• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 26 Мамыр, 2022

Парижде тосын нәтижелер тіркелуде

233 рет
көрсетілді

Париждегі «Ролан Гаррос» турнирі биыл тосын нәтижелермен басталды. Дуалы ауыз мамандар кемінде ширек финалға шығады деп жорамалдаған үш бірдей мықты теннисші алғашқы айналымнан аса алмады. Олар – тунистік Онс Жабер, испаниялық Гарбинье Мугуруса және аустриялық Доминик Тим. Сондай-ақ Пиреней түбегінің тағы бір мықтысы Алехандро Давидович Фокина мен америкалық Дженсон Бруксби сынды сақа ойыншылар да тұсаукесер кездесулерінде сүрінді.

Әлемнің алтыншы ракеткасы Онс Жабердің осы жарыс­та «алысқа шабатынына» күмән­данғандар кемде-кем еді. Өйт­кені тунистік теннисші грунтта өте жақсы ойнайды. Соңғы бір-екі ай аралығында ол Мадридтегі WTA турнирінде топ жарып, Римдегі доданың фина­лында өнер көрсетті. «Ролан Гар­ростың» соңғы екеуінде Онс төртінші кезеңге дейін жетіп, былтыр Уимблдонның ширек финалына шықты. Бірақ бұл жолы Жабердің жолы болмады. Ол ойда-жоқта үздіктер тізімінде 56-орында тұрған польшалық Магда Линеттен ұтылды.

Кезінде «Ролан Гарроста» топ жарып, қазіргі кезде WTA рейтингінде 10-сатыға жайғасқан Гарбинье Мугуруса 37 жастағы эстониялық теннисші Кайя Канепиге есе жіберді. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана «Үлкен дулыға» санатына енетін Париж бен Мельбурндегі турнирлердің финалында ойнап, Лондонда дара шыққан Доминик Тим АТР тізімінде 89-орынға тұрақ­таған боливиялық Уго Дельен­ге жол берді. Әйелдер ара­сындағы ең бай теннисші, АҚШ пен Аустралияның ашық біріншіліктерін екі реттен ұт­қан Наоми Осака да еліне еңсесі түскен күйде оралды. Жа­понияның жұлдызы АҚШ-тың аруы Аманда Анисимовадан айласын асыра алмады. Міне, аталған турнирдің алғашқы кезең­інде осындай тосын нәти­желер тіркелді.

Қазақстандық теннисшілер жайында айтар болсақ, Парижде үш ойыншымыз бақ сынауда. Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 78-орында тұрған 31 жастағы нидерландтық Аранча Руспен шеберлік байқасты. Алек­сандр Бублик АТР тізімінде 65-сатыға жайғасқан франциялық Артур Риндеркнешпен күш сынас­ты. Бұл ойындар дүйсенбіде басталған еді. Алғашқы сеттер­де жерлестеріміз жеңіп жатты. Бірақ Лондонда толассыз жау­ған жаңбыр жарыстың бере­кесін кетірді. Содан барлық кезде­су­лерді кейінге шегеруге тура келді. Келесі күні турнир қайта жалғасты. Бір қуаныштысы, Рыбакина да (6:1, 5:7, 6:2), Бублик те (6:2, 6:4, 6:4) шабысынан жаңылмай, келесі кезеңде күш сынасу мүмкіндігіне ие болды. Юлия Путинцеваның қарсыласы да анау айтқандай аса мықты болған жоқ. 27 жас­тағы румыниялық Ирина Бара осы күнге дейін «ТОП-100» ойыншының қатарына қосыла алмай жүр. Юлия оны оңай еңсерді – 6:3, 6:1.

Екінші кезеңде Юлия Путин­цева италиялық Камила Джорд­жимен, Елена Рыбакина америкалық Кэти Волынецпен, ал Александр Бублик сербиялық Миомир Кецмановичпен күш сынасады. Бұл ойындардың барлығы да бүгін өтеді.