Польшаның Владиславово қаласында үстел теннисінен өткен WTT Youth Contender атты халықаралық турнирде қарағандылық шебер Алан Құрманғалиев қарсыластарын қоғадай жапырып, чемпион атанды, деп жазады Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлемнің 33 елінен 260-тан астам теннисші бақ сынаған додада ол U-15 жас санаты бойынша өнер көрсетіп, жеті бірдей қарсыласын қапы қалдырды. Ал финалдық жекпе-жекте Алан француз спортшысы Антуан Нуароны 3-1 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстан Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин жас дарынның бұл турнирдегі толайым табысының кездейсоқтық емес екенін атап өтті.
– Біз мұны халықаралық рейтингтік турнирлердегі орасан зор еңбек пен тұрақты өнер көрсетудің заңды нәтижесі ретінде қарастырамыз. Соңғы кезеңде Алан ITTF халықаралық турнирлерінде әртүрлі дәрежедегі 13 медальді жеңіп алды және 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемдік рейтингте бірінші орында келеді. Алан Құрманғалиев пен жаттықтырушы Эльмира Әлиеваны шын жүректен құттықтаймын және оларға халықаралық спорт аренасында жаңа жеңістер тілеймін, – деп құттықтады ол теннисші мен оның бапкерін.
Еске салар болсақ, бұдан бұрын Алан Құрманғалиев дәл осы турнирде U-17 жас санатында сынға түсіп, тек финалда оңтүстіккореялық теннисші Чжун Сунға ғана есе жіберген болатын.