• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Маусым, 2022

Рәміз дайындау – жан рахаты

256 рет
көрсетілді

Шағын Көк Туды қолға ұстап көр­се­ңіз де, мемлекеттік рәміздерді жа­сатуға тапсырыс берген жоқ шы­ғарсыз. Ол іспен айналысатын­дар туралы ойға да алмауыңыз мүм­кін. Білесіз бе, бұл шаруамен шағын цехты шаңдатып екінің бірі айналыса алмайды. Арнайы ли­цензия керек, оған қол жеткізу үшін де қатаң талаптарға сай болу қажет. Содан болар, ел нары­ғын­­да жауапкершілігі мол іспен айна­лы­су­ға бел буғандар көп емес.

Маңызды шаруаны қолға алып, сапалы өнімдермен тапсырыс берушілердің көңілінен шыға білген павлодарлық Rainbow компаниясының басшысы Бекболат Ыбыраевпен әңгімелескен едік. Аталған серіктестіктің өнімдері республиканың түкпір-түкпірін кезіп жүр.

– Мемлекеттік рәміздерді шығаруды 2010 жылдан бастадық. Оған дейін бұл шаруаны жіті зерттедім. Сапалы өнім шығару үшін сапалы шикізат қажет. Ақыры Қытайға барып, ондағы бір компаниямен 5 жылдық келісімшартқа отырдық. Содан бері шикізат проблемасы туындаған емес. Пандемия кезінде де түсінбеушіліктер орын алған жоқ. Келісімшарттың аяқталуына бір жыл қалды. Жасыратыны жоқ, «Қытайдың тауары» десе көпшілігі сапасыз өнімді ойға алады. Қытайда сапалы тауар, сапалы шикізат жеткілікті. Сапасы жақсы болса, бағасы да қымбат деген сөз. Десе де біздің өнімдер қолжетімді бағамен босатылады. Себебі делдалсыз жұмыс істейміз, – дейді Б.Ыбыраев.

Лицензия алудың оңай шаруа емес екенін айттық ғой. Аталған компания 2017 жылы лицензиясын жаңартқан. Ол уақытта талаптарға өзгерістер енгізіліп, цифрлы тұрғыда түстерді анықтайтын қондырғының болуы міндеттелген. Сөйтіп, Жапониядан қымбат қондырғы сатып алыныпты. Қондырғы демекші, өндірістегі барлық құрылғы шетелден әкелінген қымбат дүниелер. Оны бекер айтып отырғанымыз жоқ. Кейбіреуі бұл шаруаны оңай көруі мүмкін. Мемле­кеттік мекеме ғимараттарының төбе­сін­де желбіреп тұрған Көк Ту мен ішінде жарқырап тұрған Елтаңбаны жасау – арзан еңбек емес.

Мұнда айына 400 ту (ғимараттың сыртына арналған), кабинеттердің ішінде тұратын 20-30 ту, 200-300 елтаңба шығарылады екен. Мемлекеттік рәміздер ереже бойынша бірнеше жыл ішінде жаңартылып тұруға тиіс. Сон­дық­тан да компания сұранысқа бас қатырып көрген емес.

 – Өнімге алдын ала тапсырыс бе­рі­леді. Кейде тапсырыс берушілер де­ма­лыс күні «жедел түрде бір тәуліктің ішінде дайындап берсеңіздер» деп қолқа салады. Мұндайда кейбіреулер бағаны шарықтатып жіберетіні бел­гі­лі. Тығырыққа тірелген адам кез кел­ген бағаға көнеді. Біз болсақ бағаны қым­бат­татпай, тіпті 10 пайыз жеңіл­дік­пен дайындап береміз. Әрине риза болған тапсырыс берушілер біздің компанияны өзгелерге ұсынып, мақтап жүретіні сөзсіз. Осылайша, менеджмент бағытын дамытуды да естен шығарған емеспіз, – дейді Бекболат Құнтайұлы.

Аталған компания мемлекеттік рәміздерді дайындаумен қатар, баннер жасау, мектептердің безендірілуі сияқты өзге де бағытта еңбек етуде. Мақала мем­ле­кеттік рәміздер күніне орай жа­зыл­­ғандықтан ол жайлы аса сұрай қой­ған жоқпыз. Мұнда шамамен 10 адам нәпақа айырып жүр екен. Әрқайсысы – өз ісінің маманы. «Мемлекеттік рәміздерді да­йындау – өте жауапты міндет. Елдің бас­ты нышанын шығарғандықтан, ар­тыл­ған жауапкершілік те ауыр. Мұны қол астымдағы қызметкерлер де жақсы біледі. Сондықтан олар әр іске ыж­да­ғат­ты­лықпен қарайды», дейді әңгіме­міздің кейіпкері.

Бүгінде ұлы Мәди де маңызды ша­р­уаны жандандыруға атсалысып жүр. Бекболат аға басшы болғанымен, жа­уап­­кершілігі мол істің басы-қасынан әрдайым өзі табылады. Жалпы, бұл әулетке қолөнер дарыған десек, артық айтқанымыз емес. Әкесі Құнтай да елге танымал етікші болыпты. Ұрпақтар са­бақ­тастығы деген осы емес пе?!

Бекболат Ыбыраев – Баянауылдың тумасы. Мамандығы – мұғалім. Кезінде Егіндібұлақ ауылының мектебінде еңбек, сызу, сурет, музыка пәндерінен сабақ берген. Сол уақытта оның кабинеті бе­зендірілуі жағынан ауданда ең үздік саналыпты. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматқа өмірін мәнді ету үшін таңдау көп еді. Ақыры, заманның ағ­ы­мы­нан қалмай, қазіргі іс қылып отырған ша­руаны жандандыруға ниет етіпті. Қош­та­сарда ұстазы Зекебай Сол­тан­баевтың мына сөзін еске алды: «Адам жұмысына қуана барып, қуанып қайту керек». Бекболат ағамыз да тағдыр таң­дауына еш өкінбейді, жастарды мемле­кеттік рәміздерді құрметтеуге шақы­ра­ды.

 

Павлодар облысы