«Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияға өзгерістер енгізу – Жаңа Қазақстанды құруға тікелей қатысу деген сөз». Бұл – Birgemiz республикалық волонтерлер фронт-кеңсесіндегі пікірталас алаңына жиналған жас буынның ортаға салған ойлары.
Еркін ой мен ашық пікір алмасу алаңында ерікті жастар референдумды қолдайтындарын айтып, 5 маусым күні барлығы бірігіп саяси өзгеріске өз үлестерін қосатынын жеткізді.
Пікірталас алаңында Birgemiz республикалық волонтерлер фронт-кеңсесінің бас үйлестірушісі Айбек Досымбетов, Amanat партиясы Қоғамдық саяси институты директорының орынбасары, республикалық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі Динара Сәдуақасова, «Ұлан-ғайыр дала елі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Уәлихан Бахретдинов, «Қазақстан жастар конгресі» қауымдастығы нысанындағы ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов, облыстық және қалалық мәслихаттардың жас депутаттары, волонтерлердің аймақтық фронт-кеңселерінің жетекшілері, волонтерлік ұйымдар, бастамашыл топтар мен еріктілер өзара сөз жарыстырды. Талқылау барысында қатысушылар конституциялық реформа және референдум өткізу, референдумға шақыру жұмыстары туралы ойларымен бөлісті.
Волонтерлік қозғалысты дамыту Жаңа Қазақстанды жүзеге асыру жолында маңызды рөл атқарады. Волонтерлер – азаматтық қоғамның белсенді бөлігі ретінде мемлекеттің қоғамдық-саяси жүйесіндегі өзекті өзгерістерді тізбектеді. Басқосу барысында А.Досымбетов республика көлемінде волонтерлер өткізіп жатқан үгіт-насихат жұмыстарына тоқталды. Ақпараттандыруға 400-ден астам волонтерлік ұйым мүшелері мен белсенді еріктілері қатысып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Д.Сәдуақасова: «Мен барлық волонтерді референдумға қатысуға, халық арасында кеңінен насихаттауға шақырамын. Өйткені бұл – біздің азаматтық ұстанымымыз. Біз референдумды саяси процесті одан әрі жаңғыртуға әкелетін қадамдардың бірі екенін түсінуге тиіспіз», деп қолдау білдірді. «Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, барлығымыздың бағытымыз бір. Сол себепті алдағы уақытта референдумға біз де өз тарапымыздан барынша елді ақпараттандырып, жастармен және волонтерлермен бірге жұмыс істеп келеміз. Әрбір адам өз таңдауын еркін түрде жасауы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен сенім артып отыр», деп ерікті жастарды белсенді болуға шақырды Дәурен Рахымбек.
Birgemiz республикалық волонтерлер фронт-кеңсесі қоғамдық бастамаға қосылып, референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі республикалық штаб құрамына кірді. Облыстардағы волонтерлермен жұмысты облыстық штабпен бірлесіп, волонтерлердің өңірлік фронт-кеңселерінің басшылары мен мамандары жүргізуде.