Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылына орай Маңғыстау облысында балалар үшін бірқатар іс-шаралар белгіленген. Осы іс-шаралар аясында Маңғыстау облысының білім басқармасы «Дарын» облыстық қосымша білім орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес жалпы білім беру ұйымдарының «РобоМаңғыстау» ашық чемпионатының облыстық кезеңі түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты ғимаратында өткізілді.
Ашық чемпионаттың мақсаты – роботты құрастыру және бағдарламалау бағытында дарынды оқушыларды анықтау, қолдау көрсету және білім саласында ғылым мен технологияның дамуына орай оқушыларды ғылыми ізденіспен айналысуға дағдыландыру.
Ашық чемпионат 5-11-cынып оқушылары үшін «Робо-ГИД» жарысы, 1-4-cынып оқушылары үшін «Робо Боз жорға» және «Роботтардың арқан тартысы» жарыстары, 5-11-cынып оқушылары үшін «Робо-Аламан бәйге» жарысы аталымдарында өтті. Ал барлық сыныптар үшін «Үй көмекшісі» тақырыбында шығармашылық байқауы ұйымдастырылды. Ашық чемпионаттың облыстық кезеңіне аудан, қала, облыстық мамандандырылған мектептерден 49 оқушы қатысты.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында бастауыш сынып оқушыларының облыстық олимпиадасы өтті. Бастауыш сынып оқушыларының білімі мен қабілетін анықтап, пәнге қызығушылығын арттыру, бастауыш сынып оқушыларының олимпиадалық резервін жасақтау, дарынды балаларды қолдау және дамыту мақстаында өткен олимпиадаға қазақ тілінде және орыс тілінде білім беретін мектептердің 2-4 сынып оқушылары қатысты. Олимпиадада әрбір оқушы 3 пән – математика, қазақ тілі мен ана тілі, дүниетану пәндері бойынша тапсырма орындады. Олимпиадаға 36 оқушы қатысып, 21 оқушы жеңімпаз атанды.
Маңғыстау облысы