Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы 5512 әскери бөлімінің және Ertis Media ЖШС-ның мұрындық болуымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына және «Naızatas» әдеби-көркем журналының 10 жылдығына орай «Әскери бөлімдегі әдеби күн» кездесуі өтті.
Кездесуге әдеби журнал редакциясының ұжымы, Павлодар педагогикалық университетінің жанынан құрылған «Құсқанат-ғұмыр» әдеби бірлестігінің мүшелері, өңірге белгілі ақындар және сарбаздар қатысты.
Жас сарбаздардың жауынгерлерлік рухын көтеру мақсатында өткен жиынның бірінші бөлімінде бөлім сарбаздары арасында спорттық жарыс ұйымдастырылды. Жауынгерлер ең әуелі кермеде тартылудан сынға түсті. Журнал редакторы Асыл Әбіш сарбаздарға сәттілік тілеп, кермеге бірінші болып өзі тартылды. «Өздеріңдей білекті де, жүректі жауынгерлермен жарысқа түсіп, бәсекелесейін деген ойымыз жоқ. Дегенмен сендердің шабыттарыңды оятып, жолдарыңды ашып беруге ниеттіміз», деген Асыл Әлімжанұлы 10 рет тартылып, көпшіліктің құрметіне бөленді. Кезек сарбаздарға жетті. Бөлімнің үш ротасының сарбаздарынан құралған командалық сында «Жауынгерлік қамтамасыз ету» ротасының сарбаздары жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Бірінші жедел мақсаттағы» рота иеленді. Ал «Екінші жедел мақсаттағы» рота сарбаздары үшінші орынға тұрақтады.
Бұдан соң сарбаздар жауынгерлік эстафетадан бақ сынасты. Бұл бәсекеде «Екінші жедел мақсаттағы» ортаның бағы жанып, көш бастады. «Бірінші жедел мақсаттағы» рота екінші нәтиже көрсетсе, «Жауынгерді қамтамасыз ету» ротасы үшінші орын иеленді.
«Әскери бөлімдегі әдеби күн» кездесуі редакция ұжымы мен бөлім сарбаздарының ән-жыр шашуына ұласты. Әдеби кешті журналдың жауапты хатшысы, Ұлттық Ұлан сарбазы, қатардағы жауынгер Еламан Қабділәшім жүргізді. Кеш шымылдығын журналдың Бас редакторы Асыл Әбіш ана жайлы әнмен түрді. Жыр кешін журналдың әдеби қызметкерлері Алтын Айтқалиева мен Әйгерім Солтан Отан туралы, Ана туралы өлеңдермен жалғады.
Кездесудің қонағы, айтыскер ақын, Ұлттық Ұлан сарбазы, Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеген қатардағы жауынгер Қуандық Башой сарбаздарға арнау жырын жолдады.
Ал «Құсқанат-ғұмыр» әдеби бірлестігінің мүшелері Әбілхан Марат Әбілхан, Есенкелді Жәнібек, Әйгерім Мүлікқызы, Кербез Қабытаева, Дана Сабырбай жауынгерлерге лирикалық жырларын тарту етті.
Кезек бөлім сарбаздарына жеткенде, олар да аянып қалмады. Сайдың серке тасындай қатар тізіліп, сапта тұрған сайыпқырандардың сапында өнерді серік еткендер аз емес екен. Кезек-кезек сахнаға көтеріліп, бірі домбырамен, бірі гитарамен ән салды, бірі жыр оқыды. Кездесуге белсенді араласқан жауынгерлер Алмаз Нұрмұханбет, Арна Ризабек, Әлішер Керімқұл, Ербол Сейітқазы, Ерлан Сатыпалды қарулас қатарластарының құрметіне бөленді.
Кеш Жүсіпбек Аймауытовтың «Алаш әскерінің маршы» өлеңімен түйінделді. «Әскери бөлімдегі әдеби күн» кездеуіне атсалысқан азаматтарға Ertis Media ЖШС-нің директоры Аида Хамзинаның атынан Алғыс хаттар табысталды.
– Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы 5512 әскери бөлімінің командирі Аян Әскербекұлына, кездесуді ұйымдастыруға қолұшын созған бөлім қызметкері, әскери клубтың басшысы, аға лейтенант Елдос Қабдрашитовқа, спорттық сайыстарды өткізуге атсалысқан, аға лейтенант Мәди Нигматуллинге және іс-шарада музыкалық аппаратурамен қамтамасыз еткен, Shanyraq облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының басшысы Жарқынбек Амантайұлына алғыс білдіреміз! Жас ұрпақты әскери өмірге бейімдеп, елінің нағыз патриоты болуға тәрбиелеу жолында әр азамат еңбек етуі қажет. Бұл мақсатта сіз бен біздің арқалар жүгіміз ауыр, атқарар ісіміз орасан. Осынау міндетті орындау барысында орнаған ынтымақтастық өз жемісін береді деген сенімдемін, – деді журналдың Бас редакторы Асыл Әбіш.
Әдеби-патриоттық шара әскери бөлімнің музейіне, кітапханасына және сарбаздардың үй-жайына саяхат жасаумен аяқталды.
Павлодар облысы