«Жаңа Қазақстан құрамыз десек, тарихи сананы жаңғыртуымыз қажет», дейді ғалымдар. Алматы, Тараз, Ақтөбе, Қостанай, Орал өңірлерінен келген зерттеушілер елордада бас қосып, тарих, саясаттану, философия, этнология, этнография, археология, әдебиеттің өзекті мәселелерін сөз етті.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Жаңа Қазақстан: тарихи сананы модернизациялау контекстіндегі Еуразияның этностары мен мәдениеттері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиында этносаралық және ұлтаралық келісім мәселелеріне, Еуразия этностарының мәдени мұрасын сақтау, этноәлеуметтік, этнолингвистикалық және діни үдерістерге ерекше назар аударылды.
Этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелерін сөз еткен зерттеуші ғалымдар мен сарапшылар елдегі этносаралық тұрақтылық, түрлі ұлт өкілдерінің қазақ жеріне қоныстануы, Ассамблеяның маңыздылығына және олардың Жаңа Қазақстан құрудағы рөліне тоқталды. Ғалымдар баяндаған деректерді сараптайтын болсақ, бүгінгі күні Қазақстандағы этносаяси жағдай тұрақты және әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы айқын және ашық дау-жанжал байқалмайды. Этносаралық келісім мәселесі жөнінде билік құрылымдарына деген қоғамдағы сенімділік деңгейі жоғары. Мұны жиынға қатысушылар шетел сарапшыларының Қазақстан туралы айтқан пікірлерімен нақтылап өтті.
Мәселен, Ұлыбританияның қоғам қайраткері, жазушы Джонатан Айткен «Казахстан. Сюрпризы и стереотипы» деген еңбегінде еліміздің бірнеше жетістіктерін атаған. Соның ішінде ол республика халқының толеранттылығын ерекше атап өтеді. «Қазақстанда 140 ұлт пен этностың өкілдері тұрады. Республика халқының жастары өте белсенді және болашаққа үмітпен қарайды. Елде ұлтаралық келісім, толеранттылық және адамдардың бір-біріне сенімі бар», деп жазды ағылшын жазушысы. Сондай-ақ, ресейлік танымал сарапшы Рой Медведев еліміз туралы: «Қазақстан – көпұлтты және ұлтаралық келісім тұрақтылығының негізін қалаған ел. Қазақстанда 11 тілде хабар таратылады. Билік органдарында және Президент Әкімшілігінде 64 ұлттың өкілі жұмыс істейді. ТМД-ның ешбір елінде нақ осындай жағдай туғызылмаған. Қазақтар «бетке ұстар ұлтқа» айналды және мұнымен санаспауға болмайды», деп пікір білдірді.
Конференцияның пленарлық отырысында сөз алған Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов: «Қазақстанда қоныстанған көпэтносты халқымыздың азаматтық, ашық, зайырлы, демократиялық саяси-экономикалық жағынан тәуелсіз қоғам орнатуға бір кісідей жұмылған. Біртұтас Қазақстан халының толеранттылығын, конфессияаралық және ұлтаралық келісімін, туысқандық бірлігі мен достығын одан әрі дамытып, нығайтуды көздеген Қазақстан халқы Ассамблеясы өз алдына қойған мақсаттарын абыройлы атқаруда. Оны біз бүгінгі таңдағы еліміздің экономикасының дамуы мен елдегі саяси тұрақтылықтан және Қазақстанды мекен ететін барлық ұлыстар мен ұлттардың бір кісідей жұмылып, оны әлемнің дамыған зайырлы мемлекеттері қатарына қосуға деген ұмтылыстарынан байқаймыз», деп атап өтті.
Ғылыми конференцияда өзге ұлт өкілдерінің елге келуі, қоныстану тарихын қозғаған ғалымдар қызықты деректермен бөлісті. Педагогика ғылымдарының кандидаттары Сейітқали Дүйсен мен Жабай Қалиев Ақмола өңіріне жер аударылған поляктар, поляк балалар үйлерінің жағдайы және оларды еліне қайтару мәселесіне тоқталды. Сарапшылар Қазақстанда қоныстанған поляк этнос туралы түрлі деректерді салыстыра отырып, олардың басым бөлігі қазақ жеріне кеңестік дәуірде келгендерін айтты.
Поляктар қазақ жеріне әртүрлі жағдайлардың әсерімен келген. Патшалы Ресей кезінде Ақмола облысына қоныстанған поляктар саны туралы мәліметтер әртүрлі. Мұны ғалымдар Ресей империясы және Кеңес өкіметі кезінде Ақмола облысының әкімшілік-территориялық аумағының бірнеше рет өзгеруімен байланыстырады. «Поляктардың Қазақстанға екінші рет келуі XX ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО-да орын алған саяси қуғын-сүргін мен халықтар депортациясына поляктар да ұшырған. Сол жылдары Украинадан Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарына 15 мың поляк және неміс колхоз шаруашылығы жеткізіліп, қоныстандырылды. 1940 жылғы 18 қазандағы Кеңес үкіметінің қаулысы бойынша Қазақстанға Украинадан – 6478, Белоруссиядан 203 поляк отбасы көшірілген. Депортацияға ұшыраған поляк балаларының жағдайы ауыр болды. Қазақстанда арнайы поляк балалар үйлері ашылды. Ақмола облысының Атбасар қаласындағы балалар үйінде 97 поляк баласы білім алған. Поляк Республикасы елшілігінің 1941 жылы 15 желтоқсандағы өтініші бойынша Кеңес үкіметі негізінен Орта Азия республикаларында орналастырылған 500 поляк балаларын қайтаруға келісім берді. Осы келісімге сәйкес 1942 жылы мамырда Ақмола балалар үйінен Иран мен Үндістан елдері арқылы балалар жөнелту жүзеге асырылды», деген деректер келтірді Сейітқали Дүйсен.
Осындай тарихи деректер көп келтірілген ғылыми-тәжірибелік конференцияны қорытындылаған тарих ғылымдарының кандидаты, университеттің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Өмірбай Бекмағанбетов іс-шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Конференцияға қатысқан еліміздің жоғары оқу орындарының магистранттары мен докторанттары, мектеп мұғалімдері, музей қызметкерлері зерттеу жұмыстарына арқау болар мәлімет жинағанын айтты. Конференция қорытындысы бойынша «Жаңа Қазақстан: тарихи сананы модернизациялау контекстіндегі Еуразияның этностары мен мәдениеттері» тақырыбындағы ғылыми еңбектердің электронды жинағы жарық көрмек.