Атырауда психотроптық заттарды сақтау мен тасымалдауға қатысты айыппен мектеп оқушысы жеті жарым жылға сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл жыл басынан бері кәмелет жасына толмаған 20 оқушы қылмыстық құқық бұзушылыққа барған. Оның ішінде 13 ауырлығы орташа, 7 ауыр қылмыс бар.
«Мысалы, кәмелет жасына толмаған К есімді оқушы Telegram интернет-арнасынан жұмыс тәжірибесі жоқ болса да жалақысы жоғары жаяу курьер қажет деген хабарландыруды тапқан. Ол осы ақпаратқа қызығушылық танытқан. Курьердің жұмысына психотроптық заттарды жасырын орындарға жеткізу кіретінін біле тұра материалдық тұрғыдан тез баю мақсатын көздеген. Оның аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында сақтау, тасымалдау, өткізуге бағытталған электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы қылмыстық ниеті анықталған. Нәтижесінде оқушы К 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен сотталды», деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Осыған байланысты қадағалау ведомствосының қызметкерлері ата-аналарға балалардың интернет желісінде отыруын қатаң бақылауды ұсынады.