Сағидың ғажап өлеңі бар. Ғаламторда жоқ, кітабын бастап не аяқтап та тұрмаған, елеусіз туынды сияқты, бір оқып өтесіз де, кейін іздеп таппай қаласыз. «Жатырмын небір түс көріп» деп басталады. Оқыған болсаңыз жүрегіңіз бүлк еткен де шығар. Себебі жабулы тақырыпты жазады ақын.
Жабулы дегенде саяси тұрғыда емес, адам жанының аса бір нәзік, қылдан жіңішке, қылыштан өткір сезімін қозғайды дер едік. Әркімнің ішінде жабулы кететін дәптерде түртулі тақырыптар олар. Оны ашып қозғаса, о-ой, нағыз өмір сол сияқты... Бірақ оның көбі жабулы кетеді, негізі соны айтқысы келіп тұрса да, дәті жетіп ешкім де бармайды ол тақырыптарға. Ал ақындардың басына келгенде, «өлең, шіркін, өсекші жұртқа жаяр» емес пе? Сағи сондай ақын, «жүрегінің түбіне кір жасырмаған» кіршіксіз ақын.
«Жатырмын небір түс көріп» өлеңі елеусіз, қатардағы шығарма сияқты еппен өріледі. Алғашқы жолдарынан-ақ Сағидың сыршыл жұмсақтығы табиғат лирикасына шомдырғандай күйге бөлеп ала жөнеледі. Сөйтеді де үшінші шумақта бір-ақ түседі ақын:
«...Жайсыз бір ойға қия алмай,
Жанарың талай талды кеп.
Жантая кеттім ұялмай,
Жігіттер ұстап қалды деп.
Маужырап, кейбір түндері
Ұйқылы көзбен қарсы алдың.
Күмілжіп тілім күрмеліп,
«Бильярд ойнап» дей салдым.
Құпия – сезім елесі,
Тұрған да шығар көзімде,
Дәлелім – дәлел емесін
Сеземін іштей өзім де.
Төбемде түйдек бұлт өріп,
Тұла бой талай ысынды.
Жатасың үнсіз бүркеніп,
Үндемей құртып мысымды...»
Бұл жерде 12 шумақтан жырымдап, қысқартып алып отырмыз өлеңді. Толық оқыса тұтас картина сөйлеп шыға келеді. Және әлгіндей жағдайда әйел мен ер арасындағы ұрыс-керіссіз, мәлім де беймәлім, бірақ бәрі түсінікті һәм тілсіз тіл. Тілмен жеткізу мүмкін емес оны, негізі. Бірақ Сағи ақын жеткізген. Жеткізгенде де, суреттей отырып сезіндіріп, түйсіндіре білген. Көптеген ақын аттап баса алмаған көзге түспес алтын жүлгелер жатады кеңістікте. Соның ішін түйсікпен қыдыру ақынның ақынының қолынан келеді. Автор жеткен оған.
Дәл осы тақырыпты бертінде Есенғали Раушанов та жазыпты. Ол кісі «Поэзия» атапты өлең тақырыбын. Есенғали аға алпыс жасқа толған мерейтойында айтқаны еске түседі осындайда. «Жастарға айтар едім, бізді ғана оқи бермей, бізден бұрын өткен ағаларды да оқып тұрыңдар» деп Ғафу Қайырбеков пен Сағи Жиенбаев туралы көңіл көтеретін бір әңгіменің шетін шығара кетті. «Себебі біз туралы көп айтылып кетсе, сол ағаларым айтылмай қалды-ау деп қарадай қысылам» деген сыңайда сабақтап еді сөзін.
Сағидың да, Есенғалидың да өлеңдерінің тақырыбы бір. Екеуі егіз дүние дер едік. Жүрек түкпіріндегі жабулы дәптерде көрінер-көрінбес болмашы жазулармен түртулі тақырып ол. Сағидың туындысы сәл ұзақтау – 12 шумақ болса, Есенғалидыкі – 5-ақ шумақ. Ұзын өрісті тарылтпаған, есесіне кейінгі автор оқиғаны сығымдап, мағынаны тереңдетіп жіберген. Біздің пайымша, қазақ өлеңінің ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдағы аражігін осы жерден аңғаруға болатын сияқты. Бүгінде жарияға шыққан барлық өлең осы биіктен көрінеді, ХХІ ғасырдағы жаңа поэзия ХХ ғасырды тұтасымен шаң қаптырып кетті деген сөз емес және.
Сағи бірінші жақтан жеткізіп, табиғатпен астастырып өрсе, Ес-ағаң үшінші жақтан, оқиға сыртына шығып алып жеткізеді. Бірінші жолдан баурап алады автор оқырманды:
«Сәуірдің түні. Қыздың деміндей жылы ауа,
Дүние түгел ән салғысы кеп тұр-ау, ә»,
дегеннен байлап қояды ақын. Мұндай уақытта күнәға барғанның кінәсі жоқтай сезілмей ме? Сөйтеді де:
«Адалмын, дейді, келіншегіне үздігіп,
Қаңғыбас күйеу оралып үйге түн ауа.
Жан-жары үнсіз.
Тіс жармай қойды күйдіріп,
Себеп жоқ, тегі, салайын десе қиғылық.
– Қайда жүрсің деп сұрамай ма екен, ой, Алла-ай,
Адалсың ба деп тергемей ме екен шүйлігіп.
– Е, мейлі, мейлі, арам дейсің ғой сен енді,
Кешігіп қалдым... көрмейін тегі төбемді...
Ақ адал жардың арындай аппақ төсекке,
Кіретін кезде кібіртіктейді неге енді».
Осымен тоқтау керек пе еді өлең? Меніңше тоқтаса да болғандай. Негізгі ой, оқиға айтылды, бәрі түсінікті болды. Онда несі өлең оның? Дәл осы тұста бұрылыс жасап, тақырып аясынан басқа кеңістік ашады автор.
«Дегенімменен жүрегім таза, жолым ақ,
Арқанын үзіп ұзаған аттай сонылап,
Алыстап кеттім, ғарыштап кеттім
мен сенен,
Сенен ғана ма, сенен ғана ма, о, бірақ?
Алдыңа келсем түседі төмен өр еңсем,
Айыбымды айтшы, көрейін бірге
не көрсем,
Есіктен бері неге аттатасың сен мені,
Неге үндемейсің, Өлең, сен!»
Өлең осылай аяқталады. Небәрі бес-ақ шумақ. Ұзын арқан, кең тұсауыңның өзі әдірем қалсын, ат арқанды үзіп кеткеннің азабын далада «ат тағалап, атан қомдап» ержеткен ұл ғана түйсінер. Түсінер десек, қарабайыр емес пе? Арқанын үзген ат қазықтан ғана алыстар ма екен ауыспалы мағынасында? Сүйген жардан, аппақ ардан, адалдықтан, бәлкім Құдайдан алыстап кеткен шығар... Адамның ішін қуырып, тірідей азапқа салатын ішкі ар сотынан өткен өлім жоқ. Соған қарылып қалған шарасыз сұм жүректің сөзін қара: «Есіктен бері неге аттатасың сен мені...». Әйелге айтатын сөз бе осы? Білмеймін. Өлеңнің тақырыбынан бастап қайыра оқыса қиырға алып кете береді мені. Біреулерді тереңіне тартып әкетуі де мүмкін-ау. Сізді ше?