый-сияпаттар берілді. Ал үздік өнерпазға үкілі домбыра мен «Дина Нұрпейісованың 25 күйі жазылған жинақ» табысталды.
Айта кетейік, Дина Нұрпейісованың ескерткіші былтыр 3 шілдеде «Ұлттық домбыра күні» қарсаңында ашылған.
«Бағдарлама бойынша Дина Нұрпейісованың бірнеше күйі орындалды. Басты мақсатымыз – жастарды халқымыздың төл өнеріне баулу, осы арқылы еліміздің патриот жастарын тәрбиелеу. Осындай күй жәрмеңкесін дәстүрлі түрде өткізіп тұруды қолға алдық. Ай сайын осы жерге халық жиналып, күй тыңдайтын болса, одан артық бізге қандай бақыт керек. Келіп, көремін деген жандар өнерімізді тегін тамашалай алады. Ұлттық өнерді сүйетін қауымға ниет-пейіліміз әрқашан ашық», дейді «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев.
Іс-шара барысында қоғам және өнер қайраткерлері Дина Нұрпейісованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, маңайына 15 шырша ағашын отырғызды.
Аяна Тоғанбек