ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мұнай жеткізетін алпауыт кәсіпорындар дизель отынының бағасын шарықтатып жібергенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ақпарат-аналитика агенттіктерінің ақпараты бойынша, «PETROSUN» ЖШС мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сияқты мұнай жеткізуші ірі кәсіпорындар дизельдің бір тоннасын 10-15 теңгеге немесе литрін 8-12 теңгеге дейін көтеріп жіберген. Дәл осындай өсім басқа жеткізушілерден де байқалып отыр. Бөлшек саудадағы баға реттеліп отырған кезеңде акциз мөлшерлемесін көтеру мұнай жеткізушілер мен жер қойнауын пайдаланушылардың, мұнай өнімдерін сататын делдалдардың табысын едәуір төмендетті. Соған қарамастан шекті баға өзгеріссіз қалып отыр. Сондықтан көктемгі егіс науқаны кезінде дизель бағасы өскен жоқ», деп жазады Роман Скляр депутаттар жолдаған сауалдың жауабында.
Оның айтуынша, Қазақстан аумағында акциз мөлшерлемелері келесідей белгіленген:
Бензиннің көтерме саудасына (авиация бензинін қоспағанда) (код ТН ВЭД ЕАЭС 2710 12 4110 – 271012 590 0) – 1 тоннаға 38 134 теңге; Дизельдің көтерме саудасына (код ТН ВЭД ЕАЭС 2710 19 421 0- 2710 19 425 0) – 1 тоннаға 35 726 теңге.«Жанармай бағасының күрт өсуін болдырмау үшін мұнай бағасын тауар биржаларында көтерме бағамен өткізудің ұсынымдарына өзгертулер енгізілді. Бұл ұсынымдар биржадағы сауда ережесі бекітілгенге дейін қолданылады. Ол бойынша, бір сауда сессиясының кезеңінде баға 1%-дан артық қымбаттамауы керек. Биржадағы саудаға қатысудың жылдық айналымына белгіленген 5 мың тонналық шек алып тасталды. Бұл жанармай құю стансаларына жанармайды шағын мөлшермен, биржа арқылы ресурс ұстаушылардан тікелей сатып алуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.
13 мамырдан бастап дизельді FCA шартымен сату қайта жанданған болатын.
«Мұнай өңдеуші зауыттар ұсынған бастапқы баға тоннасына 222 – 227 мың теңге немесе литріне 184 – 188 теңге болды. Ал бөлшек саудада 1 литр дизельдің бағасы 230 – 260 теңге болып отыр», дейді Роман Скляр.