Сарапшылар аузын айға білеген Ұлыбританияның соңғы 10 жылдықтағы саяси, әлеуметтік, демографиялық жағдайына сараптама жасады. Олардың айтуынша, қазірде Корольдік тұрғындарынан маза кеткен. Әлеуметтік көмек бұрынғыдай берілмейді, жәрдемақы көлемі қысқартылған. Ал елдегі дағдарысқа ел Үкіметі не дейді?
«Премьер-министр Борис Джонсон жақтастарымен бірге елдегі кедейлік деңгейінің өсуіне COVID-19 пандемиясы мен Украинадағы соғысты кінәлі деп есептейді. Өйткені екеуі де инфляцияның өсуіне себепші болды. Алайда елдегі дағдарыс бірте-бірте соңғы он жылда басталып, қазірде шырқау шегіне жетті», дейді сарапшылар.
Ұлыбритания мұндай жағдайға қалай келді? Лейбористердің билік құрған кезінде 1997-2010 жылдар аралығында «жәрдемақы алаяқтығын» ауыздықтауға және британдық әл-ауқат жүйесін қатаңдатуға ерекше көңіл бөлінді. Бірақ Блэр мен Браун үкіметтері салық жеңілдіктері есебінен балалар арасындағы кедейлік деңгейін кем дегенде 1 миллионға азайтуға уәде берді. Уәдесін орындады да. Ал Дэвид Кэмерон, Ник Клегг және Джордж Осборнның үкіметі мүлдем басқаша болды. Әлеуметтік жеңілдік, кедейлік, жұмыс туралы айтқан жетекші саясаткерлердің үні бұрынғыдан да зор болып, елдің «әл-ауқатын» түбегейлі өзгертуге жол ашты.
Жоғарыда айтқан «жәрдемақы алаяқтығын» елдің бұрынғы премьер-министрі Дэвид Кэмерон «Әділет тек үкіметтің көмектерін кім алатыны тұрғысында ғана емес, теңдеудің басқа бөлігі салық арқылы оларға көмек берушілерде жатыр. Мәселен, көрші отбасы жұмыс істемей-ақ жәрдемақыға күн көрсін деп, күн сайын аянбай жұмыс істейтін адамнан көбірек ақша алады – бұл әділдік пе? Егер сіз жұмыс істей алатын жағдайда болсаңыз, бірақ жұмыс істеуден бас тартсаңыз, біз сізге өзгелердің тер төгіп тапқан еңбегімен өмір сүруге жол бермейміз» деп түсіндіріп, 2010 жылдың қазан айында премьер-министр болғаннан кейін бес ай өткен соң осылай деп мәлімдеген болатын. Осылайша, билік үнемдеуге көшті. «2010-2021 жылдар аралығында жәрдемақыға жұмсалатын шығындардан шамамен 37 миллиард фунт стерлингке қысқартылды» дейді сарапшылар. Осы жерде сарапшылар биліктің бұл саясатын қолдағандай болды. Бұлай дейтініміз, жұмысқа жарамды Британияның тұрғындары арасынан жалақыны місе тұтпай жәрдемақы алу әлдеқайда тиімді деп Үкіметтен ақша алып келгендер табылды. Ал билік оны біле тұра заңмен бекітілген қағидаға қарсы шыға алмай, ай сайын жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы төлеуге мәжбүр болды. Билікке Кэмерон келіп «өзгерістер» орнатты. Содан бері сарапшылар елдегі әлеуметтік жағдайды жіті бақылап келді. «Ақырында, үкімет өздері қолдан жасаған қысымнан жеңіліп, мұқтаж адамдарға ауқымды көмек пакетін жариялады. Бірақ бұл іс-шаралар уақытша қолға алынды. Жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша, 40 мыңға жуық адамның жәрдемақысы қиылған немесе қысқартылған.
2013 жылы жәрдемақы көлемі жылына 26 000 фунт болып белгіленді. Жалғызбасты тұрғындар үшін бұл аптасына 350 фунт стерлингті құрады. Үш жылдан кейін бұл қаржы Лондондағы отбасылар үшін жылына 23 000 фунт стерлингке және жалғызбастылар үшін 15 410 фунт стерлингке дейін қысқартылды. Елдің басқа бөліктерінде бұл көрсеткіштер £20,000 және £13,400 болды. Дункан Смит, бұл өзгерістерді «жұмыстағы еңбек адамына қарағанда жәрдемақы алатын адамның көбірек жалақы алуы әділетсіз», деген идеямен байланыстырды. Мұның кері салдарын әсіресе балалары бар отбасылар көрді. Ұлыбританиядағы мүмкіндігі шектеулі отбасының 85%-ының балалары бар, ал барлық мүмкіндігі шектеулі шаңырақтың 65%-ы жалғызбасты ата-аналар – нағыз жәрдемақыға мұқтаж адамдар.
«Жалпы алғанда биліктегілер экономиканың қанаушы салаларына араласқысы келмейді, сондықтан дағдарыс жалғасуда», дейді сарапшылар.
Әмбебап несиенің салдары
Ұлыбританияның жәрдемақы жүйесіне бірқатар өзгеріс 2012 жылы Әлеуметтік қамсыздандыруды реформалау туралы заңмен енгізілді. Үкімет еңбек жасындағы тұрғындарға әдеттегідей апта сайын емес ай сайынғы бір реттік төлемге құрылған әмбебап несиені енгізді. Бұл несие 6 жәрдемақының орнын басты. «ХХІ ғасырда өркениетке жетудің уақыты келді. Бізге кейінге емес, алға жылжып, жетістіктерге жетелейтін жүйе қажет», деді Еңбек және зейнетақы министрі Ян Дункан Смит. Ал апта сайын жәрдемақы алып үйреніп қалған халыққа айына бір рет ақшалай көмек алу қиындық туғызды. Мәселен, балаларға берілетін жәрдемақы үй шаруашылығына төленетін бірыңғай төлемге қосылып, отбасылық бюджеттің қомақты бөлігі ер адамдардың мойнына ілінді. «Бұл отбасылық зорлық-зомбылық жағдайларына алып келді. Сонымен қатар балалар жәрдемақысы 10 жыл ішінде төрттен бір бөлігін жоғалтты», дейді Балалар кедейлігімен күрес жөніндегі топтың (CPAG) атқарушы директоры Элисон Гарнхэм. Сондай-ақ әмбебап несиеге өтініш беру және оны алу арасындағы бес апта немесе одан да көп кешіктіруге байланысты күрделі мәселелер туындады. «Бұл адамдарды қарызға батырды», деп қосты ол. Ал осы кезде Trussell Trust қайырымдылық өндіріс банкі 2017 жылы әмбебап несие алушылардың саны 30 пайызға өскенін айтты. Мұндай әлеуметтік реформа әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға айтарлықтай әсер етті. «Ұлыбританиядағы 13 миллион мүгедектің 30 пайызы, яғни 3,8 миллион ересек пен 300 мың бала кедейлікте өмір сүріп жатыр» дейді Ұлттық статистика агенттігіне сілтеме жасаған сарапшылар. Әмбебап несиені енгізу аясында үкімет мүгедектік бойынша қосымша төлемді алып тастаған, атап айтсақ мүгедек адамдар немесе олардың қамқоршысы аптасына шамамен 58 фунт стерлингтен айырылды. Бұрын Вестминстер мен Уайтхоллдан мемлекетке бөлінетін қаржы мөлшері бірнеше есе қысқартылғандықтан, көптеген жергілікті билік мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету үшін төлемдер енгізді немесе көбейтті. «Олардың барлығы адамдардан неғұрлым көп ақша алудың жолдарын қарастыра бастады. Бұл көптеген мүгедектер әлеуметтік көмек үшін әлдеқайда көп ақша төлеуге мәжбүр екенін білдіреді. Ал бұл қадам олардың күнкөрістерін одан әрі нашарлатты. Мүгедектерге қандай да бір қосымша қаржы бөлінсе, билік соны бірден қайтарып алуға тырысты», дейді мүгедектер құқығын қорғаушы және «Мүгедектерге қарсы соғыс» кітабының авторы Эллен Клиффорд.
Тұрақты жалақының «тұрақтылығы»
Статистикалық мәліметтер көрсеткендей 1992-2008 жылдары британдықтардың жалақысы 36%-ға өскен. Ал 2008-2024 жылдар аралығында елдің Бюджетті жоспарлау басқармасы жалақы 2,4 пайызға ғана өсуде деген болжамды мәлімдеді. «Мемлекеттік секторда қызмет істейтін 5,7 миллион адам үшін жалақының нарықтағы бағаға сәйкес келмеуі – саналы түрде жасалған саясат», дейді есеп-қисап сарапшылары. 2009 жылы лейбористер мемлекеттік сектордағы жалақының өсуін 1%-ға дейін қысқартты, олардың бұл саясаты 2017 жылға дейін сақталған. 2020 жылдың қарашасында билік мемлекеттік қызметкерлер үшін тағы да ереже енгізді. Бұл мұғалімдер, полиция, өрт сөндірушілер, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері үшін қиынға соқты. Соңғы деректердің көрсеткіші бойынша мемлекеттік сектордағы орташа жылдық сыйақы 2022 жылдың наурыз айында небәрі 1,4%-ды (жеке секторда ол 2,2%) құраған.
Демографиялық шектеу
2017 жылы елде бала туу көрсеткішіне екі балаға дейін шектеу енгізілді, «егіздер мен үшемдерге айыппұл салынбайды» деген шартпен балаларға салық несиелері мен әмбебап отбасылық несие төлемдеріне қатаң шектеу қойылды. Оны Еңбек және зейнетақы министрі Дункан Смит «ата-аналарға балалардың ақшаға тұрарлық екенін ұғындыру» үшін жасалған саясат екенін түсіндірді. Алайда Нуффилд қоры қаржыландырған зерттеу кедей отбасылардағы балалардың саны өзгеріссіз қалғанын айтады, әдетте мұндай отбасыларда 3 немесе одан да көп бала туылады. «Дегенмен екі балаға шектеу қою балалар кедейлігінің ең үлкен драйверіне айналды, бұл үш баласы бар отбасыларды айына 250 фунт стерлинг немесе жылына 3000 фунт стерлингтен айырды», дейді сарапшылар.
Қорытындылай келе, «Он жылдай уақыт бойы үкімет адамдарды жәрдемақылардың қысқартуымен қорқытып, кез келген жұмысты істеуге итермеледі, адамдар жалақы мөлшеріне де қарамастан екі қолға тиген бір күректен айрылып қалмау үшін барлық еңбек шартына келісім берді. Мұның бәрі адамдарды төмен жалақы алатын жұмысқа тартудың бір жолы еді», дейді CPAG қызметкері, сарапшы Гарнхэм.