• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Ғылым 03 Маусым, 2022

Ғылымға зор жауапкершілік жүктелді

324 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада Ұлттық ғылым академиясының сессиясына қатысып, отандық ғылымның дамуына қатысты тың бастамалардың қолға алынатынын айтты. Оны ғалымдар қауымы жақсы қабылдады. Осыған орай Алматыдағы айтулы іс-шараға қатысқан ғалымдардың пікірін білгенді жөн көрдік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөздері мен айтқан ойларынан өз басым мынаны аңғарамын. Өмір бір орнында тұрмақ емес, оның өзгеру қарқыны жылдам. Оған ере алған, оған бейімделе алған қоғам ғана өзін-өзі сақтап, әлемдік тайталасқа шыдас бере алады.

Осыдан бір ғасыр бұрын данышпан Ахмет Байтұрсынұлы қазаққа басқамен тең болудың бір-ақ жолы бар, ол мәдениетті, білім мен ғылымды өркендету, яғни мәдениеттер теңдігі арқылы ғана тәуелсіздікке жетуге болады деген тұжырымын айтқан еді. Еліміздің тәуелсіздігін сақтап, нығайтуға байланысты ғылымға жүктелетін екі міндетті бөліп айту абзал. Олар, біріншіден, еліміздің табиғи байлықтарын игеруге бағытталған жаңа технологияны өрістету. Яғни жаңа техника және технологияны жедел және қарқынды игеру әрі өрістету арқылы ғана біз мүмкіндігі ұлан- ғайыр атамекенімізге ие бола аламыз. Басқа жол жоқ. Өз ретінде бізді осы мақсатқа бастайтын келесі жағдай – ұлттық сананың кемелдігі. Кәсібилік пен ұлттық сана өзара қабысқан жерде өсіп-өнудің болары күмәнсіз.

Президенттің сөзінен туын­дай­тын келесі тұжырым: еліміз­дегі ғылым салаларын жаңа сұра­ныс­тарға бейімдей алатын жаңа саладағы Ғылым академиясы Жаңа Қазақстанның, Екінші Респуб­ликаның интеллектуалдық тірегіне айналуға міндетті. Ал оған қажетті алғышартты қалыптастыруды Үкі­мет өз міндетіне алып отыр. Яғни жаңа сұраныстарды негізге алып жаңадан құрылған Ғылым орталығы ғылымға деген адалдықты сақтау үшін де күресе алуға міндетті. Сонда ғана өзіне артылған үмітті ақтай алады.

 

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ,

ҰҒА академигі