• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 31 Мамыр, 2022

Балалардағы баспа дерті қауіпті ме?

1127 рет
көрсетілді

Жарқыраған жаз айы босағадан аттағалы базар мен дүкендерде балмұздақ атаулы самсап тұр. Әрісі түрлі түсті салқындатылған газды сусындар көздің жауын алады. Мұндай кезде көбіне балалардың балмұздақ пен сусындарды артығырақ пайдаланудан тамағы ауырып жатады.

Баспа ауруы балаларда ғана емес, орта жас пен егде адамдарда да кездеседі. Бірақ балалардың ауыру ықтималдылығы жоғары. Себебі баспаға апаратын бірден-бір жайт – мұздай заттарды мөлшерінен тыс пайдалану. Жалпы, баспаның белгілері қандай? Біріншіден, алғаш ауы­ра бастағанда баланың бойынан күш кетіп, әлсірей бастайды. Екіншіден, басы мен тамағы ауырып, қызуы жоғарылайды. Мұнымен қоса тамағы ісініп, жұтынғанда ауыртып, іріңге айналуы да мүмкін.

Мамандардың айтуынша, баланың ауруға шалдыққанын көрген тұста бірінші дене қызуын өлшеу керек. Егер қызуы жоғары болса, баланы шешіндіріп, денесін суық сумен сүрту қажет. Егер қызуы 38 градустан жоғары болған жағдайда түрлі таблеткалар мен қызуды төмендететін сироптар пайдаланған жөн.

«Медцентр МУА» ЖШС ор­талығының жалпы тәжірибе­лік дәрігері Фариза Аханқызы бас­па ауруының балада пайда болуы жөнінде: «Баспа ауруы – ба­дам­ша бездердің инфек­­ция­лық ­қа­бы­­­нуы деген сөз. Оның қоздырғы­шы – негізінен стреп­тококк бакте­риясы. Ал негі­зі­нен бадамша без­дер – біздің ағза­мызды түрлі вирустардан, қо­сымша біздің имунитетіміз ре­тін­де бак­терия­ларды ағзаға тыныс жол­­дары арқылы өтіп кетпеуі үшін сүзіп алып қорғап отырады. Бірақ кейбір инфекциялық жағ­дайларда төтеп бере алмай, бадамша бездері іріңдеп, ісіп, қабыну процесіне ұшырайды да, соның салдарынан баспа ауруы пайда болады.

Елімізде ангинамен бірге қатар жүретін инфекциялық аурулар бар. Солардың барлығын жалпы айтатын болсақ, пайыздық мөлшермен 63 пайызды құрайды. Оның ішіне тұмау, баспа аурулары кіреді. Мұнымен балалар жиі ауырады. Әсіресе күз, қыс, көктем басталған уақытта он бес жасқа дейінгі балалар көбіне осы ауруға шалдығады» деп атап өтті.

Ал «Баспа ауруы қандай себептерден туындайды?» деген сұрағымызға Фариза ханым: «Бұл аурудың негізі вирустық инфекциялар, бактериялар, сонымен қатар балаларда емделмеген тіс жегісі болып саналады. Өйткені тіс жегісінде көп вирустар жиналады, со­ның кесірінен баспа ауруы туындайды. Мұнан соң егер бала дұрыс тамақтанбаса да баспаға шалдығады. Ата-аналармен сөйлесу барысында балалардың дұрыс тамақтанбайтынын, қа­жетті дәрумендерді тамақтан алмай жататынын білеміз. Соның салдарынан балада имунитет тө­мендейді», дейді дәрігер.

Шынында, бүгінгі балалар­дың тұтынатын тағамдары сын көтермейді. Әртүрлі мармеладтар мен тез дайындалатын өнімдер денсаулыққа пайдадан гөрі көбірек зиян әкелуде. Табиғи сүт өнімдері мен аста-төк жеміс-жидектермен қо­рек­тенетін балалар саны бұл күн­де сирек. Баспа ауруы кейде елеу­сіз ғана көрінгенімен оған немқұрайды қарауға болмайды.

– Барлық инфекциялық ауруларға ұсынатынымыз – балаға сұйықтықты көп беру. Қажетті сұйықтықты бөліп-бөліп күніне бірнеше рет ішіп отыру қажет. Сонымен қатар сұйық, сіңімді тамақтарды ішу қажет. Өйткені баспа кезінде бадамша бездердің барлығы қабынып тұрғандықтан құрғақ тамақтар балаға ауырсыну туғызуы мүм­кін. Сонымен бірге ауызын тұзды сұйықтықпен шаю керек. Егер балада шыдатпайтындай ауыр­сыну болып жатса, қабынуға қар­­сы препараттар тағайындауға болады. Ибуфен, ибупрофен, парацетамол сынды препараттар дертті жеңуге көмектеседі. Сосын арнайы спрейлерді де та­ғайындаймыз, олардың түрле­рі өте көп. Кішкене болса да бала­ға жеңілдік туғызып, қабынуға көмегін тигізеді. Ата-аналарға айтатынымыз, бөлме қатты құр­ғақ болмауға тиіс, бөлмені ылғал­дандырып отыру керек. Ауыр­ған баланың өзін оқшаулап, гигиеналық жағдайына жақсы қарап, ата-анасының арнайы бақы­лауында болуға тиіс, – деді дәрігер Фариза Аханқызы.