Білім мен ғылым – мемлекеттің дамуына, өркендеуіне тікелей серпін беретін сала. Ел тәуелсіздігін ала сала мектептер мен жоғары оқу орындарында әлемдік өркениет талаптарына сай білім беруді мақсат еткен едік. Бүгінгі таңда білім мен ғылым айрықша даму жолына түсті. Мәселен, Зайсан ауданында «100 мектеп» бағдарламасы аясында жаңа 10 мектеп ғимараты пайдалануға берілген.
Сауыр-Сайқанның етегін ен жайлаған Зайсан ауданында 7 мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілсе, одан бөлек жыл сайын 7-8 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бір ерекшелігі, ауданның жеті мектебінің жылу қазандықтары газға ауыстырылды. Сынып кабинеттерін жаңғырту, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауда мектеп түлектерімен, ардагер ұстаздармен бірлескен қайырымдылық жұмыстары аудан мектептерінде жүйелі түрде жүргізіледі. Нәтижесінде, білім беруде еңбек сіңірген ұстаздар атына 53 кабинет ашылып, оқушылар игілігіне ұсынылған.
– Зайсан қаласында көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан үй берілгендіктен, мектеп оқушыларының саны артты. Сол үшін де сапалы жалпы орта білім беруді қамтамасыз ету мақсатында Сауыр шағын ауданында 300 орындық заманауи үлгідегі мектептің қазығы қағылды. Сәтті аяқталса, мектепті 2023 жылы беріледі деп жоспарлап отырмыз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Тлемесов.
Сауыр шағын ауданында жаңа мектеп бой көтеретін болса, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жалпы аудандағы мектептер цифрлы технологияға ауысып жатыр. 11 толық жинақты және 1 шағын жинақты мектепте роботтехника кабинеті, 15 шағын жинақты мектепте ІТ кабинеті жұмыс істейді. 27 мектеп, 17 балабақша, 2 қосымша білім беру мекемелері интернет желісіне 100 пайыз қосылған.
– Қазіргі заманда интернеттің ауадай қажет екенін пандемия жылдарында шын түсіндік. Мектептердің барлығына дерлік интернет тартылғандықтан аса қиындық көре қойған жоқпыз. Сонымен қатар ІТ кабинеттер жұмыс істеп тұр. Оқушылар цифрлы заман талабына сай білімдерін алып отыр, – дейді пікір білдірген М.Дәуленов атындағы мектеп-интернатының физика пәнінің мұғалімі Алмагүл Исабекова.
Ал Х.Мустафина атындағы мектеп базасында 2016 жылы мектеп-лицейі ашылып, дарынды 343 оқушының жаратылыстану-математикалық бағытында терең білім алуына жағдай жасады. Сол жылы аудан мектептерінде спорт сыныбы, кадет сыныбы, мектепалды даярлық зияткер сыныбы және «Ертөстік» балабақшасында валеологиялық топ жұмысын бастады. Сондай-ақ 2019 жылы М.Ломоносов мектебінде кадет сыныбы ашылып, Тәуелсіз елдің қорғаны болатындай патриот азаматтар тәрбие алып жатыр.
– Ауданның білім саласындағы атқарып жатқан жұмыстарын біз жақсы білеміз. Оқушылар әр түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі оралып жатқандарын да көріп, қуанып отырамыз. Сауыр шағын ауданында жаңа мектептің құрылысы басталатынын естігенде, қуанышымыз екі еселенді, – дейді алты баланың анасы Татьяна Родионова.
Айта кетерлігі, Зайсан ауданында Тәуелсіздік жылдары 11 мектеп, 17 балабақша, 14 шағын орталық ашылған екен. Жекеменшік балабақшалардың үлесі жыл сайын артып, бүгінде онға жетіп, 58,8 пайызын құрап отыр.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы