• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 26 Мамыр, 2022

Салық саласына өзгерістер енгізіледі

767 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар салық саласындағы өзгерістерге қатысты құжатты мақұлдады.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақ­стан Республикасының Кодексі­не (Салық кодексі) және «Салық және бюд­жетке төленетін басқа да міндет­ті төлемдер туралы» Қазақстан Респуб­лика­сының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады.

Ведомство басшысының айтуынша, құжатты қабылдаудағы бірінші міндет – табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірісті күшейту. Осыған байланысты қатты пайдалы қазбалар бағасының динамикасы талданған. Мәселен, 2018-2022 жылдары биржалық металдар бағасы 40 пайызға өскен. Биржадан тыс пайдалы қазбалар (темір кені, хром кені, марганец және т.б.) орта есеппен 20 пайыздан 40 пайызға дейін өскен.

«Осыны ескере отырып, биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығының мөлшерлемелерін 50 пайызға, ал қалған қатты пайдалы қазбалар бойынша 30 пайызға ұл­ғайту ұсынылады. Салық жүктемесін ұл­ғайту­мен қатар, геологиялық барлауды және жаңа кен орындарын ашуды ынталандыру көзделеді.

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, рентабельділік деңгейі 15 пайызға жеткенге дейін барлау және өндіру 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін басталатын жаңа кен орындары бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босату ұсынылады.

Келесі міндет – капиталды елден шығар­мауды ынталандыру. Қазіргі уақыт­та белгілі бір шарттарды сақтаған кезде дивидендтерді салық салудан босату көзделген. 10 пайыз мөлшерлемесін белгілей отырып, дивидендтерді салық салудан босату бойынша жеңілдіктерді алып тасталмақ. Сонымен қатар салық практикасы өзара байланысты тұлғаларға материалдық емес қызметтер үшін төлем түрінде ақшаны шетелге шығару жағдайлары бар екенін көрсетіп отыр», деді Ә.Қуантыров.

Министрдің сөзіне сүйенсек, осыған бай­ланысты бейрезидент-үлескер тұлға­лар көрсеткен материалдық емес қыз­мет­тер бойынша шегерімдерді қолдануды салық салынатын кірістің 3 пайызынан аспайтын мөлшерде шектеу ұсынылады.

«Келесі ұсынылып отырған өзгеріс – цифрлық майнингке салық салуды күшейту. Жыл басынан бері тұтынылған электр энергиясының 1 кВт-сағатына 1 теңге мөлшерінде цифрлық майнинг үшін төлем енгізілді. Электр энергиясының құны бойынша жүктемені теңестіру, сон­дай-ақ отандық электр энергиясын пайдаланбауды ынталандыру үшін сараланған мөлшерлемелер ұсынылады. Электр энергиясының құны неғұрлым төмен болса, төлем мөлшерлемесі соғұрлым жоғары болады. Бұл ретте, қайта қалпына келетін көздерден өзі өндірген электр энергиясы үшін қолданыстағы деңгейде төмендетілген мөлшерлемелер көзделген», деді Ә.Қуантыров.

Төртінші өзгеріс темекі өнімдеріне салық салуды қамтиды. Айта кетерлігі, Еура­зиялық экономикалық одақ шең­берінде темекі өнімдеріне арналған акциздердің мөлшерлемелері үйлестірілуі тиіс. 2024 жылы темекіге акциз кемінде 28 еуро деңгейінде белгіленуі тиіс.

«Міндеттемелерді орындау үшін темекіге акциздер кезең-кезеңімен арттыру ұсынылады. Сонымен қатар темекі өнімдерінің басқа түрлері бойынша, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар өнімдерге акциздерді кезең-кезеңімен ұлғайту ұсынылады.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы кезінде келтірілген залалды өтеу туралы тапсырма берді. Аталған жұмыс барысында салық салу мәсе­лелері туындайды. Сондықтан алын­ған өтеу сомасы бойынша кәсіпкерлерде салық міндеттемесі туындауын болдырмау мақсатында осы мәселені реттеу бо­йынша нормалар ұсынылады.

Интернетке қолжетімділікті кеңей­ту үшін жаңа технологиялар көбірек қолданылуда. Соның бірі – геостацио­нар­лық емес спутниктік байланыс жүйелері. Салық кодексінде осындай байланыс түрі үшін 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем белгілеу ұсынылады.

Еуразиялық экономикалық одақ аума­ғы­нан жекелеген тауарларды импорт­­тау кезінде бағаның ең төмен­гі деңгейі қол­да­нылады. Норма әкеліне­тін тауар­лар­дың құнын төмендету факті­лерінің алдын алу үшін қабылданды. Үшін­ші елдерден им­порт­талатын тауар­ларға да аталған құрал­ды қолдану ұсы­нылады», деді министр.

Бұдан бөлек, салықты әкімшілендіру шеңберінде қосылған құн салығы бойынша, мүліктік табыс бойынша декларация­ларды тапсыру бөлігінде нақтылаушы нормалар қарастырылған.

Жалпы отырыста «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне көлік мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жо­басы да қаралды. Құжат жөнінде Ин­дус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрі Қайырбек Өскенбаев баяндама жасады.

Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасын қабылдау арқылы бірқатар мәселе орындалмақ. Жолдарда көліктік бақылау автоматтандырылады. Теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормалары имплементация­ланады. Сонда-ақ, теміржол көлігіндегі оқиғаларды және кемелермен болған апаттарды тергеу тәртібі жетілдірілмек. Қазақстан Республикасы заңнамасын Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы стандарттарының талаптарына және Еуропалық одақтың авиациялық талаптарына сәйкестендіріледі. Әуежай маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруға рұқсат алу тетігі реттеледі.

«Жүкті автокөлікпен тасымалдаудың жоғары қарқыны, жол төсемінің мерзі­мінен бұрын бұзылу мәселесі түбегейлі шара қабылдауды талап етеді. Осы мақсатта 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жолда көлік құралдарының салмақтық және габариттік параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған стансаларды орнату жоспарланған.

Заң жобасында автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату және олардың жұмыс тәртібін айқындайтын нормалар көзделген. Атап айтқанда, ұсынылып отырған нормаларда автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор және жергілікті атқарушы органдарға республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету міндеті көзделген. Автобомиль көлігі саласынадғы уәкілетті органға автоматтандырылған өлшеу стан­саларының жұмысын ұйымдастыру қағи­датын беру өкілеттігі енгізіледі. Тех­никалық рұқсат етілген ең жоғары массасы 12 тоннадан асатын автокөлік құралдары иелері автоматтандырылған өлшеу стансалары қолданылатын аймақ­тан өткенде салмақтық және габа­риттік параметрлерін өлшеуі қамтамасыз етіледі. Бұл ретте стансалар адамның қаты­суынсыз «Сергек» жүйесі бойынша жұмыс істейтінін атап өткім келе­ді. Ұсы­нылып отырған шаралар автожол­дар­дың сақталуын қамтамасыз етуге және көліктік бақылау жүргізу кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді», деді Қ.Өскенбаев.

Министрдің сөзіне сүйенсек, заң жобасы арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарына қоғамдық көлікте жүруге жеңіл­дік беретін нормалар енгізіледі. Әлеу­меттік маңызы бар, сондай-ақ қала­лық (ауылдық), қала маңындағы қаты­наста автомобильмен тұрақты тасымалдауда «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналар, бірінші топтағы мүгедектер тегін жол жүреді. 15 жастан 18 жасқа дейінгі жастар билет құнының 50 пайызын төлейді.

«2021 жылдың 31 наурызында Қазақстан Республикасы батып кеткен кемелерді шығару туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялады. Осыған байланысты, заң жобасында кеме иесінің суға батқан мүлікті көтеру жөнін­дегі өзінің азаматтық-құқықтық жауап­керші­лігін сақтандыру жөніндегі міндетін белгі­лейтін Конвенция талаптарын имплемен­тациялау жөніндегі нормалар көзделген. Ұсынылып отырған нормалар Қазақстанға суға батқан кемені көтеру бойынша шығындарды өтеу туралы талаптарды тікелей сақтандыру компаниясына ұсынуға мүмкіндік береді.

Бірқатар түзету теміржол және су көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта теміржол көлігіндегі апаттар мен аварияларды тергеуді көлік саласындағы уәкілетті орган, ал оқиғалар мен инци­дент­терді тасымалдау процесіне қатысушылардың өздері жүргізеді.

Адамдардың өмірі мен денсаулығының құндылығын ескере отырып, заң жобасы шеңберінде жолаушылар пойыздарының жолдан шығуы немесе соқтығысуын тудырған оқиғаларды тексеруді уәкілетті органның құзыретіне беру ұсынылады. Сондай-ақ уәкілетті органның құзыретіне Каспий теңізінің аумақтық суларында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туы астында жүзетін кемелермен болған апаттық жағдайларды тергеуді қосу қарастырылған», деді Қ.Өскенбаев.

Азаматтық авиация саласында заң­намаға мынандай өзгерістер енгізілмек. Дрондарды пайдалану процесі реттеледі. Атап айтқанда сертификаттау рәсімі енгізіледі, қашықтан сәйкестендіруге қойылатын талаптар белгіленеді, оларды пайдалану аймақтарын айқындалады. Сондай-ақ «ұшқышсыз авиациялық жүйе» және «ұшқышсыз әуе кемесі» ұғымдары енгізіледі.

«Каспий теңізінің мәртебесін құқық­тық реттеуге байланысты заң жобасына қазақстандық органдардың Каспий теңізі үстіндегі жауапкершілік аймағында ұшуды құқықтық реттеуге қатысты нормалар енгізілді.

Заң жобасында бірінші басшының азамат­тық авиация саласындағы уәкі­лет­ті ұйымға жүктелген міндеттер­ді орын­дағаны үшін дербес жауапкершілігі және авиация инспекторларының өздері­нің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиесілі орындамағаны үшін жауап­кершілігі көзделеді.

Әуекомпанияларға әуе тасымалы шектелген адамдардың жеке тізілі­мін жүр­гізуге мүмкіндік беретін норма ен­гізіледі. Алайда азаматтар мұндай тізімге тек ұшақ бортындағы құқық бұзу­шылықтар үшін және оларды қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту кінәсі дәлелденген жағдайда ғана енгізіледі», деді Қ.Өскенбаев.

Бұдан басқа, заң жобасында халықара­лық стандарттарға сәйкес Халықаралық авиация ұжымының кезекті аудитінен өтуге дайындалуға бағытталған сала үшін маңызды және өзекті түзетулер бар.

Жалпы отырыста депутаттар «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Бұдан бөлек, Мәжіліс бірнеше заң жобасын жұмысқа алды. Сондай-ақ бірқатар депутат тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына депутаттық сауал жолдады.