Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі сапасыз интернет ұсынған операторлардың қандай жазаға тартылғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ведомство Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сапасыз интернет үшін салынатын айыппұлдың мөлшерін ұлғайтатын өзгерістер әзірледі. Атап айтсақ, ірі бизнес нысандарына сапасыз интернет ұсынғаны үшін салынатын айыппұл 100 айлық есептік көрсеткіштен (318 000 теңге) 1000 АЕК-ке (3 180 000 теңге) дейін ұлғайтылмақ. Ал олқылық бір жылдың ішінде екінші рет қайталанса, айыппұл 1500 АЕК-ке (4 770 000 теңге) көтеріледі», деп жазады ведомство мамандары.
Ведомство тарапынан сапасыз интернет үшін 132 млн теңгеге айыппұл салынған. Ал аталған салада қызмет көрсететін операторлар былтыр 884 млрд теңге табыс тапқан. Сонда салынған айыппұл көлемі табыстың 0,01% ғана деген сөз.
«Осыны негізге алсақ, интернет сапасына байланысты салынатын айыппұл ұлғайса, тарифтер де өсуі керек деген уәждің еш негізі жоқ», делінген ведомство хабарламасында.
Аяна Тоғанбек