Семей қаласында даңқты балуан, Мәскеу Олимпиадасы мен КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы, Еуропа біріншілігі мен Әлем кубогының күміс жүлдегері, Одақтың екі дүркін чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өз мәресіне жетті.
Жақсылық Әмірәліұлының жүріп өткен жолы бүгінгі жастар мен кейінгі ұрпаққа үлгі. Абзал азамат соңғы демі таусылғанша елі мен халқына қалтықсыз қызмет етті. Оның спорттық жолы да ауыр болды. Одақта сан мәрте теңдессіз деп танылып, халықаралық додаларда дараланғанымен, мәскеулік мамандар тарапынан көп теперіш көрді. Соның салдарынан байрақты бәсекелердің біразынан шет қалды. Десек те өзінің табандылығы мен өжеттігі және қажырлы еңбегінің арқасында көздеген мақсатына қол жеткізді. Үшкемпіров 29 жастан асқан шағында ғана Олимпия ойындарында бақ сынау құрметіне бөленді. Сол мүмкіндікті ұтымды пайдаланған ол төрт жылдықтың басты додасында бас жүлдені олжалады. Ал 30 жасында әлем чемпионы атанды.
Даңқты балуан боз кілеммен қоштасқаннан кейін түрлі қызметтер атқарды. Кейіннен мал кәсібімен айналысып, «Жақсылық» деп аталатын шаруа қожалығын құрды. Бастаған ісін дөңгелетіп әкеткен соң қайырымдылықпен айналысты. Атап айтсақ, өзі тұрып жатқан Алматы қаласының іргесіндегі Мыңбаев ауылына газ тартты. Балаларға арнап спорт кешені мен балабақша, қолжетімді бағамен 50 отбасына пәтер салды. Басқа да игі іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Осылай тізбектей берсек, Олимпиада чемпионының ел-жұртына сіңірген еңбегі өте зор.
Алаштың мақтан тұтар азаматын еске алуға арналған Семейдегі турнирге көптеген елеулі тұлға мен спорт саңлақтары келді. Солардың арасынан Юрий Мельниченко, Бақтияр Байсейітов, Әсет Иманбаев, Ербол Қоңыратов және тағы басқа әйгілі балуандарды көзіміз шалды.
Үш күнге созылған бәсекелердің қорытындысы бойынша мына жас жеткіншектер жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді: 38 кило – Дамир Әбілда, 44 кило – Ерназар Ердәулет, 52 кило – Арнат Жарылқасын, 68 кило – Бақдәулет Қамза, 91 кило – Елдос Тұрсын (барлығы да Алматы облысынан), 41 кило – Ерболат Қанатұлы («Лепсі» спорт мектебі, Алматы облысы), 48 кило – Алпамыс Болатұлы (Қызылорда), 57 кило – Мәрлен Мейірбекұлы (Тараз), 62 кило – Ислам Гасымов (Ақмола облысы), 75 кило – Темірлан Ермекұлы (Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы), 85 кило – Нұрболат Жұмәділ (Семей қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектебі) және 110 кило – Ерсұлтан Лесбай (Түркістан).
Сонымен қатар Семейдегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектебінің түлегі Нұрдәулет Құмарұлы («Жеңіске деген жігері үшін»), Өскеменнің өрені Мадияр Тоқтаухан («Ең үздік тәсіл») және Ақмола облысының өкілі Ислам Гасымов («Ең үздік балуан») түрлі аталым бойынша үздік деп танылып, арнайы сыйлықтарға ие болды.