Донбаста қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр. Ресей әскері біртіндеп алға жылжып, кейбір елді мекенді басып алды. Украина қарулы күштері сарбаздар қоршауда қалып қоймас үшін бірнеше селоны өз еркімен тастап кеткенін мәлімдеді.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі басқармасының мәліметтеріне сәйкес 24 ақпаннан бері Украинада 3 974 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Мерт болғандардың 259-ы – балалар. Қайтыс болғандардың жартысынан көбі Донецк және Луганск облыстарына тиесілі. Сондай-ақ 2 106 адам Киевке таяу маңдағы аумақта бақиға аттанған.
Соғыс басталғалы қаза тапқандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Мұны ұйым өкілдері де мойындап отыр. Өйткені БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасы тексерілген нақты ақпараттарға ғана сүйенеді. Украина билігінің пайымдауынша, Маруиполь қаласының өзінде ғана 20 мың бейбіт тұрғын опат болған.
BBC арнасының хабарлауынша, Ресей әскері Луганск облысының Украина бақылауындағы бөлігінің әкімшілік орталығы Северодонецкіге шабуылдауға кіріскен. Қазіргі таңда қала жартылай қоршалған. Оны Украинаның басқа бөлігімен байланыстыратын негізгі күре жолға Ресей артиллерия оғын жаудырып жатыр.
Луганск облыстық әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай Северодонецкіні Ресей әскерлері мен ұшақтары жаппай атқылап, бомбалап жатқанын мәлімдеді. «Тәулік бойы қиратып жатыр. Ұшақтардан бомбалар тастайды, «Град», «Смерч» пен артиллериямен атқылайды», дейді ол.
Түрлі ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресей әскері Северодонецкіге үш жақтан шабуылға шыққан. Енді бір мәліметте қала маңында ұрыс жүріп жатқаны айтылған. Гайдайдың айтуынша, ресейлік әскер минометпен атқылауға мүмкіндік беретін қашықтыққа дейін жақындаған.
Еуропалық одақ, АҚШ және Ұлыбритания тарапы Ресейдің қылмыстық әрекетін жауапкершілікке тарту әрекеттерін үйлестіретін Қауіпсіздік қылмыстары бойынша консультативтік топ құратынын хабарлады. Оның негізгі миссиясына Украина Бас прокуратурасына көмектесіп, Ресей әскерлерінің қылмыстарын жинақтау, сақтау және талдауға жәрдесу кірмек. Консультативтік топқа кіретін сарапшылардың көпшілігі қауіпсіздік мақсатында Польшада орналасады.
«Ресейдің Украинадағы негізсіз әскери агрессиясы кезінде жасалған жантүршігерлік зұлымдық жасағанның бәрін жауапқа тартуды қамтамасыз ету өте маңызды. Әскери қылмыстар жазасыз қалмайды», деді Еуропалық одақ дипломаты Жозеп Боррел.
Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Лиз Трасс Ресей президентін «тыныштандыру» әрекетін қауіпті деп санайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол Украинаға қару-жарақ жеткізуді көбейтуді және Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді сұрап отыр.
«Ресей агрессиясын басу мүмкін емес. Оған күшпен қарсы тұру керек. Біз әскери көмек пен санкция арқылы Украинаның жеңісін қамтамасыз етуде табанды болуымыз керек. Біз енді тоқтай алмаймыз», деді Лиз Трасс.
Таяуда Давоста өткен форумда бірқатар мемлекет қайраткері Украинадағы соғысты тоқтату үшін Киев билігі Ресейдің айтқанына көнуі қажет дегендей пікір білдірді. Атап айтқанда, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған Генри Киссинджер Украинаны соғысқа дейінгі территорияны ғана қайтарып, бейбіт келісімге қол қоюға шақырды.
Алайда оның пікірі Украина билігіне ұнаған жоқ. Ел президенті Володимир Зеленский Украина аумағының бір бөлігін Ресейге беру туралы ұсынысты сынға алды.
«Ресей қандай әрекетке барса да, «олардың мүддесін ескерейік» дейтін біреу шығады. Биыл Давоста мұндай пікірді тағы естідік. Ресейдің мыңдаған зымыраны Украинаны қиратқанына қарамастан. Он мыңдаған украин өлтірілгеніне қарамастан. Буча мен Мариупольге қарамастан. Қираған қалаларға қарамастан. Ресейдің адамдарды конвейердегідей өлтіріп, азаптап, зорлап, қорлайтын «тәрбиелеу лагерьлеріне» қарамастан», деп кейіді Володимир Зеленский.
Кей сарапшылар Ресей сарбаздарының Донбаста алға жылжуына қарамастан, әскерінің әлеуеті әлсіреп бара жатқанын алға тартады. Бұған негіз жетерлік. Таяуда әлеуметтік желіде Т-62 танкілері тиелген эшелонның Украинаға қарай кетіп бара жатқаны бейнеленген видео тарады. Кейінірек сол эшелон Мелитополь қаласына барып жеткен. Айта кетерлігі, Т-62 танкілері Кеңес Одағы кезінде қолданыста болғанымен, кейіннен ескіргеніне байланысты саптан шығарылған. Сарапшылар Мәскеу тарапының қоймадағы көне танкілерді шығаруын әскердегі техниканың көптеп қирауымен байланыстырып отыр.