Бұл күндері волонтерлардың барлығы дерлік кез келген ауа райында киіп жүруге ыңғайлы киімдер мен керек-жарақтарға ие болды. Қазірдің өзінде ұйымдастыру шараларына қатыса бастаған еріктілер бір-бірімен танысып, бір мақсат жолына жұмыла кірісуге дайын.
Волонтерларға ғана емес, Универсиада-2017 ұйымдастырушыларына, техникалық мамандар мен төрешілеріне арнайы киім-кешек тігуге «Алтын Жұлдыз Textile» фабрикасы таңдалынып алынған.
«Алтын Жұлдыз Textile» фабрикасының дизайнерлері мен технологтары қысқы Универсиаданың ұйымдастыру комитетімен бірлесе отырып, бұл киімдерді ашық әрі ыңғайлы етіп тігуге барын салған.
– Мәселен, волонтерлер күртешесі Универсиада қонақтары мен қатысушыларының көзіне бірден шалынатындай етіп ашық жасыл түсті болып тігілді. Ашық түстер қысқы Универсиаданы өткізіп отырған ел – Қазақстанның жайдарлылық сияқты қасиеттерін айшықтайды. Оған қоса, бұл киім жастарға да жақсы жарасады, – дейді дизайнер Зарина Ілиясова.
Арнаулы киім технологі Луиза Нұрғалиева жарыстар мен ұйымдастыру жұмыстары көбінесе далада өтетіндіктен, Алматының климаттық ерекшелігі ескерілгенін айтады.
Осыған қоса, еріктінің униформасы қажетті барлық киіммен қамтамасыз етілген, оның ішінде күрте, комбинезон, кеңжейде, қолғап, бөкебай және тымақ бар. Сондай-ақ, еріктіге рюкзак да берілді. Киім жиынтығының барлығында Универсиада-2017 және ФИСУ логотиптері, Алматы қаласының бренді, ЭКСПО логотиптері және Универсиада серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ логотипі бейнеленген.