Алматы халқы арада жүз жыл өтсе де қасіреттің жасы әлі құрғамағанын көктен көздің жасы тамғандай нөсерлете жауған жаңбырдың астында тұрып сезінді. Жыл сайын 31 мамырда ашқұрсақ баласын құшақтап, аштықтан әлсіреген ананың бейнесіндегі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына орнатылған ескерткіш түбіне жиналатын шаһар тұрғындары атаулы күнге орай зұлмат жылдары опат болған асыл бабаларын еске алды.
«Қарағайлы» саябағындағы тағылымы терең жиынға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, сондай-ақ Парламент Сенатының депутаттары, ашаршылық құрбандары мен қуғынға ұшырағандардың ұрпақтары, олардың өмірін зерттеп жүрген ақын-жазушылар, ғалымдар, Алматы қаласының зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ескерткішке жиналған қауым қасіретті жылдардың құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспанұлы ашаршылық жылдарынан кейін әр уақыт кезеңінде опат болған боздақтардың рухына арнап Құран аяттарын оқып, дұға бағыштады.
Ұлт мұраты жолында басы айдауда, бармағы шайнауда кеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ел алдындағы еңбегі, соңына қалдырған мұрасы жас ұрпақтың жадынан ешқашан өшпек емес. Жиында сөйлеген зиялылар тоталитарлық озбыр саясат жүргізген қудалаудың салдарынан құрбан болған жазықсыз жандардың рухын ардақ тұту, есімдерін ұмытпай, ұлықтап отыру бүгінгі және келер ұрпаққа жүктелетін міндет екенін айтты. Қазақ халқының тағдырын тоз-тозын шығарып, ауқымды бөлігін ашаршылық құрбаны етіп, үлкен бөлігін үркіншілікке ұрындырған нәубет жылдардың қасіретін ел есіне салып, зұлматтың тарихын зерттеуден талмай келе жатқан белгілі қаламгер Смағұл Елубайдың тың ұсынысын көпшілік бірден құптады.
«Қасіреттің де түр-түрі болады. Бірақ біздің ұлтымыз үшін қасіреттің де қасіреті – ашаршылық пен осы зобалаң жылдар болып тарихта мәңгі қалады. Халықтың ұғымында «ақ өлім», «қара өлім» деген ұғым бар. Өкінішке қарай, 5 миллион халықтың ажалын «ақ өлім» деп айта алмаймыз. Бұл қасіретке бүкіл халық болып бас июіміз керек. Ал біздің Парламент отыз жылда отыз секунд үнсіздік жариялай алмады. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы заңы қабылданды. Осы заңның мәтінінен «ашаршылық» деген сөзді алып тастады. Кешегі кеңестік сананың сарқыншағы миллиондаған құрбанның аруағынан қорықпай, «ашаршылық» деген сөзден қорқып, сыздырып тастады. 1921-1922 жылдың ашаршылығына 100 жыл, 1932 жылдың ашаршылығына 90 жыл, репрессия құрбандарына 85 жыл толып отыр. Алдағы уақытта дәл осы күндері қаламызда «Мәңгілік халық» деген шеру өтуі керек. Келесі жылы еске алуға келген халық құрбандардың портреттерін көтеріп, жұбын жазбастан сонау Желтоқсан ескерткішіне дейін шеру жасауы тиіс. Бүкіл халық болып қайғырғанымызды жастар көреді, өткеннен тағылым алады. Осы ұсынысымды қабыл алыңыздар!», деді жазушы.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Хангелді Әбжанов Қазақ ұлтын жайпап өткен үш қасіретке ерекше тоқталды. Академиктің дерегіне қарағанда, 1920 жылы Қазақстан халқының 80 пайызы қазақтар болған, ал 1959 жылғы санақ қазақтың бар болғаны 29 пайыз екенін көрсетті. Аз уақыт ішінде өз елінде, өз жерінде отырып осыншама азайып кеткен ұлт жер бетінде некен-саяқ.
Бірінші қасіретті ашаршылықпен байланыстырған ғалым ұлт қасіретінің негізгі үш себебін атады. «Екінші қасірет, жаламен ұсталып, жазықсыз шейіт болғандар. Осының кесірінен халқымыз тілден де, ділден де айырылды. Үшінші қасірет – қазақ жерінің талан-таражға түскені. Бүгінде Орынбор қаласы қазақтың астанасы, Ташкент қазақтың отырған орны десе, кім сенеді? Әлихан Бөкейханның кітабында Қазақстанның картасы бар. Ол дөңгелек шар тәріздес пішінге ие. Ал бүгінгі картаға қарасақ, қазақтың жерінің екі шеті жоқ, созылып кеткен. Ұлт өміріне нәубеттер мен ашаршылық жүргізілгенде көзделетін мақсаты біреу ғана, ол – отарлаушының осы жерге шексіз билігін орнату. Оған жету жолындағы айла-шарғысы да мың түрлі болды. Кеңестік империяның озбырлығы 1921, 1932, 1937 жылмен ғана шектелмейді, ол жүйелі түрде жасалып отырды. Өкініштісі, осы қасіретке біз әлі сүлесоқ қараймыз. Әлі мыңдаған емес, жүздеген мың қазағымыз ақталмай жатыр. Олардың ақталмағаны былай тұрсын, «ақталды» деген ұлы тұлғаларымыздың құжаттары әлі құпия. Жабық, ашылған жоқ. Қолға берілмейді. Демек ақталмаған сол қазақтарды әлі күнге абақтыда жатыр деп есептеуімізге болады. Соңғы құрбан ақталғанша Қазақстанда тоталитаризм ізі толығымен жоғалды деп айта алмаймыз».
Ең ауыры, құрбан болған боздақтардың көпшілігінің ұрпағы аталарының не үшін айыпталғанын, сүйегінің қайда жатқанын білмейді. Архивті ақтарғанымен, арғы жағы құмға құйған судай ізім-ғайым жоғалады. Қуғын-сүргін мәселесі – қазақтың бітеу жарасы. Әлі орнына келмеген қателіктерді, селқостық пен жайбарақаттық жойылғанда ғана қуғын-сүргін құрбандары толық ақталды деп айтуға негіз болады.
Бұдан соң Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, азалы жиынға қатысқан алматылықтар, Желтоқсан оқиғасына қатысқандар ескерткішке арнайы гүл шоғын қойды. Тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған нәубет әрдайым ел жадында жүруге тиіс. «Мұндай зұлмат ешқашан қайталанбасын!» деген игі тілекпен іс-шараны ұйымдастырушылар тағзым жасағандарды Алматы қаласындағы Орталық мешітте бағышталатын Құран-хатым мен «Жұлдыз» мейрамханасындағы аруақтар рухына арналған асқа шақырды.
АЛМАТЫ