Неліктен алпауыт Америка жаппай атысты тоқтата алмай отыр? АҚШ-та жыл сайын жүздеген оқ ату оқиғасының болатынына қарамастан, Конгресс қаруды бақылау туралы заңды қатаңдату жобасын қабылдай алмай отыр. Бірнеше рет оқталғанымен, нәтижесіз. Мұның себебі неде?
Техас штатының Увальде қаласындағы Робб мектебінде болған атыс АҚШ-та суық қаруға қол жеткізу мәселесін қайтадан талқыға салуға түрткі болды. Бүгінде атыс құрбаны болу америкалықтар өмірінің «ажырамас бөлігіне» айналғандай. «1968-2017 жылдар аралығында 1,5 млн адам атыс кезінде көз жұмған, бұл 1775 жылы АҚШ тәуелсіздігі үшін күресе жүріп қаза тапқан сарбаздар санынан әлдеқайда көп», дейді сарапшылар. 2020 жылдың өзінде ғана 45 мыңнан астам америкалық (қасақана кісі өлтіру немесе өзін-өзі өлтіру) суық қарудан қаза тапқан.
«Алайда осындай ауыр статистикалық мәліметтерге қарамастан, Конгресс қаруды бақылау туралы заңнаманы бірнеше рет қабылдай алмады. Жалпы, АҚШ-та қаруды қатаң бақылау туралы заңдар қабылдауға кедергілер көп», деп мәлімдеді тәуелсіз сарапшылар. «Өйткені бұл – саяси мәселе. Қару қолданушылар өздерінің Конституцияда рұқсат берілген құқықтарын алға тартып, қару туралы қатаң заңды қабылдауға кедергі келтіруде», деп түсіндіреді олар.
Осы жылдың 4 айында Америкада 213 жаппай оқ ату оқиғасы тіркелген, оның әрбірінде кемінде төрт адам қаза тапқан. Увальде қаласындағы атыстан екі апта бұрын қаруланған тұрғын Буффалодағы (Нью-Йорк) азық-түлік дүкеніне оқ жаудырып, 10 адамды жайратып салған болатын. Қаза болғандардың көбі – афроамерикалықтар.
Дүние жүзіндегі жеке қолданыстағы қарулардың санын анықтау қиын болғанымен, швейцариялық жетекші Small Arms Survey зерттеу жобасының мәліметтері 2018 жылы айналымда 390 млн қару болғанын көрсетеді. Оның басым бөлігі АҚШ халқына тиесілі. Мәселен, ондағы 100 тұрғынға 120,5 қарудан келеді, 2011 жылы 100 адамға шаққанда 88 қару болған еді. Бұл көрсеткіш әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Соңғы бірнеше жылда қаруға иелік ету айтарлықтай өскен. Биылғы ақпан айында Annals of Internal Medicine журналы қаруға қатысты жасаған зерттеуін жариялады. 2019 жылдың қаңтары мен 2021 жылдың сәуірі аралығында 7,5 млн америкалық ересек, яғни халықтың 3%-ы қаруды алғаш рет иеленген деп көрсетеді зерттеу нәтижесі. Жалпы АҚШ-та қару иелерінің жартысына жуығы – әйелдер, 40%-ы – қара нәсілді азаматтар мен испандықтар.
Өткен жылы Morning Consult/Politico өткізген сауалдамаға сәйкес, америкалықтардың 84 пайызы қару сатып аларда жеке деректерінің жіті тексерілуіне қарсы емес. Ал Gallup жүргізген сауалдама АҚШ тұрғындарының 52%-ы қаруды қатаң бақылауды қолдайтынын көрсетсе, 35%-ы бұрынғысынша қалу керектігін айтқан. Сауалдамаға қатысқандардың 11 пайызы «заңдарды шектеуді азайту керек» деді. Өкініштісі, осы аз ғана пайыз тұрғындардың «тілегі» орындалып, бірқатар штат қаруды қолдануға қатысты қабылданған шектеулерді алып тастады. Мысалы, 2021 жылдың маусым айында Техас штатының губернаторы Грег Эббот штат тұрғындарына лицензиясыз немесе оқытусыз атыс қаруын алып жүруге мүмкіндік беретін заңға қол қойды. «Осы заңның «нәтижесі» Увальдедегі атысқа алып келді», дейді зерттеу тобының сарапшылары.
АҚШ Конгресіндегі демократтар елдегі жаппай оқ ату санын азайтуға бағытталған қару туралы заңдарды қатайту туралы өзгертулер мен толықтыруларын Сенатқа бірнеше рет ұсынған. Атап айтсақ, Конгресс 2013 жылы Коннектикут штаты Ньютаун қаласындағы Сэнди-Хук бастауыш мектебіндегі қанды оқиғадан бірнеше ай өткен соң, қару-жарақ қолдануды қатаң бақылау туралы заң жобасын қабылдауға әрекеттенді. Алайда республикашылдардың көпшілігі заң жобасына қарсы болғандықтан, заң жобасы Сенаттың қарауына жетпеді. Сенатқа жеткеннің өзінде де бұл заң жобасының қолдау табатынына сарапшылар күмәнмен қарайды. Өйткені демократтардың Сенаттағы саны қажетті 60 дауысқа жеткіліксіз. Демократиялық партия өкілі, сенатор Джо Манчин де сейсенбіде қаруды бақылау туралы заңға түзету енгізуді қолдамайтынын айтты. «Өйткені бұл заңның да нәтижесіз болатыны анық», дейді сарапшылар. Алайда Джо Манчиннің бұл әрекеті демократтардың қару туралы заңдарды қатайту әрекеттерінен бас тартады дегенді білдірмейді. Осы орайда Конгрестің қаруды бақылауға қатысты әрекетсіздігін қатты сынаған Сэнди-Хук қауымдастығының өкілі, Коннектикут штатынан сайланған сенатор Крис Мерфи сайлаушыларға үндеу тастады. «Осы жылдың қараша айында өтетін сайлауда реформаға қарсы республикашылдарды күштеп шығаруға мүмкіндіктеріңіз бар», деп мәлімдеді ол.
АҚШ-тағы Ұлттық атқыштар қауымдастығы (National Rifle Association) – ең қуатты қару-жарақ лоббилік топ саналады. «Оның айтарлықтай қомақты бюджеті Конгресс мүшелерінің қару-жарақ саясатына қарсы тұруларына жол бермей отыр», дейді әлем сарапшылары.
Ұлттық атқыштар қауымдастығының тарихына тоқталсақ, бұл ұйымды 1871 жылы азаматтық соғыстың екі ардагері «ғылыми негізде мылтық атуды насихаттау және ынталандыру» мақсатында құрған. NRA-ның саяси лоббиге бағытталған жолы 1934 жылы ол өз мүшелеріне атыс қаруы туралы алдағы заң жобалары туралы ақпарат жібере бастағаннан бастау алды. Аталған қауымдастықты қаруды бақылау туралы екі негізгі заңға – 1934 жылғы «Ұлттық атыс қаруы туралы» (NFA) және 1968 жылғы «Қаруды бақылау туралы» құжаттарға (GCA) қолдау көрсетіп, 1970 жылы GCA қабылданғаннан кейін саясатқа араласа бастады. 1975 жылы ол жаңадан құрылған лоббистік орган – Заң шығарушылық әрекет институты арқылы саясатқа тікелей әсер етуге тырысты. 1977 жылы қауымдастық қаражатын заң шығарушыларға бағыттау мақсатында өзінің Саяси әрекет комитетін құрады. Осылайша, заң шығарушыларды өзіне бағынышты еткен NRA қазір АҚШ-тағы ең қуатты, мүдделі лоббилік топтардың бірі, оның бюджеті Конгресс мүшелеріне қару-жарақ саясатына ықпал ету үшін маңызды. Қауымдастықтың атқарушы вице-президенті – Уэйн Лапьер. Алайда құқық қорғаушылар қауымдастықты бақылауларына алды. Қазіргі уақытта Нью-Йорк пен Вашингтон прокурорлары ұйымды тарату үшін жоғары басшылық қайырымдылық қорындағы ақшаны жеке шығындарға бағыттау арқылы теріс пайдаланды деген айыптаулар тағып, сот ісін жүргізуде. NRA болса құқық қорғаушылардың бұл әрекетін «негізсіз, қасақана жасалған шабуыл» деп сипаттады.
NRA елде қару неғұрлым көп болса, ел соғұрлым қауіпсіз болады деген ұстанымда. Ол АҚШ Конституциясына өзгеріс енгізуге ұсынылған азаматтарға үкіметтің бақылауынсыз қару алып жүру құқығын беретін екінші түзетулерді қолдап отыр. Сэнди Хукта 2012 жылы болған атысты Лапьер «мектепте қарулы күзетшілердің жоқтығынан адамдар қаза тапты» деп айтқан еді. «Осыдан кейін ол сынға ұшырап, құқық қорғау органдарының ізіне түсуіне себеп болды» деп жазады сарапшылар. Ол жалпы қаруға иелік етуді шектейтін жергілікті, штаттық және федералдық заңдардың көпшілігіне үзілді-кесілді қарсы. Мысалы, ол полиция тәркілеген мылтықтарды қайта сатуды қолдап, «қаруды жою – оларды ысырап ету» деп мәлімдеді.
Қауымдастықтың бюджетін саралайтын болсақ, ұйым қару-жарақ саясатына әсер ету үшін жылына шамамен 3 млн доллар жұмсайды. Мәселен, 2014 жылы оның лоббиге жұмсаған сомасы 3,3 млн долларды құраған. «Осы уақытқа дейін осы мақсатқа жыл сайын тұрақты қаржы бөліп, оны ресми түрде жариялап келеді», дейді сарапшылар. Сонымен қатар, сарапшылар NRA өзінің саяси белсенді мүшелері арқылы айтарлықтай ықпалға ие екенін атап көрсетеді. Ұйымды жақтаушылар қатарында жоғары лауазымды тұлғалар бар, соның ішінде АҚШ-тың бұрынғы президенті үлкен Джордж Буш, бұрынғы вице-президентке үміткер Сара Пэйлин және кино актерлері Том Селлек пен Вупи Голдберг болды. Ал актер Чарлтон Хестон 1998-2003 жылдар аралығында NRA президенті қызметін атқарды.
P.S. АҚШ Педиатрия академиясы 2021 жылы жариялаған жеке зерттеуінде пандемия кезінде балалар мен жасөспірімдердің қару қолдану көрсеткішінің және олар тарапынан жасалатын қылмыстың өскенін айтады. Қолына қару алып, мектеп оқушыларына ашық оқ жаудырған күдікті жасөспірімдердің барлығы дерлік оқиға орнында полицияның қарсы бағытталған оғынан қаза табады. Америкалық құқық қорғаушылар бейбіт халыққа оқ жаудырғандарды осылай жазалайтын секілді...