Жалпы, соғыстың алдында және соғыстан кейін туған буынның өмірбаяны егіздей ұқсас келеді екен. Біріміз Жетісудың жәннатында, екіншіміз Сырдың сабатында дүниеге келсек те, басымыздан кешкен енші ғұмырымыздың жақын тұстары жетерлік.
Жайма-шуақ сәттерде балалық, жастық шақ жайлы төгілтіп әңгіме шерткенде, бейне бір менің өмірім туралы айтып отырғандай әсерде қалатынмын. Айырмашылығымыз – Нұрекең Кегеннің Алғабасынан Алматыға алғаш келгенде пойызды көріпті, ал мен Қармақшы ауданының «Диірментөбе» бекетінде күн сайын темір жолдың солқылынан оянатынмын. Сірә, бізді мінез-құлқымыздың ұқсастығы, ғылым-білім жолындағы бірегей бағытымыз, сондай-ақ рухани-эстетикалық көзқарасымыздың ортақтығы табыстырған болуы керек. Кезекті бір ғалымдар басқосуында танысқаннан бері бір-бірімізді бала кезімізден білетін сыралғы жандардай, тонның ішкі бауындай сыйласып кеттік.
Аға-достың, ілім-білімі өз алдына, ішкі рухани қуаты ерен. Шамдағай бойынан, шалқар ойынан зиялылық пен зияткерліктің асыл қасиеттері асып-төгіліп тұрады. Талғампаз. Текті. Тегеурінді. Бәлкім, осы мінез бен ересен еңбекқорлық, ілкімді ізденгіштік оның жігерін жасытпай, құштарлығын қанаттандырып, ғылымның биік шыңына шығарған шығар. Өзі оқып бітірген Қазақ мемлекеттік университетінде, Алматы халық шаруашылығы институтында оқытушы, Мәскеудегі атақты Г.Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтында аспирант болған кезеңдер, кандидаттық диссертациясын тың тақырыпта мерзімінен бұрын қорғаған жемісті сәт, «Нархоздағы» кафедра меңгерушісі, проректор, ректор қызметтеріне сатылап көтеріліп, елімізге танымал білім ордасын жаңа заманғы талаптарға сай жаңғырту, жаңарту жолындағы жанкешті жылдар – Нұрғали Мамыровтың өнегелі өмірбаянының өшпейтін беттері. Сол кезде ол басқарған институттың абыройы дүрілдеп тұрды. Студенттерге арналып озық үлгідегі жатақханалар салынды, оқытушы-профессорлық құрам үшін тұрғын үйлер бой көтерді. Білім сапасы жоғарғы деңгейге жетті. Сондықтан да талапкерлер алдымен ат басын осында тірейтін еді. Өйткені «Нархозды» бітіргендер бірінші кезекте жұмысқа қабылданатын.
Жақсы адамда жаттық бола ма, Мәскеуге Нұрекеңмен бірге сапарлап барған уақытымызда алып қаланы армансыз аралаушы едік. «Сен жоғары оқу орнын осында бітірдің, кандидаттық, докторлық диссертацияларыңды да Мәскеуде қорғадың, сондықтан мегаполистің тіршілігін бүге-шегесіне дейін білесің ғой, қай жаққа апарсаң да, жетегіңе еремін», деп күлетін.
Аға-достың тірлігін орындап, көңілінен шығу үшін тарихи орындарды тамашалатып, Қызыл алаңда түннің біруағына дейін қыдыратынбыз. Әйгілі «ГУМ»-ды аралағанымызда, Нұрекеңнің аса талғампаздығын аңғардым. Жылтырақ заттарға қызықпай, бағасы қымбаттау болса да сапалы, ұзаққа шыдас беретін, әзірге «модадан түсе қоймайтын» дүниелерді сатып алатын. Балаларына арналған сәлемдемелері бір атанға жүк, «Ұл-қыздарымның бір қуанғанының өзі – ұлан-асыр той емес пе», деп ақталып әлек болады. Бәріміздің басымыздағы жағдай ғой, күлем де қоям.
Кейін байқадым, Нұрекең шет елдерге сапарлағанда, ыңғайын келтіріп, бала-шағасын бірге ертіп жүреді. Жастайынан төрткүл жұрттың дидарын көріп, таным-түсінігі кеңейсін дегені. Әкенің аяулы махаббаты мен қамқорлығының арқасында ұрпағы да заманға сай өсіп-жетілді. Жары Моншаққа деген махаббаты бөлек. Алақанына салып аялап, ошақтың тірлігін бірлесіп көтеріседі. Кешегі нарық қатынастарына өту кезеңінде үйде отырып қалмасын, заманының ағымына ілессін деп, өз алдына қаржы-консалтинг фирмасын ашып беріп, талабын ұштады. Отыз жылдан астам отасқан жан-жары бүгінде экономика ғылымдарының кандидаты, берекелі отбасының отын маздатып, Нұрекеңнің немерелерінің қызығын көріп отыр. Айтулы азаматқа арналған естелік кітаптың басы-қасында жүрген де сол. Қай бір күні телефон шалып, «Нұрекең сіз туралы жиі айтып отыратын», деп ләмін білдіргенде, аяулы аға-доспен бірге өткізген жылдарды сағынышпен еске алып, жазу үстеліне отырғаным осы...
Нұрғали Құлшыманұлы – жоғарғы мектептерді басқару және ұйымдастыру ісінің ірі өкілі ғана емес, ұлттық экономика ғылымына жаңалық әкелген, ғылыми тұжырымдары өндіріс саласына батыл енгізілген үлкен ғалым. Біздің қазақта ол сияқты халықаралық деңгейдегі қайраткер ғалым некен-саяқ. Ғылыми конференцияларда, тақырыптық кеңестерде оның пайым-пікірі ұдайы бағаланып, әріптестері арасында сөзсіз қолдау табатын. Нұрекеңнің жалпы экономиканың негіздері, өнімдердің сапасын арттыру, өнеркәсіпте еңбекті ұйымдастырудың методикалық мәселелері, табиғи қорларды пайдалану тиімділігі жайлы еңбектері ғылыми ортада аса бағаланды әрі тұрақты айналымға енді. Академиктің табиғи дарыны еліміз тәуелсіздігінің қалыптасу жылдарында жарқырай көрініп, ұлан-ғайыр ізденістерінің нәтижесінде туындаған құнды дүниелері ұлттық экономика ғылымын дамытуға қомақты үлес қосты. Нарық қатынастарының жаңа тұжырымдамалары жарыққа шықты. «Менеджмент және рынок. Қазақстан моделі», «Қазақстан экономика және білімді дамытудың өзекті мәселелері», «Қазақстан жағдайында өнеркәсіпті нарыққа бейімдеудің әлеуметтік-экономикалық негіздері» (Г.Доғаловамен бірге) атты ірі ғылыми еңбектері жас мемлекетіміздің жаңа экономикалық саясатқа көшу стратегиясын белгілеп берген білікті бағыттар еді.
Кеңес өкіметі кезінде жоғары оқу орнында оқытқан жоспарлы экономика сабақтары енді ешнәрсеге жарамайтын болды. Жас мамандардың бүгінгі күннің қатал талаптарына икемделуі де оңай шаруа емес. Осыны бірден сезінген ғалым жоғары мектеп студенттеріне арнап «Микроэкономика», «Кәсіпкерлік негіздері», «Қазақстан жағдайында экономиканы мемлекеттік реттеу» оқулықтарын жазып, әлемдік деңгейдегі оқымысты-экономистер С.Фишер мен Дорнбуштың «Макроэкономика», «П.Самуэльсонның «Экономика» кітаптарын туған тілімізге тәржімәлады. Бұл енді «инемен құдық қазғандай» жұмыс еді.
Нұрекеңнің жастарды ғылымға баулудағы қызметі өз алдына бір төбе. Осы уақыт ішінде 76 жас ғалымның кандидаттық диссертация қорғауына жетекшілік етсе, біртуар ғалымның алқауымен 35 ғылым докторы өз жолдарын даралапты. Бұл – бір университеттің тұтас оқытушы-профессорлық құрамы деген сөз.
Өмір бірыңғай сәттіліктерден тұрады деп кім айтты? Қоғамдағы оқшау оқиғалар мен тосын жағдайлардан туындайтын әділетсіздіктен, қиянаттан, асыра сілтеушіліктен әркім де зардап шегеді, қуғын көреді. Осындай жайтты Нұрекең де басынан кешірді. Өткен ғасырдағы Желтоқсан көтерілісі қазақ ұлтының бостандық, азаттық үшін күресінің қарлығашы болса да, қызыл империяның қылпулы қылышы талай марғасқалардың төбесінде ажалдай ойнады. Өлтірмегенмен, өлімші етті. Қанатынан қайырды, еркінен айырды. КОКП орталық комитетінің «Қазақ ұлтшылдығы туралы» атышулы қаулысы 37-ші жылдың елесіндей елге ойран салып, жазықсыз жандарды қуғын-сүргінге ұшыратты. «Колбадағы көсемнің» қаһары, әсіресе, қазақ зиялыларына түсті. «Жастарды дұрыс тәрбиелемеді, жоғары оқу орындарында қазақ ұлтының үлесі өте көп», деген желеумен ҚазМу-дың ректоры Ө.Жолдасбеков, декан Т.Қожакеев, Халық шаруашылығы институтының ректоры Н.Мамыров қызметінен босатылып, партиялық жауапкершілікке тартылды. Оларды қызметке қабылдамау жөнінде нұсқау берілді. Айдың-күннің аманында жазықсыз жазаға іліну кімнің де болса жігерін жасытып, рухын сындыратыны рас. Бірақ біздің Нұрекең қиянатқа қайыспады, Құдайға шүкір, Алла сыйлаған талант бар, адам берген білім бар, жерде қалмайтыны хақ еді. Кімнің алдына барып жеті насырын жерге бүгеді. Жақсы адамға қай жерде де бір орын табылады. Енді Алматыда қалудың реті жоқ. Колбиннен бұрын сыртынан ғайбаттаған өз қандастары бәрібір тыныш жүргізбейді Сонымен тәуекел деп алдымен Мәскеуге, сосын Тәжікстанның астанасы – Душанбеге барып ғылыми-зерттеу институттарында еңбек етті. Шет жерде сыйлы, құрметті болды. Нұрекең сол жылдардың зобалаңдары туралы әңгімелегенде, осынау шағын денелі, үлкен жүректі аға-достың қажыр-қайратына таңғалушы едім.
«Аққа – құдай жақ» деп қазақ бекер айтпаған. Ақыры қайырлы болды. Тәуелсіз еліміздің қалыптасу кезеңінде «күл астынан көтерілген феникс құстай» түлеп, қуатына мінген ғалым ұлттық ғылымымыздың өсіп-өркендеуі жолында жанын сала қызмет етті. Университет басқарды, академик атанды, Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Артында өшпес із қалдырды. Біз сияқты іні-достары, шәкірттері кемеңгер азаматты, қарымды қайраткерді әрдайым есіне алып, есімін құрмет тұтады.
Бақберген ДОСМАМБЕТОВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі