Күй десе көкірегі күмбірлемейтін қазақ жоқ. Бүгіні мен өткені сабақтаса жадында жаңғыратын болмысы бөлек қазақтың күй өнеріне деген жақындығы да өзгеше. Жуырда өнерсүйер қауымды елең еткізген ауқымды іс-шара Ұлттық кітапханада өтті. Халықтық ән мен күйдей рухани мұрасын жинақтап, ғылыми айналымға енгізу жолында еңбек еткен күйші Базаралы Мүптекеевті еске алған өнертанушылар күй тарихын қозғап, заманауи форматпен жарыққа шыққан «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» монографиясы, «Күй шақыртқы» жинағы мен CD күйтабағының тұсаукесерін өткізді. Жинақтағы күйлер Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының фольклорлық ғылыми-зерттеу зертханасы қорындағы Базаралы Мүптекеевтің орындауында берілген.
Ұлт мұраты жолында тер төккен арда азамат, күйші, этномузыкатанушы, ЮНЕСКО-ның Қазақстан бойынша «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау» комитетінің мүшесі, Дәстүрлі музыка Халықаралық кеңесінің мүшесі Базаралы Мүптекеев жасындай жарқ еткен жалынды өмір жолында мол мұра қалдырып кетті.
Алқалы жиынды жүргізген филология ғылымдарының кандидаты, өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы атап өткендей, Базаралы есімін қалың көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық. Өйткені өнертанушының артында қалған мол мұрасын насихаттап, түгендеп жүрген шәкірттері өсіп келеді.
Әр естелік айтылған сайын залды күйдің күмбірі билеп, Базаралы рухымен тілдескендей әсерде болған қадірлі қауым күй өнерінің шырақшысындай болған оның әрбір ізденісін, ісі мен сөзін тебірене еске алды.
Қасиетті күй өнері жоқтаушысының шығармашылығы хақында ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин ой толғап, «Ән мен күй халқымыздың бірі – жаны, бірі жүрегі секілді. Әнсіз, күйсіз жер басып жүрген ұлттың өмірі әрсіз, нәрсіз болар еді. Болашағы да күмәнді» деген әсерлі естелігімен бастады. Күйді зерттеушілік әсіресе ХХ ғасыр зерттеушілеріне салмақ болып түсті. Тәттімбет, Құрманғазы, Біржан, Мұхит, Ақан серідей халық композиторларын қайта жаңғыртқан Ахмет Жұбанов осынау ұлы шығармаларды биікке көтерсе, зерделей қарағанда, Дәулеткерейдің күйлері тұтас ұлтты сақтаудың, ұлылығын дәріптеудің үлкен мектебі мен өнегесіне айналды. ХХ ғасыр соңына қарай тіліміз шұбарланып, рухымыз әлсірей бастаған тұста ән мен күйді зерттеген жас таланттардың қатарында Базаралының дәулескерлік күй шеберлігі көзге түсе бастады. Өзінің орындаушылық, таным, зерттеушілік шеберлігімен ерекшеленді. Бетегеден биік, жусаннан аласа өмір кеше жүріп, артында баға жетпес мұра қалдырды. Өнертанушы Сағатбек Медеубекұлы екеуінің Жетісудың ән-күйлерін табандарынан тозып, ойы мен қырын шарлай, жүректерін тебіренте жүріп жинаған дүниелерінің орны бөлек. Осы орайда ғасырлардан бері халықпен бірге жасап келе жатқан ұлы өнерді сақтап қалу мақсатында жарыққа шығарып, таспаға түсіріп, кітап етіп шығаруға атсалысқан Жанғали Жүзбаев, Шәкен Әбдіқал, Жанарбек Әшімжан, Бақыт Жағыпарұлы, Ербол Азанбек, тағы да басқа өнерге жанашыр азаматтарға қарап, сөзі мен ісі жарасқан ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай атап өткендей, қазақ руханияты мен мәдениеті жолында тер төккен өнертанушы ғалым, шертпе күйдің шебері – Базаралы Мүптекеев саналы ғұмырын ұлттық өнерді түгендеуге арнады. «Базаралы – Жетісу күйлерін қайта жаңғыртқан тұңғыш фольклортанушы. Осы тақырыпта диссертация қорғап, хрестоматиялық күй жинақтарын жазды. Жетісумен қатар Арқа, Қаратау, Алтай, Іле, Байөлке аймақтарының күйшілік мұрасын жинақтап, ғылыми айналымға енгізді. Табиғатынан дала дәстүрін сақтаған күй жырауы еді, домбырасының құлақ күйін бабасы Қожекенің кертолғау күйлерінен бастап, әйгілі Сыбанқұл, Мергенбайлардың мұңлы қоңырларына жалғастырып тараулата шертетін эпик домбырашы болды. Байжігіт, Тәттімбет, Тоқа, Сүгір, Бейсенбі, Әшім, Қайрақбай, Әйкен күйлерін де аса сергек сезіммен шертіп радионың алтын қорына жазып қалдырды. Дина мен Әбікеннің су тиіп бүлінген таспаларын реставрациялады, халқымен қайта табыстырды. Жарқын Шәкәріммен бірге Мәскеудің дыбыс жазу архивінен академик Ахмет Жұбанов шерткен көне күйлердің көшірмесін елге әкелді. Қазақ Ұлттық өнер университетінің қабырғасынан фольклорлық зертхана ашып, домбыра күйлерінің «адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралары» қатарында ЮНЕСКО тізіміне енуіне тікелей жетекшілік етті», – деп атап өтті өз естелігінде Ж.Жүзбай.
Базаралы екі жасынан бастап, атасының алдында отырып, тек домбыраның үнімен ғана ұйықтап, бесігі күймен тербелген бала. Кішкентай таланттың талабын ерте бастан байқаған ата-әжесі ауылдағы той-томалақтан қалдырмайтын. Нағашысы Қожеке Назарұлының мұңды да рухты күйлерін, өнерлі жандар көп шоғырланған Алматы облысы Шелек ауданына қарасты Сөгеті ауылының Омархан Керімқұлов, Оразақын Молдабайұлы секілді көптеген өнерпаздарын құлағына құйып өсті. Этнограф-журналист Бағдат Мүптекеқызы бала Базаралының үлкен өнерге дейінгі өмір жолынан сыр шертіп, «Өнерге жанымен беріліп, күй өнеріне ерекше жаңалық алып келген Базаралы Арқаның күйіне назар аударды. Жетісу күйлерінің бар екенін дәлелдеді. Алдағы уақытта Базаралыны өскелең ұрпақ есінде қалдыру үшін жас ғалымдарға арналған республикалық «Мүптекеев оқулары» дәстүрлі түрде өтіп тұрса» деген ойымен бөлісті. Бұл өнертану саласында ізденісі мол жастардың пікір алмасатын, білім көкжиегін кеңейтетін үлкен алаңына айналар еді. Енді ғана Базаралы бұлағының көзі ашылғанда, мұндай игі іс-шаралар жалғасын тапса, нұр үстіне нұр.
«Домбырашы Базаралы Мүптекеевті мен білгенде өнер мен ғылымнан басқа алаңы болған жоқ. Саналы ғұмырын осы жолға арнады. Дүнияуи нәрселерді мұрат тұтпады. Сұрамасаң айтпайтын, сыры да, шыны да өзімен бірге кетті. Көп жыл қатар жүрдік қой. Мұның жайын содан білемін», деп еске алады фольклортанушы Берік Жүсіп. «Кәсіби музыкалық оқу орнының босағасын көргендер дәстүрге аса адалдық таныта алмай қалады ғой. Ол керісінше, көне мұраны бірінші орынға қойып, соның ізіне індете түсуді басты мұрат етті. Ізденімпаз, ыждағатшыл қасиетінің арқасында фольклорлық экспедицияға жиі шығып, ел арасында тарыдай шашылып жүрген ән, күй, мақам үлгілерін көп жинады. Дайын материалды қаузай беретін кабинеттік ғалымнан басты ерекшелігі – сол. Түрлі мұрағат қорындағы музыка мұрасын цифрландыруға сіңірген еңбегі өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жолдан егіздің сыңарындай болып өткен Саян Ақмолда екеуінің есімін қатар атаған жөн. Бұлардың ұлттық мұраны саралауға келгенде таным-түсінігі ерек. Америка, Жапония, Ресейден келіп шеберлік сыныптарын өткізген мамандардың дәрісін тыңдап, машық алып, Қазақ Ұлттық консерваториясы, Орталық мұрағат, Қазақ радиосы қорындағы көл-көсір мұраны жүйеледі. Кезінде Мәдениет министрлігінің атағын аспандатып, бедел жиып берген музыкалық антология атаулының барлық қара жұмысын осылар атқарды. Әрине, әзірге оны бағалап жатқан ешкім жоқ», деген қынжылысын білдірді Б.Жүсіп.
«Базаралының домбырашылық өнері өз алдына. Болашақта оның орындауында таспаланған шертпе күйлердің нақты санын шығару керек. Әзірге жарық көргені 25 шығарма. Ол өзі зерттеу нысанасы еткен Жетісу аймағына қатысты біраз күйді жатқа білді. Жетісу күйлерін қайта жаңғыртушы маман Базаралы Мүптекеев кемел ғалым ретінде қалыптасып үлгерген жоқ. Бірақ көп жайтқа ізашар бола білді. Азын-аулақ еңбегін саралай отырып, оның әлеуеті әлдеқайда мол болғанын көреміз. Ең алдымен белгілі фольклортанушы Сағатбек Медеубекұлымен бірігіп, 1998 жылы шығарған «Жетісудың күйлері» мен «Жетісу әуендері» музыкалық-этнографиялық жинақтарды ілтипатпен тілге тиек ету керек. Бұлар бір-бірін тапқан, қостақым жүріп талай істі тындыруға жаралған жандар болатын. Зерттеуге зәру күйде келе жатқан Жетісу мұрасы шешуші кезеңде тұрғанда Базаралыдай «шаруаторыдан» айырылып қалуы – өнертану ғылымы үшін өкінішті жайт. Амал қанша, енді оның ізін тап өзіндей етіп біреудің баса алатынына күмән көп. Ғылымға қосқан қомақты жаңалығы деп «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» монографиясын айтуға болады. Мұндағы зерттеу нысаны етіп қолданған жүйелеу әдісі ерекше ден қойдырады. Жалқыдан жалпыға қарай жүру тәсілі арқылы ол болашақ зерттеулерге бағыт-бағдар сілтеді. Сөйтіп, бір аймақты оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс деп үшке бөле қарастырып, жүйелі һәм дұрыс сараптауға жол ашты. Аймақтық айырмашылықты көрсетіп, өнердің ілкі тегіндегі рулық ерекшелікті сөз етпей тұрып, ұлттық сипат жайын қозғау – аса бір жемісті жол емес. Кеңес Одағы тұсында идеологияға ыңғайланған ғылым мұның жайын айтқызбады. Зерттеулерімде осы мәселені ешкімнің көңіліне қарамастан айтып келе жатқан маман ретінде мен этномузыкатанушы Базаралы Мүптекеевтің аталмыш жіктемесі өзін-өзі ақтап шығатын ақиқи жол екенін сеніммен айта аламын. Осындай мүмкіндік иесінің, ұлтқа бергенінен берері көп маманның ғазиз ғұмырының келте болғаны өкінішті, әрине», деп аяқтады сөзін Б.Жүсіп.
Сөз соңы: Ұлттық өнерге бергенінен берері көп Базаралы Мүптекеевтің санаулы ғұмырындағы игі ісіне жүректен шыққан жылы сөздер арналды. Көзі тірісінде орындаған күйлері шертілді. Өзі алыстап кеткенмен, рухы халқының жадында сақталатын зерделі зерттеуші, дәулескер күйшінің мирас мұрасын еске алғанда, шығармаларының шырақшысындай болып жүрген ғалым, ұстаз Сағатбек Медеубекұлының мына өлең жолдары еріксіз еске оралады:
Атыңнан айналайын Базаралы,
Ұлтыңның ұлы рухы мазалады.
Шыңынан Тәңіртаудың тауып алған,
Күйіңе елтіген жоқ қазақ әлі.
Атыңнан айналайын Базаралы,
Алты алаш ажалыңды азалады
Түркінің тамырына қан жүгірткен
Күйіңді таныған жоқ қазақ әлі...
АЛМАТЫ