• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Білім 26 Мамыр, 2022

Түлектері жұмыссыз қалмайтын университет

563 рет
көрсетілді

Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан түлектер үшін өміріндегі жауапты сәт, міне. Жауапты сәт деп отырғаным, жандарына жақын мамандық таңдауы керек. Бәлкім, инженер, бәлкім, дәнекерлеуші... Ең бастысы – нағыз маман болып шықсын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бүгінгі таңда елі­міз­дің дамуы үшін техникалық саланы меңгерген мамандар ауадай қажет. Осы орайда ойға оралар университеттердің бірі және біре­гейі – Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті.

Оқыту базасы толық қам­тылған бұл жоғары оқу орны сту­дентке тәжі­ри­белік бағыт-бағ­дар бере отырып, болашақ ма­ман­дардың білімін шың­дай түседі. Әуелі айта кетерлігі, уни­вер­ситет әлемдік деңгейдегі же­текші кә­сіп­орындармен тығыз байланыста, бір алаңда жұмыс істейді.

– Президенттің техникалық білім беруге көңіл бөлгені бізді қуантады. Университетіміздің бұл бағытта атқар­ған шаруасы қыруар. Біздің түлектеріміз еліміздің ғана емес, әлемнің үлкен кәсіпорындарында қыз­мет етіп жүр. Оқытушылар да тәжірибелі, білімді, – дейді ШҚТУ ректорының міндетін атқарушы Сәуле Жәдігерқызы.

Өскемен өндірісті қала бол­ған­дықтан, техникалық маман­дардың біліктілігі мен білімін арттыруға мүм­кіндік мол. Мәсе­лен, «ТМК» – әлемдегі ең ірі титан өндіруші кәсіпорын. Ти­тан­ның әлемдік нарығындағы үлесі – 17 пайыз. Бұл – аз көрсет­кіш емес. Сонымен қатар университет оқыту­шылары мен сту­денттері «Каз­цинк» ЖШС-мен де иық тірестіре жұмыс істейді. Аталған компания мырыш өндіру және оны өткі­зу нарығында 30 пайыздық үлеске ие. Яғни әлемдегі ең ірі жеткізуші. «ҮМЗ» – байытылған уран, сирек кездесетін бериллий, тантал сынды металдарды жеткізумен айналысатын ең ірі компаниялардың бірі. Тағы бір ірі де бірегей компания – «Kazminerals» ЖШС. Бұл кәсіпорын мыс, қорғасын, алтын өндіру мен қайта өңдеуге бейінделген.

Алтын қайнатып, мыс сапыратын кәсіпорынның қай­науында шыныққан студент­тердің болашағы зор. Диплом қолға тиген соң, жұмыс іздеп сандалмасы рас. Тех­ни­калық университетті тәмам­даған мамандарға еңбек нары­ғында сұраныс жоғары. Нақ­ты айтсақ, жұмыспен қам­ту көрсеткіші 94 пайызды құрай­ды. Университеттің біл­ім беру бағдарламаларын жұ­мыс берушілер, сарапшылар жоға­ры бағалайды. «Ата­мекен» ұлт­тық кәсіпкерлік палатасы ұсын­ған өлшемшарттар бо­йын­­ша жоғары оқу орны бағ­­дар­­ла­маларының 62 пайызы еліміз­дегі ең үздік бестікке кі­реді. Білім бағдарламасының сапасын халықаралық тәуелсіз агенттіктер растаған. Бағдарлама еуропалық лейбл­ге ие. Яғни ШҚТУ дипломдары Еуропада да мойындалады.

Осындай жетістіктерді бір деп қойыңыз. Екіншіден, университет­те жоғары деңгейде зерттеулер жүр­гізу­ге мүмкіндік беретін үш деңгейлі ин­­новациялық ғылыми-зерттеу эко­жүйе­­сі қалыптасқан. Тарқата айтсақ, бі­рін­ші деңгей – білім және зерттеу міндеттері, базалық факультеттер мен мек­теп­тердің оқу зертханасы. Екінші дең­гей – қолданбалы ғылыми-зерттеу міндеттері және келісімшарттық зерт­теу. Үшінші деңгей – тау-кен ме­тал­­лургия саласындағы ака­демиялық ар­тық­­шылық орта­лығы. Оның базасында металлургия, пайдалы қазбаларды өң­деу және байыту, материалтану саласында іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізіледі.

Университетте жалпы құны 3 млрд теңгеге жуық 5 мың­нан астам ғы­лыми-зерттеу және зертханалық жаб­дықтармен қамтылған ғылыми-зерттеу базасы құрылған.

Қазір жүргізіліп жатқан зерт­теу­лердің негізгі бағыттары – пайда­лы қазбалар кен орындарын іздеу және болжаудың жаңа технологиялары, дәстүрлі емес зеңбірек түрлерінің перспективаларын бағалау. Бұл бағыт- ­тағы серіктестер – Колорадо тау-кен мектебі (АҚШ), Акита уни­верситеті (Жа­пония), Геология және минералогия институты (Ресей), «Қазгеоақпарат» рес­пуб­ликалық геологиялық ақпарат орталығы. Медицинаға арналған заманауи материалдар мен материалтану зерттеу жұмыстары бойынша серіктестер – академик Н.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығы, Се­мей медицина университеті, Ук­раи­наның жақ-бет хирургиясы қауымдастығы, «Казмедбиотех» ЖШС.

Университеттің үшінші ар­тық­шылығы – әлемнің түкпір-түкпірінен келген жоғары санатты мамандар дәріс оқиды, практикалық зерттеулер жүр­гізеді. Жыл сайын 60-тан аса ше­телдік ғалымды шақыра оты­­­рып, сту­денттердің жұмыс істеу қабілеттерін арттырады. Бел­гілі бағыттарда Еуропа, Ұлы­британия, Аустралия, АҚШ, Жа­пония, ТМД елдерінен келген ғалымдар дәріс оқиды. Олар­дың 20 пайыздан астамы – серіктес кәсіпорындардың жетек­ші мамандары.

ШҚТУ әлемнің жетекші тех­никалық жоғары оқу орындарымен бірлесіп қосдипломды бағдарламаны да іске асырып жатыр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – техникалық университетке түскен түлектер ертеңгі күні жұмыссыз қалмайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы