Елордадағы Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің жастар қанаты «Референдум – маңызды демократиялық институт» тақырыбында сараптамалық дөңгелек үстел өткізді.
Дөңгелек үстел жұмысына «Ассамблея жастары» РҚБ, Нұр-Сұлтан қаласындағы Amanat партиясы Алматы аудандық филиалының өкілдері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенттері және Жастар қанаттарының мүшелері қатысты.
Іс-шараны алғысөзімен ашқан «Ассамблея жастары» РҚБ Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілдігінің басшысы Анастасия Тимощенко референдумның маңыздылығына тоқтала келе, халық даусының шешуші рөл атқаратынын, сол себепті де оған әр азаматтың атсалысуы керектігін атап өтті.
«Мемлекет басшысы ел Конституциясына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдум өткізуді ұсынды. Біздің ортақ миссиямыз – қоғамымыздың даналығы мен кемелдігін тағы да дәлелдеп, Отанымыздың болашағына, оның дамуы мен гүлдену жолына үлкен әсер ететін референдум өткізуге ықпал ету», деп атап өтті ол.
«Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев Жаңа Қазақстанның тұжырымдамасының маңыздылығын түсіндіре келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл идеяны жүзеге асыру тетіктері туралы қоғамдық пікірталастар үшін қолайлы алаң бола алатынын атап өтті.
Отырыс барысында Amanat партиясының Алматы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Игорь Нессен, күш нөмірлері бойынша әлемнің төрт дүркін рекордшысы, Гиннестің рекордтар кітабының рекордшысы, қазақ халқының күштік дәстүрлерін жалғастырушы Сергей Цырульников, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің студенті Саян Сұңғатов, «Оберег» украиндар қоғамының жастар қанаты төрағасының орынбасары Юлия Лагуткина, «Возрождение» немістер қоғамының «Диамант» неміс жастары клубының төрағасы Анастасия Киреева, «Ақбозат» башқұрт этномәдени бірлестігінің жастар қанатының төрағасы Ангелина Медведева, Polacy ҚБ жастар қанатының төрағасы Виктория Миленко және «Ассамблея жастары» елордалық мүшелері өзара пікір алмасып, референдум аясында өткізіліп жатқан жастармен түсіндіру жұмыстарының негізгі басымдықтарына тоқталды. Жиында референдумның мән-мазмұнын кеңінен сөз еткен спикерлер уақыт талабына сәйкес конституциялық реформалардың маңызын да атап өтті.