• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 31 Мамыр, 2022

Қарағанды облысында көкпардан чемпионат өтті

964 рет
көрсетілді

Бұқар жырау ауданындағы Петровка ауылында көкпардан 23 жасқа дейінгі жастар арасында Қарағанды облысының чемпионаты өтті, деп жазады Egemen.kz.

Аталған сайысқа Қарқаралы, Жаңаарқа, Осакаров, Бұқар жырау, Ақтоғай, Шет және Нұра аудандарынан жеті команда қатысып, өзара шын мықтыны анықтады. Жалпы, жүлде қоры 1 миллион 200 мың теңгені құраған төл спорттың дүбірлі додасында 100-ге жуық палуан бақ сынады.

Көкпар чемпионатының ашылу салтанатында облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, спорт қайраткері Ерден Халилин сөз сөйлеп, жас палуандарға сәттілік тіледі.

Екі күнге созылған сайыс қорытындысында Шет ауданының көкпаршылары топ жарды. Екінші орын Жаңаарқа ауданының командасына бұйырса, үшінші жүлдені Бұқар жырау мен Нұра аудандарының палуандары өзара бөлісті. Ал, чемпионаттың үздік шабуылшысы болып Шет ауданы командасының 18 жастағы палуаны Темірлан Тілеубек танылды.

Жеңімпаз команданы соңғы төрт жыл бойында жаттықтырып келе жатқан тәлімгер Жасұлан Боханов жастар арасындағы ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанына қуанышты екенін айтады.

– Команда мүшелерін таңдау кезінде біз ең алдымен ептілік пен батылдыққа мән береміз. Сондай-ақ, палуан тек атқа отырып қана қоймай, жылқыны сезініп, командада ойнай білуі керек. Шабандоздар арасында толық түсінік болғаны жөн. Көкпарда кімнің «салма» салатыны маңызды емес, мәселе жалпыкомандалық есептің нәтижесінде, – дейді Шет ауданы ұжымның жаттықтырушысы.

Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша облыстық «Қайрат» спорт мектебінің директоры Нұржан Шайхин бұл чемпионаттың өңір құрама командасына лайықты үздіктерді іріктейтін турнирге жататын айтады.

– Жарыс қорытындысында іріктелген көкпаршылар келесі жылдың наурыз айында өтетін ел чемпионатында өнер көрсететін болады. Жалпы, біздің көкпаршыларымыздың мүмкіндігі жоғары және олардың келешегі зор, – дейді Н.Шайхин.

Айта кету керек, аталған көкпар додасына қазақтың белгілі кәсіпкері, меценат, Nәtige сүт фабрикасының басшысы Ерлан Әшім демеушілік етті. Ал ұйымдастырушылар болса, көкпардан облыс чемпионатын жыл сайын Петровка ауылында өткізуді ұйғарып отыр.

 

Қарағанды облысы