• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Мамыр, 2022

Алтау ала болса...

2907 рет
көрсетілді

Атам қазақ: «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса – төбедегі келеді» деген емес пе? Ал алтауды ала болдыратын не? Әрине, алауыздық. Осы қасіреттің зардабын көп тартқан халықтың бірі – қазақ. Оның бұл осалдығын жаулары жақсы пайдалана білді. Абай атамыз Үшін­ші қарасөзінде: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш бола­тұғынының себебі не?» деп налитыны бар да, әрі қарай өзіне-өзі «мұндай күйге қалай түстік?» деп көлденең сауал тастай­ды да, оған «Етінен өткен, сүйегіне жет­кен, атадан мирас алған, ананың сүті­ме­нен біткен надандық әлдеқашан адам­шылықтан кетірді» деп (41-қарасөз) жауап береді.

Осы орайда ортағасырлық мұсылман мәдениетінің ірі өкілі, ойшыл ғұлама Ахмад ибн Рушд, қандай да бір халықтың қор болуына оның жаһилдігі (надандығы) себеп деген екен. Яки бұқараны надандыққа жетектейтін дүние – білімнен алыстауы. «Білімсіз адам – білтесіз шам сияқты» дегендей, ол жарық шашпайды. Басқаның қорлауына, саяси-тарихи таным тұрғысынан айтқанда отарлық қамытын киюге бейім күйге ұшырайды. Өткен ғасыр басында ақын Мағжан Жұмабев айтқандай қазақ халқы «Ұйқы басқан қабағын, Бастыра киген тымағын, Жалқаулықты жар көрген. Жүрген ескі заңымен, Алдындағы малымен, Бірге жусап, бірге өрген» қауымға айналды да патшалық Ресейдің отарлауына тап болды.

Бұл үрдіс көшпелі өмірден әлі ажырама­ған халықтың сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан қоғамдық қатынасы мен өмір сү­ру дағдысын өзгертіп жіберді. Ең сора­қысы, елі­шілік береке-бірлікке және тұстастыққа нұқ­сан келтіретін заң-жарғы­лар қабылданды. Мы­салы, 1868 жылы «Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарын басқару жайлы уақытша ере­же» қабылданып, қазақ арасындағы аға сұл­­тандық билік жойылып, Ресейдің басқа­ру жүйесін жақтайтын болыстық басқару қабылданды.

«Жоғарыда қабылданған жаңа низам ере­жесінің негізінде, – деп жазады үлкен қаламгер Әбіш Кекілбаев: – Ел ішінде алауыздық пен берекесіздік өршіп кетті, байырғы қалыптасқан ел билеу жүйесі әдейі аяққа басылды, жаңадан «уездный начальник», «земский начальник» дейтіндер пайда болды. Қазақ даласы дәстүрлі мемлекеттік сипатынан айырылды, басқа топырақта қалыптасқан бюрократтық билеу жүйесі күшпен телінді. Елден гөрі өз басын, ұлттан гөрі ағайынын көбірек қамтып, ақылдан гөрі айла-шарғыны көбірек малданатын пысықайлардың «партияшыл», «топшыл» күресі етек жайды. Ру-ру болып, ата-ата болып, билікке таласу да содан шықты», деп баян етсе, 1914 жылы «Айқап» журналының 13-санында жарияланған, ІІ Екатерина пат­шайымның қолы қойылған «Қазақ жерін отар­лау жоспары» жайлы құпия жарғыда: «Қа­зақ­тың ру басылары мен сұлтандарын бірі­мен-бірін араз қылып, бірімен-бірін иттей таластырып, бірінің етін бірі жейтіндей іс қылу керек. Ол үшін атам заманнан қалып­­тасқан хандық билікті алып тастау арқы­лы, қара қазақтың билікқұмар нәпсісін оятып, арасына от тастап, быт-шыт ету керек» делінгені жайлы мәлімет айтылыпты (Қ.Әбуов. Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» бет­те­рінен. Алматы, «Қазақстан». 1994 ж. 47-б) .

«Өйткені отаршылар әуелі, қазақ қоғамы­ның рулық тұтастығы жүйелене отырып, қоғам­дық басқарудың биік иерархиясы хандық билікті берік ұстап тұрғанын жақсы білді. Өйткені қазақ халқының дәстүрлі ру-тайпалық жүйесі мен сол жүйеге орайласа қалыптасқан потестарлы-саяси құрылымын жоймайынша, қазақ қоғамына толық үстемдік ету мүмкін емес еді», деп жазады жазушы Ақселеу Сейдімбек 2008 жылы жарық көрген «Қазақтың ауызша тарихы» атты көлемді монографиясында.

Сөйтіп, отарлаушы сыртқы күш қазақтар­дың ішкі ісіне араласып, әсіресе ру-жүздердің әскери-саяси жағынан басын қоспауға қатты әрекет жасап, тайпалық одақ арасына от салып елішілік араздықты қоздыруды көздеді. Ақырында, олар қазақ қоғамын рулық бөлшек­теу арқылы ғасырлық қалыптасқан бітім-құры­лымын, ұлыстық тұтастығын, ағайынаралық береке-бірлігін бұзудың өте бір таптырмас теті­гін тапты және оны жүйелі түрде, заң мен әскери құрылым күштерді пайдалана отырып, іске асырды.

Мұндай келеңсіз құбылыстарды тоқтатуға аға сұлтандардың шамасы да келмеді, билігі де болмады. Ғалым Тұрсын Жұртбай айтқандай, қарадан шыққан аға сұлтандардың дабырайған аты ғана болды. Барлық істі қасындағы көмек­ші екі орыс майоры жүргізді. Болыс сайлау рулық құрамды әдейі есепке алмай, терри­ториялық бөлік бойынша жүргізілді. Бұл аралас рулардың ортасына от тастағанмен бірдей болды.