• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Сәуір, 2014

Ту тіккен

525 рет
көрсетілді

1984 жылғы қазан айы еді. «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істейтін кезім. Бас редак­торымыз Сейдахмет аға Бердіқұлов таңертеңгілік лездемеде атақты Рейхстаг қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың 60 жылдық мерейтойының жақындап келе жатқанын айтты. «Түсінікті», дедім ішімнен. Бұл ол кісінің газетке Рахаң туралы сұхбат немесе мақала әзірлеу керек деген ишара меңзеуі еді. Жиналыстан шыға сала кейіпкеріміз директор болып қызмет істейтін «Алматы» қонақ үйіне телефон соқтым. Қабылдау бөлмесіндегі қыздың: «Кешкі 5-ке таман келіңіз», деген уәдесін алған соң, бірден сұрақтар әзірлеп, оларды машбюроға бастырумен шұғылдандым. Содан түс қайта көкбазар түбіндегі редакция корпусынан «Аққу» кафесін маңайлап баратын 18-ші автобус аялдамасына қарай тарттым. ...Белгіленген уақытта келіп, Рахаңның кабинетінің есігін ашсам, ол кісі бөлмесінде жалғыз емес екен. Атақты партизан Қасым Қайсенов екеуі қарқ-қарқ күліп, қызу әңгіме-дүкен құрып отыр. «Кел, бала! Төрлет, – деді мені көріп, сағатына қараған кейіпкеріміз. – «Лениншіл жастансың» ғой, ә?». «Иә, аға». «А-а, ол жақсы газет, – деді осы сәтте сәлем беріп жатқан маған басын изеп, орнынан көтерілген Қасекең де гүр ете түсіп. – Ағаларыңның 60 жылдығын елге айтайық деген ақ ниеттеріңнен айналдық! Қысылма, отыр, қалқам. Ал сендер әңгімелесіп болғанша мен анау жерге барып телевизор көре тұрайын». Осы сөздерді айтқан Қасым аға қонақ үй директорының кең кабинетінің бір бұрышындағы креслоға барып отырды да көгілдір экранға көз тікті. Содан соң журнал столындағы тақтада тігулі тұрған шахмат фигураларын орнынан қозғалтып, әлдебір комбинациялар арқылы өзімен өзі ойнай бастады. Ал біз болсақ бірден ауызекі сұрақ-жауаппен ұзақ әңгімеге қызу кірісіп кеттік.

1. КЕЙІПКЕР

– Әңгіменің әлқиссасын туған жер, өскен ортадан бастасақ, аға... – Мен Ақмола өңіріндегі Тельман елді мекенінде өмірге келіппін. Бұрын оны Қырыққұдық деп атаған. Қазір мұнда «Қазақстанның 40 жылдығы» совхозының бригадасы бар. Балалық, жастық шағым осы аймақта өткендіктен бе, менің көзіме оның әр бұтасы бүгінге дейін ыстық. Шешемнен төрт жасымда жетім қалыппын. Анамды жоқтатпайын деп ойласа керек, әкем бетімнен қақпай өсірді. Ол көп сөйлемейтін кісі еді. Бірақ көңіл қошы келгенде, кең көсіліп кететіні бар-тын. Сондай бір әңгіме күні бүгінге дейін жадымда. – Балам, мынау дала – сенің туған жерің, – деген болатын әкем. – «Жекен – жерінде көгерер, ер – елінде көгерер», деген екен аталарымыз. Осы сөздің жаны бар. Бұл жер мына аптап ыстықтан шөбі қуаң тартып, көзге көркем көрінбей жатқанымен құт-береке. Ертең сен де ержетесің. Сонда осынау еліңнің басы болмасаң да, сайының тасы болуға тырыс, балам. Алайда, мен балалық балдәуренмен ерте қоштастым. Төрт жасымда шешемнен айрылғаныммен, әкемнің мейірбан көңілі арқасында жетімдік көрмей өсіп келе жатыр едім. 1937 жылдың қараңғы бір түнінде есікті сартылдата ұрып, қара киімді үш адам үйге кірді. Содан соң әкемді тез киіндіріп алып кетті. Бұдан басқа ештеңе есімде қалмапты. Менің балалық шағымды сол бір сұрқай түн қоса ұрлап әкеткендей, көңілім құлазып сала берді. Сөзімнің басында жас кезімдегі бейкүнә көңілді сәттерімді айтып өттім ғой. Ал сондағы ең бір қорқынышты, жүрегімнің қан жылаған кезі әлгі көңілсіз сурет еді, шырағым. Бұл оқиға қалай болды, әкемнен не үшін айрылып қалдым, оған сол кезде нақты жауап таба алмадым. Ол тек кейін ғана белгілі болды. ...Әкемді «халық жауы» деп ұстап әкеткен соң Тайтөбедегі балалар үйіне баруға тура келді. Сондағы бастан кешкен оқиғаны еске алу қазір маған өте қиын. Егер біреулер мұны білмей, кездейсоқ сұрай қалса: «Оған жету мен орналасудың өзі қиямет-қайым іс болды» деген бір сөйлеммен ғана түйіндер едім. Екі жарым жылдық өмірім міне, өзім әзер қабылданған осы мектеп-интернат үйінде өтті. Содан соң Балқаш қаласындағы ФЗУ-ға аттандық. Бұл сол кездегі фабрика-завод училищесі деген ұғымды білдіретін қысқарған сөз түрі еді. Он бес жастағы кезім ғой. Байқа­ға­ным, қыс мұнда қатты екен. Теңіз бет­­­­­тен соққан ызғырық жел бет қарат­пай­ды. Оқу да қиын. Тәртіп тіпті қатал. Са­бақ­ты таңертең мектеп бағдарламасы бойын­­ша оқимыз да түстен кейін шебер­ханада жұмыс істейміз. Жұмыс деген аты болмаса ол да бас қатыратын оқудың бір түрі. Ал кешке... Иә, кешке өндіріс құралдарының түрімен танысамыз. Кейбіреуін өзіміз жасап көреміз. Әлі есімде, менің сондағы ең алғашқы жасаған дүнием кішкентай балға еді. Оған үйретуші ұстазым жақсы деген баға қойды. Тайтөбе балалар үйінде жүргенде қатарластарымның бәрі сабақтан кейінгі бос уақыттарында көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуға құмар еді. Ал Балқашқа келгелі бері ФЗУ-дың кітап­ханасынан шықпайтын болдық. Тізілген сөрелердегі мол кітабы бар кең де жарық ғимаратты тұңғыш көруіміз ғой. Демалыс күндері әрі қызығып, әрі таңданып сол жерден кетпейміз. Өстіп жүріп бұл кітапханадан тұңғыш рет Этель Лилиан Войничтің «Бөгелек», Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» шығармалары мен Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» туындысын оқығаным есімнен кетпей­ді. Осы үш кітаптан алған әсерім керемет еді. Кураторымыз Таня Кудриная­ның талап етуімен өз арамызда ұйым­дас­ты­рылған кітап оқушылар конфе­рен­циясында «Құрыш қалай шынық­ты» шығармасы бойынша баяндамашы бол­ғаным да күні бүгінгідей көз алдымда. Уақыт осылайша зымырап өтіп жатты. Мен ФЗУ қабырғасында жүріп он жеті жасқа қарай қадам бас­тым. Белімнің бекіп, буынымның қатай­ғанын және едәуір ержетіп қалғанымды жанымдағы балаларға, Тайтөбеден еріп Балқашқа келген құрдастарыма қарап сезетін болдым. Өстіп жүргенде училищедегі оқу да аяқталды. Осыдан бір жарым жыл бұрын Балқашқа жан-жақтан тосырқай жиналған біздер енді қайтарда ұзын-ұзын мұржалары көкке шаншылып, түтіндері аспанға шудалана өрлеп жататын қаланы қимайтындай әсерде қалдық. Бірақ қолымызға аттес­тат беріліп, үстімізге ФЗУ-дың ине-жіп­тен жаңа шыққан әдемі формасын кигіз­діріп сәт сапар тілеген ұстаз­­­­­дар ұжы­мының ықыласынан кейін бұл жер­де енді аялдаудың ешқандай жөні жоқ еке­­нін сезініп, Ақмолаға қарай аттандық. – Өзіңіздің өміріңізде үлкен сын болған Ұлы Отан соғысын, оның басталғанын қалай, қашан естідіңіз? Сол күн, сол сәт есіңізде ме? – Неге есімде болмасын, бәрі де көз алдымда ғой. Соғыс басталған күні – жексенбі болатын. Сол күні біз­­­дің «Қосшы» колхозының адамдары ерте тұрып, шабындыққа аттанды. Шөп қалың, тура белуардан екен. Ат шалғының екі айналған жері бір шөмеле. Түске таяй бергенде, ауыл жақтағы қара жолдан шаң көрінді. Бізбен бірге жексенбілікке шыққан Нұрғали деген мұғалімнің әйелі ай-күні жетіп отыр еді. Дәу де болса сүйін­­­ші­ сұ­рағалы келе жатқан сол шығар, деп ойлады пішеншілер. Салт атты Тө­­леубай қарт екен, өңі боп-боз боп кетіпті. – Ақсақал, не болды, жайшылық па? – деді жігіттердің бірі. – Оу, жарандар, соғыс басталды. Сөйтті де ол кісі тақиясымен тер­ші­ген маңдайын сүртті. Мына сөзді есті­генде ел де, жер де ауыр күр­сін­гендей болды. Бәрі де ат-арбасына үрпиі­се мініп, ауылға қарай бет алды. Содан айналасы бір аптаның ішінде ер-аза­маттың көбі майданға аттанды. Ал күзге қарай, иә, күзге қарай біздің кол­хозға алғашқы «қара қағаздар» келе бастады. Ауылда өңкей кемпір-шал, қатын-қалаш, бала-шаға қалды. Бәрі де қиын жұмыстан титықтап, уайым-қайғыдан егіліп жылай береді. Он алты-он жетіге толған мен сияқты қыз-жігіттердің міндеті – бидай баулап, тұлықтаспен дән бастыру. Содан соң оларды қаптап, арбамен Ақмоладағы қамбаға тапсыру. Қатты қиналып, шаршайсың. «Бұдан да немістермен соғысқан жақсы-ау», деп ойлайсың. 1941 жылдың жазы және күз айлары менің есімде міне, осындай көңілсіз, ауыр көріністер арқылы сақталып қалды. Бұдан соң ауылға 1942 жылдың қысы мен көктемі де келгені жадымда. Одан колхоз адамдары да, малы да әрең-мәрең ілініп зорға шықты. Жұрт үшін осы қатал қыс пен көкөзек көктемнен де ауыр нәрсе бар-ды. Ол – соғыс хабары мен зардабы болатын. Егер майдан жақтан жылт еткен жылы лебіз естілсе-ақ, оны біздер үй-үйді жағалап айтып жүріп жеткіземіз. Сөйтіп елдің еңсесін көтергіміз, же­ңіс­ке деген сенімін арттырғымыз келеді. Иә, сол кезде жұрт сәл-пәл тәуір хабар естісе, кәдімгідей қуаттанып қа­латын. Мәселен, 1941 жылдың дека­бр­ін­де жауға Мәскеу түбінде тойтарыс беріл­гендігі, 1942 жылдың февралінде Солтүстік-Батыс майданы әскерлерінің Демьяновск аумағында жаудың ірі тобын қоршап алып, талқандауы жөніндегі хабарлар біздің ауылдың адамдарына бір тың күш қосып, іске жігерлендіргендей болғаны хақ. Колхозшылар 1942 жылдың көк­темгі егісін де уақтылы салып, төл алу науқанын да жақсы аяқта­ды. Сол кездегі ата-аналар мен жеңге­леріміздің күш-қайратына мен әлі күнге таңғаламын. Шаруашылық жұмысындағы бұрынғы жүздің орнына – он, ал мыңның орнына – жүз адам ғана еңбек етті ғой. Соғыстың екінші жылындағы июль айының аяқ кезінде жұрт көңілі тағы да аздап көтерілейін деді. Осы тұста панфиловшы 28 батырдың ерлігі, оларға Совет Одағының Батыры атағын беру туралы Указ болғаны жөнінде хабар алдық. «Бәрі дерлік қазақстандықтар екен! Міне, Отан үшін ерлікпен шайқасқан біздің жігіттер қандай!» деп қуанды жұрт. Осыдан кейін көп кешікпей газеттен 1942 жылы Европада екінші майдан ашу жөнінде келіскен совет-ағылшын мазмұндамасын оқыдық. Бұл ел үшін үлкен қуанышты хабар еді. Әрине, ол кезде екінші майданның 42-ші жыл түгілі, одан кейінгі жылда да ашылмайтынын біздің жақта ешкім сезген де, білген де жоқ. Ал, ауыл­дағы он жеті-он сегіз жасқа кеп қал­ған біздің ойымыз – майданға аттану. «Со­­ғысқа кетсек, шайқас шебіне жет­сек», дейміз іштей. Себебі, «қара қа­ғаз­ды» көру, естірту азаптың азабы-тын. Мен осындай пікірдің жетегімен майданға жіберуді өтініп, әскери комиссариатқа екі рет арыз бердім. Бірақ олардан ешқандай жауап болмады. Тек келесі жылдың тамыз айында ғана ауылдағы темір ұстасы Өтегеннің Нұрымы мен маған шақыру қағаз қатар келді. Жолға тез жиналдым. Тез жиналмайтын нем бар, артымда қарайлайтын әкем де, шешем де жоқ. Туысымыз Мұса қарттың үйіне бас сұғып, Әлиман әжемнің батасын алдым. «Соңғы қарға тұяқ сенен де айырылдым-ау», деп зар еңіреді ол кісі. Жарықтық-ай, десеңізші, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, қарт ана менің майданнан аман-есен келетінімді, бүгінгідей ба­­­қытты өмір сүретінімді қайдан білсін... – Кешіріңіз, сөз арасында енді мынадай сұраққа да жауап бере кетсеңіз. Сіздің өміріңізде ең бір қуанышты деген сәттер болды ма? Болса, ол қандай оқиғаларға байланысты еді? – Мен өмірімде екі рет қатты қуандым, шырағым. Шақыру келгеннен кейін оншақты адамды Қырғызстанның астанасы – Фрунзе қаласындағы әскери училищеге оқуға жіберді. Солардың ішінде мен де бар едім. Осы жерде бір жыл оқыдық. Сонда үлгілі тәртібіммен, бұйрықты екі етпей орындайтын елгезектігіммен көзге түстім. Міне, осыны бағалаған командирлерім маған партия мүшелігіне кандидаттыққа өтуге кепілдеме берді. Сондағы жалпы жиналыста өмірбаянымды бүге-шігесіне дейін, тіпті әкемнің жағдайына дейін жасырмай толық айтып шықтым. Сонда батальон парторгы Нұғыман Ғалымжанов: «Біз партияға сенің әкеңді емес, өзіңді аламыз. Ал өзіңнің қандай екеніңді жақсы білеміз», деді салмақпен. Осы сөз ұзақ жыл бойы жадымда сақта­лып қалды. Кандидаттық карточкамды алғанымда, ерекше толқыдым, өмірімде ең бірінші қуанғаным сол шығар, сірә. Өйткені, ол заманда «ха­лық жауы» баласының партияға қабыл­дануы деген сирек оқиға-тын. Сол жылғы октябрь айында тағы да қатты қуандым. Бұл тіпті ерекше еді. Майданға аттанатын күн тақау қалды деп жүргенімде, хабарсыз кеткен әкем мені іздеп Фрунзеге келді. Сонау жылдары Тайтөбе балалар үйіне қабылдану кезінде көп қиындық көріп жылағаным бар. Содан кейін көз жасымды енді ешкімге көрсетпеспін деп бекінген едім. Әкемді көргенімде өзімді-өзім тоқтата алмадым. Екеуміз қалай құшақтасып көрістік десеңізші! «Құлыным, жалғыз тұяғым!» – дейді ол кісі еңкілдей жылап. «Әке, әкетайым!» – деймін мен де ішіме шемен боп қатқан запыранымды ақтарып. Біздің жағдайымызды көрген училище бастығы шыдай алмады-ау деймін, мені оқудан бір күнге босатты. Сол жолы әкелі-балалы біз көп сырластық. Сөйтсем, ол кісі әлдекімнің көрсетуі бойынша, жаламен ұсталып кеткен екен. Ақырында бәрі анықталып, кінәсі жоқ болған соң, «халық жауы» деген аттан құтылып, біржола ақталып шығыпты. Шерімізді тарқатып әңгімелесіп, ертесінде әкемді пойызға шығарып салдым. Ол жүрер алдында мені мейірлене сүйіп: «Жорытқанда, жолың болсын, балам! «Ер – елдің ық жағының қалқасы, жел жағының панасы», – деуші еді бұрынғылар. Сол еліңнің үмітін ақтар ұлы бол, қарғашым!» деп батасын берді. Өмірдегі екінші бір қуанған сәтім, жан толқынысын бастан кешкен кезім сол 1944 жылдың күзіндегі әкеммен қайта қауышуым дер едім. – Майданға қашан аттандыңыз? Алғашқы шайқас есіңізде ме? – 1944 жылдың октябрь айында командирлеріміз бізді қызыл вагонға тиеп, Фрунзеден Батысқа қарай алып жүрді. Содан Мәскеу, Киев, Минскіні артқа тастап, 42 күн дегенде Варшава қаласының маңайындағы орманға келіп тоқтадық. Бұл 3-ші армияның 79-шы атқыштар корпусына қарайтын 150-ші Идрицк дивизиясы орналасқан жер болып шықты. Тылдан келіп жеткен біздің топ осы әскери құраманы адам күші жағынан толықтыратын жаңа жауынгерлік резерв екен. Аз күннің ішінде ІІ дәрежелі Кутузов орденді дивизиямыздың тарихымен және ерлік жолымен танысып үлгердік те әскери міндет бөлінісінен хабардар болдық. Ол бойынша мен енді осындағы 674-ші полктың 1-ші батальонына қарайтын 4-ші ротадағы 2-ші взводтың командирі болып тағайындалдым. Арада бір ай өтіп, 1945 жылғы жаңа жыл да келді. 17 қаңтарда 150-ші Идрицк дивизиясы алғы шепке қарай қозғалды. Бұл кезде майдандағы ұрыстар Польша астанасынан бірнеше шақырым жерде ғана жүріп жатқан болатын. Міне, осы маңда мен тұңғыш рет соғыс қимылдарына қатыстым. Ал содан тура бір ай өткен соң Шнайдемюль үшін қантөгіс ұрыста біздің взвод, жараланғандарды есепке алмағанның өзінде, 11 адамынан айырылды. Содан кейінгі Ветшвин-зее көлі маңайындағы теңіз жаяу әскерлері әрең ұстап тұрған жолдан өту де бізге тым қымбатқа түсті. Мұнда көп адам қаза тапты. Солардың арасында қырғыз жігіті, тумысынан ағып тұрған ақын Мұсылманқұлов та бар еді. Амал қанша, Берлинге жете алмай, өзі армандаған Жеңіс күнін көруге тағдыр жазбай, опат болды. Шнайдемюль мен Ветшвин-зеедегі ұрыстарда ерекше көзге түскен сарбаздар мен офицерлер арасынан мен І дәрежелі Отан соғысы орденімен ма­­­­рапатталдым. Мұнан кейін құрамын­да біздің взводымыз бар капитан Алексей Твердохлебтің батальоны алғаш­қылардың қатарында Одерге лап қойды. Осы жерде менің жігіттерімнің өзеннің сол жағалауына басқалардан бұрынырақ жетуге жанұшыра қимылдағанын ерекше атап айтуға тиіспін. Біз сөйтіп дене мұздатқан суық суға кеудені төсей жүзіп, су түбіне табанымызды тіреген күйі бірте-бірте жарқабаққа көтеріле бердік. Жолай кезіккен шұңқырдағы суға да күмп беріп, белшемізден бата алға жылжумен болдық. Осылайша ит сілікпеміз шыға жүріп, келесі күннің кешіне таман бекініс ішіндегі жауды түріп шығудың сәті түсті. Сол от кешуде қатарымыздағы 38 жауынгерден шайқастан кейін небәрі 8 ғана қаруласымыз қалды. – Бұл 1945 жылдың қыс, көктем айларындағы оқиғалар ғой. – Иә. 16 сәуірдегі түнгі сағат 3-4-тер шамасында мен зеңбіректердің жер-көкті дірілдеткен қуатты даусынан ояндым. Табанымыздан жер көшіп бара жатқандай болды. Бүкіл майдан қызыл-жасыл ұшқынды жалынға орана өртеніп тұрғандай. Төңірек у-шу болып, дүние екі иінінен демалуда. Осыны көріп, бұл не сұрапыл дегенімше болған жоқ, жақыннан жарылған снаряд екпіні мені бруствердегі бөренеге апарып жапсырып тастады. Траншея ішінде тұрып, қарсы жаққа қарай бет алған самолеттер үні мен зеңбірек гүрсілінен басқа еш­теңені естіп-көрудің өзі мүмкін емес еді. Бұрын мен дәл осындай сұмдық алапатты басымнан кешіріп көрмеген болатынмын. Қарап тұрсам ажал аранын от қып шашқан мынау ауыр жарылыстармен бірге біздің 1941 жылдан бергі бүкіл жанайқайымыз бен ашу-ызамыз гитлершілердің үстіне зауал боп төнгендей. Таң алдындағы осы сындарлы сағаттарда 7 миллион снаряд пен мина, ракеталар жауға қарсы атылды. Мұндай кезде бірдеме деп айтудың өзі қисынсыз секілді. Қуаттанып, рухтанғандықтан бір-бірімізге қарап Берлин жақты нұсқай беріппіз. Болып жатқан мына сұрапыл оқиғадан бойымыздың ширығып, денеміздің дүр сілкінгенін сезіндік. Себебі, бұл І-ші Беларусь майданының шабуылға шығуының басы еді. Біз сонда Берлиннен небәрі 70 шақырым жерде ғана тұрдық. Кейіннен білгеніміздей, жоғарыдағы екі сағаттық артиллериялық дайын­дыққа 22 мың зеңбірек пен миномет қатысқан екен. Жүздеген қуатты зенитка прожекторлары ұрыс даласын айқыш-ұйқыш кезген жарыққа бөлеп тұрды. Сол күні түсте қолға түскен фашист тұтқындары мойындағанындай, оларды таң алдындағы канонадаға орыстар жаңа бір құпия қару түрін қолданып жатыр деген қорқыныш билеп алыпты. Оның үстіне, бізді әуеден қорғаған бомбардировщиктер эскадрильялары бір-бірін үздіксіз алмастыра отырып, жау шебін төбеден төпеп, талқандаумен болды. Дегенмен, жау жағы да қатты қар­сылық көрсетті. Фашистер әрбір сүйем жерге жабысып қалғандай жандарын сала бекініп, біздің үстімізден от боранын орнатты. Фауст патрондарын үздіксіз жаудырып, өліспей беріспейтінін көрсетті. Біз елеулі шығынға ұшырай отырып, қарсыластар қорғанысының түкпіріне қарай бар болғаны 7 шақырымға ғана алға жылжи алдық. Ұрыстың осындай қайнаған шағында батальонымызға Гросс-Барним елді мекенін қуатты соққымен жеделдетіп басып алу жөнінде бұйрық берілді. Бұл поселкені шағындау неміс гарнизоны қорғап тұрған еді. Жағдайды байқап-бағамдау үшін аға лейтенант Батраковтың ротасы жау тылын барлауға жіберілді. Гросс-Барним тас-түйін боп бекінгендігін айта кету керек. Өз айналасын түгел бақылауға алған жау дзоттары дүрбі арқылы жақсы көрініп тұр. Мұндай жағдайда бірден тіке шабуылға шығу мүмкін емес еді. Құрамында біздің взвод бар 4-ші рота қанатын кеңге жайып жіберді де, фашистердің негізгі күшінің назарын жан-жаққа қарай аудару тәсіліне көшті. Осы әдісімізді тез ұға қойған өзге роталар шабуылға көтерілді. Оған сәл абдырап қалған немістер, біздің жаққа қарай бағытталған оқ жаңбырын азайтып, назарын жаңағыларға аударды. Сол кезде біз шабуылға шықтық. Қоршауға түсуден қорыққан немістер поселкені тастап шықты. Біз осында келіп түнедік. Ұзақ уақыттан бері бірінші рет дұрыс жағдайда демалдық деп айтуымызға болады. Дегенмен, айналамызға күзет қоюды да ұмытпадық. Ал таңертең мен Берлин және оның айналасындағы елді мекендер көрсетілген картаны қайтадан алдыма жайдым. Бұл карта бізге, яғни офицерлік құрамға Одерден жүзіп өтер алдында берілген еді. Оны мен әлі күнге дейін ерекше бір бағалы қасиетті заттай сақтап келемін. Картада менің соққан белгілерім де бар. Біздің дивизия Кунерсдорф аталатын шағын қаланы жиектей ағатын Фриндландштром каналына жетіп, оны бойлай орналасты. Каналды эсэстің таңдаулы бөлімшелері қорғап тұрған еді. Одерден кейінгі Берлиннің алғашқы қорғаныс шебі осы қала арқылы өтетіндіктен бұл жер стратегиялық тұрғыдан маңызды саналады деп түсіндірді басшыларымыз. Содан болар, біз немістердің қатты алаңдау үстінде екендігін сезіндік. Олар әрбір 10-15 минут сайын канал үстінен жарқырауық ракеталар жіберіп, өз шептерін қырағылықпен күзетуге тырысып жатты. Дегенмен, соған қарамастан біздің батальон каналды тездетіп кесіп өтті де бірден ұрысқа кірісіп кетті. Жаяу әскерлерді қолдау үшін қаланы жарты сағаттай атқылауға артиллериямен бірге «Катюша» батареясы да аянбады. Гитлершілердің жанұшыра қарсылық көрсеткеніне қарамастан түнгі сағат 11-лерге таман Кунерсдорф та біздің қолымызға өтті. Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан». ––––––––––– Суретте: Фрунзе қаласы, 1944 жылғы қазан. Майданға аттанар алдында. (Алдыңғы қатардағы оң жақтан бірінші Р.Қошқарбаев). (Жалғасы бар).