Украинадағы жағдай бүкіл әлемге қиынға соғып отыр. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, қақтығыс салдарынан жүз мыңдаған адам аш қалуы мүмкін. Ал шептегі жағдай айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Ресей тарапы Донбастағы бірнеше елді мекенді басып алғанын мәлімдеді. Бірақ Украина жағы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Ресей қорғаныс министрлігі Лиман қаласын толықтай басып алғанын хабарлады. Алайда Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр мұны жоққа шығарды. Оның айтуынша, қалада әлі де ұрыс жүріп жатыр.
«Түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте. Бірақ жағдай шынымен қиын деп нақты айта аламын. Қарсылас күшті, бірақ Украинаның қарулы күштері де күшті», деді А.Маляр.
Сондай-ақ Северодонецк қаласында да кескілескен шайқас жүріп жатыр. Луганск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай өзінің телеграм каналында шаһардың әлі де берілмей тұрғанын жазды. Оның айтуынша, Ресей әскері қаланың шетінде орналасқан «Мир» қонақүйін басып алуға ұмтылып жатыр. Бірнеше рет шабуылға шыққанымен, айтарлықтай шығынға ұшыраған. Тіпті қонақүйді басып алып, сол маңды бақылауға да алған екен. Бірақ Украина жауынгерлері ғимараттан оларды қуып шыққан.
Сондай-ақ Ресей тарапы Украинаның шептен алыста жатқан қалаларын ракетамен атқылады. Днепропетровск облысындағы Кривой Рог қаласына осындай зымыран құлаған. Бұдан бөлек, Сумск облысына әуеден шабуыл жасалды. Шекара маңындағы елді мекендердің бірінде ракета шіркеу, балабақша мен тұрғын үйлерге түскен. Соның салдарынан бір әйел жараланған.
Славянск қаласының мэрі тұрғындарды қауіпсіз аймаққа кетуге шақырды. Осыған байланысты эвакуациялау үшін арнайы автобустар жолға шығатынын мәлімдеді.
Апта соңында Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольц Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сүйенсек, Макрон мен Шольц Путинді Мариупольдегі «Азовсталь» зауытында тұтқынға түскен 2 500 украин сарбазын босатуға шақырған. Бұл туралы Франция президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Германия үкіметі таратқан мәлімдемеде Шольц пен Макронның «тез арада атысты тоқтатуды және ресейлік әскерлерді шығаруды талап еткені» айтылған. Мемлекеттер басшылары Путинді «Украина президентімен тікелей келіссөздер жүргізуге және қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуге» үгіттеген.
Кремль таратқан ақпаратқа сүйенсек, В.Путин әріптестерінің кеңесін тыңдамаған сыңайлы. Ол Ресей әскері халықаралық құқықты сақтайтынын айтып, әлемде туындауы мүмкін астық дағдарысына Украина мен Батыс елдерін кінәлаған.
Шындығында, Ресей әскери кемелері Украинаның бүкіл портын блокадаға алып, аталған елдегі астықтың шетелге шығуына кедергі келтіріп тұр. Оның үстіне, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Украина бидайын ресейлік кемелерге тиеп әкетіп жатқанын хабарлаған еді.
Бұл аз десеңіз, Ресей тарапы Мариуполь қаласындағы металды әкете бастаған. BBC арнасының мәліметіне сай, қала портына «Славутич» үлгісіндегі ресейлік алғашқы кеме кірген. Сөйтіп, оған жүк тиеле бастапты. Жоспар бойынша дүйсенбіде кеме Дондағы Ростовқа қарай жолға шығады.
Киев билігі Мариуполь портында ресейлік кеме жүк тиеп жатқанын растап, мұны тонау әрекеті деп атады. Жоғарғы Раданың адам құқықтары жөніндегі уәкілі Людмила Денисованың айтуынша, бірінші кемеге 3 мың тонна металл бұйым тиелген көрінеді. Оның мәліметіне сүйенсек, басып алғанға дейін Мариуполь портында құны 170 миллион долларға жуық 200 мың тонна металл болған.
Әлем елдері Украинаға көмектесуін жалғастырып жатыр. Мәселен, кемеге қарсы қолданылатын Harpoon зымырандары жеткізіліп үлгерілді. Бұған дейін ауыр қару түрлерін жеткізу туралы айтыла бастаған еді. Осындай қару-жарақтың біреуі – Harpoon болатын.
Одесса облысы әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Братчуктың сөзіне сенсек, Украинаға әкелінген «Гарпундар» Ресейдің Қара теңіз флотын су түбіне батыруға жеткілікті. Бұл зымырандардың келгенін сенбі күні елдің Қорғаныс министрлігі растады. Қару Ұлыбритания, Дания және Нидерланд арқылы тасымалданған. Әзірге нақты қанша ракета берілгені айтылған жоқ.
Украина жалпы «Нептун» секілді жағалаудан атылатын кемеге қарсы зымырандар жасайды. Бірақ олардың саны шектеулі. Сарапшылардың пайымдауынша, Harpoon секілді ракеталар Ресейдің теңіз блокадасын бұзуға көмектесе алады. Өйткені ашық теңізде Harpoon зымырандары кез келген кемені су түбіне батырады.
АҚШ медиасының хабарлауынша, келесі аптада Джо Байден әкімшілігі Украинаға ұзақ қашықтыққа ататын зымыран тасығыштар жөнелтілгенін жариялауы мүмкін. Бұл туралы New York Times және Wall Street Journal газеттері қатарынан жазды.
WSJ мәліметіне сүйенсек, Украинаға дүркінді реактивті жүйе жеткізілуі мүмкін. Батыс ұсынатын мұндай қару түрі Украина қарулы күштерінде бар жүйелерден әлдеқайда қуатты. Алда-жалда оларды жеткізе қалса, украиндар қашықтан оқ жаудыра алады.
АҚШ сонымен қатар HIMARS дүркінді реактивті жүйесін жөнелтуді жоспарлап отырған көрінеді. HIMARS жүк көліктері алты GMLRS зымыранын немесе басқарылатын үлкен бір зымыран тиелген контейнерді тасымалдауға қабілетті. Онымен оқ жаудырған соң тез арада басқа жерге орын ауыстыруға қолайлы. GMLRS зымырандарын бірнеше секундта атуға болады. Оның қуаты әуе бомбаларымен бірдей. Бірақ АҚШ бұл жүйелердің қаншасын беруді жоспарлап отырғаны белгісіз. New York Times газеті жаңа қару бірнеше апта ішінде Украинаға жеткізілетінін жазды.
Бұқаралық ақпарат құралдарында мұндай жаңалықтың шығуы Ресей тарапын бейжай қалдырған жоқ. «Біз парасаттылық жеңіп, Вашингтон мұндай арандатушылық қадамға бармайды деп үміттенеміз», деді Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов.
Дүркінді реактивті жүйелерді Украина президенті Володимир Зеленский соғыс басталғалы Батыстан сұрап келеді. Бірақ АҚШ мұндай қадамға асыққан жоқ. Сарапшылардың пікірінше, Ақүй сақтық шарасы мақсатында бұған бармай отыр. Өйткені Джо Байден әкімшілігі Украина қарулы күштері алысқа ұшатын HIMARS-пен Ресей аумағын атқылауы мүмкін деп қауіптенеді.
Әйтсе де, кейінгі кезде Батыстың бірқатар басшысы тез арада Украинаға ауыр қару түрлерін жеткізуді қолдады. Мәселен, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында америкалық алыс қашықтыққа ұшатын зымыран тасығыштарды Киевке беруді қолдаған.
Соғыстың салдары да ауыр болып тұр. Украина бас прокурорының мәліметінше, Ресейдің қарулы агрессиясы салдарынан Украинада 682 бала зардап шеккен екен. Соның ішінде 242 бала қаза тауып, 440-тан астамы жарақат алған. Олардың көпшілігі Донецк облысында (153), Киевте (116), Харьковте (108) зардап шеккен. Украинаның қалалары мен ауылдарын Ресей әскерінің үздіксіз бомбалауы мен атқылауы салдарынан 1 888 оқу орны зақымданса, 180-і толығымен қираған.
Қытай шетелде ресми тіркеуден шығарылмаған ресейлік Boeing және Airbus ұшақтарына өз әуе кеңістігіне кіруге тыйым салған. Ең әуелі жүк тасымалдаушы компанияларға шектеу қойылған. Енді ресейлік жолаушылар тасымалдаушы компаниялар Қытайға бара алмайды.
Еуропалық одақ Ресейге санкциялар салғаннан кейін көптеген шетелдік компания ресейлік тасымалдаушыларға ұшақ беруді тоқтатты. Теориялық тұрғыда наурыз айының соңында ұшақтардың көпшілігі өз иелеріне қайтарылуы керек еді. Әйтсе де, Ресей оларды берген жоқ. Наурыздың ортасында Ресей билігі ұшақтарды қосарлы тіркеуге рұқсат беретін заң қабылдады. Бірақ қосарланған тіркеу Халықаралық азаматтық авиация ұйымы – ИКАО талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан Қытай тарапы ресми тіркеуден шығарылмаған ұшақтардың елге кіруіне тыйым салды.