Жадырап жаз келген соң тамаша табиғат аясында алаңсыз тынығып, күміс көлдерге шомылып, саф ауаны құмарың қанғанша жұтып дем алғанға не жетсін?! Биыл жаман тұмаудың бет қаратпас қаһарынан арылған соң бала біткен дем алудан үмітті. Балалар жылына орай жазғы демалыста барлық жағдайды жасау ойластырылуда.
Өңірдегі білім ошақтарында 133 346 мектеп оқушысы болса, оның 15 379-ы әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың перзенттері. Демек қолы қысқа жандардың да балалары құрбыларынан қалмай дем алғандары дұрыс. Бұл жай да басты назарда. Оған қоса ювеналды полицияның есебінде тұрған 338, мектепішілік есепте тұрған 592, қиын жағдайдағы отбасылардың 683 баласы бар. Облыстық білім басқармасы осындай 17 мыңға таяу балалардың уақтылы демалуын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды егжей-тегжейлі есептеу үстінде.
– Биыл облыс аумағында 20 балалар сауықтыру орталықтары жұмыс істейді, оның үшеуі білім басқармасының құзырындағы мекемелер. Екі орталық Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан «Сокол» және «Чайка» орталықтары. Қала сыртындағы 15 орталықтың 10-ы мемлекеттік болса, 5-і жекеменшік иелікте, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова. – Барлық балалар лагері санитарлық-эпидемиялық қорытынды алу үшін дайындық жұмыстарын талапқа сай етіп жүргізуде. Жазғы маусымда әрбір лагерьде арасы 10 күннен алты-жеті кезекте демалыс ұйымдастырылмақ.
Биыл өңірдің балаларына жақсы бір мүмкіндік туып отыр. Зеренді ауданындағы «Сұңқар» сауықтыру кешені жыл бойы үзіліссіз қызмет көрсетпек. Сөз арасында бұрын бұл кешеннің «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының есебінде болғанын айта кетелік. Қазір бұл кешен жергілікті жерге берілді. Жыл басынан бері мұнда 2 мыңнан астам бала демалып үлгерді.
Жыл сайын ата-аналардың орынды алаңдаушылығын туғызатын бір мәселе – жолдама құны. Мемлекеттік меншіктегі лагерьлерге берілетін жолдама құны 25-75 мың теңгенің көлемінде, ал жекеменшік иелігіндегі лагерьлерде демалу құны – 75-90 мың теңге шамасында. Әрине барлық отбасының мүмкіндігі жете бермейтіні шындық. Сондықтан мемлекет меншігіндегі лагерьлерде сатылатын жолдама құнын сәл де болсын төмендету үшін жергілікті бизнес өкілдері қолұшын бермек. Олар лагерь асханаларын арзан азық-түлік өнімдерімен мүмкіндігінше қамтамасыз етеміз деп отыр. Осылайша, жаз айларында облыстың 11 мыңнан астам оқушысы қала сыртындағы лагерьлерде демалып, табиғат аясында тынығатын болады. Осы 11 мың оқушының 2 мыңы «Жаппай қамту» қоры және демеушілердің көмегімен тегін дем алмақ. Осындай игілікті іске кәсіподақ та атсалыспақшы. Ал 7 мың оқушының жолдамасын ата-аналары төлейді.
Облыстық мәслихат депутаттары да балалардың жазғы сауықтыру демалысы қолжетімді болуы керек екенін назарға алуда. Таяуда халық қалаулылары қала сыртындағы бірқатар сауықтыру орталығында болып қайтты. Орталықтардың кейбір корпустарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, төсек жабдықтарын да жаңарту қажет.
Жаз демалыс қана емес, дос-жаранды көбейтіп, жаңа таныстармен араласатын уақыт. Айталық, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының бөлімшелерінде облыстың 450 оқушысы дем алмақ. Олар шартараптан келген өздерінің құрбы-құрдастарымен қызықты ойын-сауық ұйымдастырып, сан алуан жарыстарға қатысады. Ал 2,5 мыңнан астам оқушы ата-аналарымен бірге алыс-жақын шетелдерге де сапар шегуі мүмкін. Осының бәрін есептей келгенде облыстағы 24 мың бала қала сыртындағы демалыстың дәмін татпақ. Бұл – барлық көрсеткіштің 18,3 пайызы.
Қала сыртындағы демалыспен бірге мектеп жанындағы лагерьлерде оқушылардың демалысын ұйымдастыру қолға алынуда. Маусымның бірінен бастап 158 білім ошағында түскі ас берілетін демалыс алаңы жұмыс істейді. Сондай-ақ түскі ассыз 376 алаңда 35 мыңнан астам мектеп оқушысы жазғы демалыстарын өткереді.
Балалардың жазғы демалысында шығыны аз, бірақ рухани дамуына тигізер пайдасы шаш етектен іс-шараларды өткізу де көзделіп отыр. Ол өлкетану жорықтары, шатырлы және киіз үйлі лагерьлер. Бұл жерлерде желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ киелі Көкшетау мен қасиетті Қорғалжынның аралығындағы ықылым заманнан бері өнегесін өрістетіп келе жатқан ежелгі мекендерде болып, тылсым тарихымен таныспақ. Алаш жұртының кейбір хатқа түспеген көне деректерін көкіректеріне құйып, елдік пен ерлікке баурайтын өнегесін ұқса, ғажап емес пе?!
Жаз айларында 850 шығармашылық үйірме мен студия жұмыс істейді, 1 260 еңбек отряды пайдалы іспен шұғылданып, еңбек нанының дәмін татып, өмірлеріне азық болар тәлім-тәрбие алады. Елді мекендер маңайын көгалдандыруға қолұшын беретін бригадалар да жасақталмақ. 705 интеллектуалды білім деңгейін ұштауға арналған және спорттық бағыттағы 549 үйірме мен секция жұмыс істейді. Демалыстың мұндай формасымен 35 мыңнан астам оқушы қамтылады деп жоспарланып отыр.
Бар жақсылықты балаларға жасауға тырысқандықтан мемлекет тарапынан да мол қамқорлық көрсетілмек. Мемлекеттік тапсырыстың аясында 8 мыңға жуық оқушы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жобаға 3,5 млрд теңге қарастыру көзделіп отыр.
Маусым айы ортасынан ауа Қорғалжын және Ерейментау аудандарындағы этнолагерьлер өз жұмысын бастайды. Бұл жерлерде ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сіңіріп, тақырыптық кештер ұйымдастырылмақ. Жеткіншектің ынтасын ұштау үшін көзделген мақсатқа қол жеткізу ойын түрінде ұйымдастырылмақ. Еңбекке баулу мәселесі де назарда. Краснояр, Каменка, Ерейментау ауылдарындағы агротехникалық колледждердің негізінде тақырыптық сабақтар қолға алынады. Тағы бір жарқын жаңалық – жазғы балалар лагері негізінде патриоттық тәрбие беру. Өңірде «Жас өлкетанушылар академиясы» екінші жыл жұмыс істеп келеді. Оқушылар Ботай мәдениетінің ізі сақталған Атбасар және Зеренді аумақтарында республиканың ғалым археологтерімен бірлесе отырып, зерттеу жұмыстарымен айналыспақ. Мұндай ізденіске 200 оқушы қатысады деп күтіліп отыр.
Ақмола облысы