Еуропалық одақ әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы айырмасын қысқарта алмай әлек. Осыған байланысты «қарт құрлық» гендерлік алшақтықты жою үшін жалақының ашықтығы жөнінде құжат қабылдамақ. Бірақ бұл мәселенің дауы бітер емес. Өйткені көптеген мемлекет еңбекақы айырымын қысқарту үшін түрлі амал-шарғыларға барады.
Былтыр Еуропалық комиссия жалақы төлеудегі гендерлік теңсіздікті жою мақсатында ашықтықты көрсететін заң жобасын ұсынды. Құжатқа сәйкес, компаниялар жұмыс түрі мен қызметкердің жынысына байланысты төленетін еңбекақыны ашық түрде көрсетуі тиіс. Мұндай мәлімет арқылы жұмысшылар өз жалақысын әріптестерімен салыстырып, айырымын анықтай алады. Заң жобасына Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Лйяен бастамашы болғанын айта кеткен жөн. Ол мұндай лауазымға ие болған тұңғыш әйел.
Қазіргі таңда Еуропалық одақ елдерінде ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы орта есеппен 14,1 пайызды құрайды. Дегенмен кей сарапшылар Еуропалық одақта кімнің қанша табатынын жариялау әлі күнге дейін құпия мәселе екенін айтады. Тіпті қоғамның өзі мұндай өзгеріске құмар емес.
Еуропалық одақ ұсынып отырған заңнама қызметкерлерге өздерінің табыстарын басқалармен салыстыруға, еңбек өтілі мен өнімділігіне қарай қаншалықты лайық екенін анықтауға мүмкіндік бермек. Бүгінге дейін «қарт құрлықтың» 10 елі ғана – Аустрия, Бельгия, Дания, Германия, Испания, Финляндия, Франция, Италия, Португалия және Швеция жалақының ашықтығы туралы құжатты мақұлдады. Ирландия мен Нидерландта бұл мәселе қоғамдық талқыға түскен. Алдағы уақытта оны қабылдап қалуы ықтимал.
Осы орайда мына мәселені айта кеткен жөн. Канада, Франция, Испания және Швеция секілді ауқатты батыс елдерінде әр компания жалақы алшақтығына қатысты толық аудиттік есеп беруге міндетті. Бірақ Бельгия, Италия және Ұлыбритания секілді мемлекеттер қызметкерлердің жынысына байланысты жалақы төлеуді талап еткенімен, онда көптеген мәлімет көрсетілмейді. Ал Германия, Люксембург және АҚШ кей компаниядан ғана аудит талап етеді.
Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырымын қысқартуға қанша жерден талпынғанымен бұған байланысты қабылданған шаралар тиімді болмай тұр. Мәселен, кейінгі кезде еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық айтарлықтай азайған. Әйтсе де, мұның екінші жағы бар. Компаниялар жалақы айырымын қысқарту үшін әйел қызметкерлердің еңбекақысын көтермеген. Керісінше көп табатын ерлердің табысын азайтқан. Соның салдарынан компаниялардағы ер адамдардың еңбек өнімділігі айтарлықтай азайған көрінеді.
Сарапшылар «мұндай жағдайда екі тарап та пайдаға кенеле алмайды» деп есептейді. Яғни «әйел адамдарға көбірек төлеп, бірақ ер адамдардың жұмыс өнімділігін сақтап қалу мүмкін емес» деген пікірде. Бірақ әділдіктің артықшылығы да мол екенін айтып отыр. Мәселен, McKinsey компаниясының мәліметтеріне сүйенсек, қазіргідей жалақы айырымы сақтала берсе, 2030 жылға қарай әлем экономикасы 1 триллион доллар жоғалтады. Еңбекақы төлеміндегі айырымды жою мақсатында түрлі шаралар қабылданған жағдайда, аталған мерзімде шартарап қосымша 13 триллион пайда көрмек.
Сондықтан еңбекақыдағы айырмашылықты ер адамдардың ақысын азайтумен емес, әйел қызметкерлердің жалақысын көбейтумен айналысу қажет. Мұндай қадамға бармаған жағдайда, еңбек өнімділігі айтарлықтай төмендейді. Мәселен, 2006 жылы Дания жалақы ашықтығы туралы заң қабылдады. Соның нәтижесінде айырым 13 пайызға азайды. Бірақ аталған елде әйелдердің табысы көбеймеген, ерлердің кірісі азайған. Бұл аз десеңіз, ерлердің еңбек өнімділігі де төмендеп кеткен.
Бірқатар зерттеуші Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы 19 мүше-елдегі жалақының ашықтығын зерделеп көрген екен. Соған сәйкес, аталған мемлекеттерде алшақтық әйелдердің жалақысын көтеруден гөрі ерлердің жалақысын қысқарту арқылы төмендеген.
Үндістанда жүргізілген келесі бір зерттеу жалақының ашықтығы кейбір жұмысшылардың өнімділігін төмендетуі мүмкін екенін көрсетеді. Өйткені олар өздеріне аз төленген деп есептейді. Сондықтан еңбек өнімділігі айтарлықтай азаяды.
Қорыта айтқанда, Еуропалық одақ үшін еңбекақы төлеміндегі гендерлік теңсіздікті жою өзекті мәселеге ұласып отыр. Бір жағынан бұл өзекті болғанымен, екінші жағынан оның салдарынан туындайтын мәселе Брюссельдегі шенеуніктердің бас ауруына айналды.