• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Мамыр, 2022

Ақынға ескерткіш қойылды

492 рет
көрсетілді

Өзіндік үнімен, суреткерлік қасиетімен танылған Қосжан Мүсірепов аз ғана уақыт өмір сүрсе де, әдебиетке іргелі шығармалармен олжа салды. Нәзік иірімдерге толы нәркез новеллалар жазудың да хас шебері болған. «Жоғалған ақ алмас», «Жарық дүние», «Намыс», «Асылық», «Өкініш», «Алтын анам», тағы басқа да новеллалары жүрек қылын шертеді, оқырманын иірімі терең мұңға орайды. Ақынның балаларға арнап жазған шығармалары да зерттеп-зерделеуді қажет етеді.

Ақынға құрмет, тағзым ретінде Түр­кіс­тан облысы Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакенттің жаңа шағын ауданында орналасқан Қосжан Мүсірепов атындағы жалпы орта мектепте ескерткіш-бюсті ашылды. Небәрі 35 жыл ғұмыр кешіп, қазақ әдебиеті кө­гі­нен жұлдыздай ағып өткен сыршыл ақын ескерткішінің ашылу іс-шарасына аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, игі іс оқушыларға үлкен үлгі-өнеге болатынын атап өтті. «Бүгін 90 жылдығы аталып өтіп жатқан ақын арамызда болмаса да оның ғұмырын өзінің шығармалары, лирикалық жырлары жалғастыруда. Сондай-ақ жаңадан пайдалануға берілген 1 200 орындық Қосжан Мүсірепов атындағы мектептің жаңа ғимаратының алдында ақынның асқақ ескерткішінің бой көтеруі – оған деген халық құрметінің одан әрі асқақтай түскенін көрсетеді», деді Бақыт Насырханұлы.

Мұнан соң қоғам қайраткері, белгілі публицист-қаламгер Әкім Ысқақтың «Менің Қос­жаным» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптан Қосжан Мүсірепов туралы мол мағлұмат таба аласыз. Қаламгер тура­лы замандастарының, үзеңгілес доста­ры­ның, әріптестерінің, туған-туыстары­ның естеліктері кітап мазмұнын байыта түскен. Сондай-ақ жинақта ақынның достарына, ағайын-туыстарына жазған хаттары бар. Қ.Мүсірепов атындағы әдеби бірлестік мүшелерінің отыз бес жылда атқарған жұмыстары да осында. Кітап «Қымбат та қимас Қосжан», «Жүрек көзімен», «Тарих парағын ақтарғанда», «Ақын шығармалары» атты төрт бөлімнен тұрады. Жинақтан ақынның бір топ өлеңдері мен новеллаларын да оқи аласыз. Іс-шара барысында ақынның көзін көрген азаматтар, жазушылар, журналистер, ардагерлер естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ жиынның соңында ақынның туған інісі Сырым Мүсірепұлы ағасының аруағына бағыштап ас берді. 

 

Түркістан облысы