• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 07 Маусым, 2022

Хан Кене

13564 рет
көрсетілді

Садағын сағымға ілген сайыпқыран Шыңғыс ханнан ұласып, жоралы Жошы хан әулетінен тамырлы желі тартқан Қазақ ордасының хандық түзімінің алтын шынжырының ақырғы бунағы Алаштың айдынды ұлы Кенесары хан болғаны баршаға аян. Биыл ұлы қолбасшы, баһадүр хан Кенесары Қасымұлының туғанына 220 жыл толып отыр.

Патша өкіметі 1822-1824 жылдары Орта жүз бен Кіші жүзде енгізген басқару ережелері қазақ жұртының дәс­түрлі мемлекеттік жүйесін жойып, орнына округтік және шекаралық бас­қару мекемелерін ашты. Патша өкіметі қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, Ақтау, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, т.б жерлерге өктемдікпен бекініс, дуандарын сала бастады. Империяның озбыр саясатына қарсы алғашында Абылай ханның ұрпақтары Ғұбайдолла сұлтан, кейіннен Қасым төренің ұлы Саржан сұлтан бастап азаттық қозғалысын өрістетті. Саржан, Кенесары бастаған көтерілісшілердің толқуы патша өкіметінің отарлық саясатын жақтаған опасыз сұлтандар мен билердің ауылын шауып, Көкшетау, Ақмола округтік дуандарын құруға қар­сылық қимылынан бастау алып үдей түсті. Кенесары хан: «Күннен-күнге біздің жерімізді басып алып, өз бекіністерін соға бастаған патша әкімшілігі халықтың ашу-ызасын тудыруда. Бұл біздің келешегіміз үшін ғана емес, бүгінгі күніміз үшін де аса қауіпті», деген ұранды хаттарын үздіксіз таратты.

Барша қазақтың бас адамдары бас қосқан 1841 жылғы қыркүйектегі құ­рыл­тайда Ұлытаудың түстігі Арғанаты тауы­ның баурайында Кенесары ақ киізге көтеріліп, хан сайланып, қазақ мем­лекеттігі қалпына келеді. 1844 жылы қазақ ханы ретіне оны Орта Азия билеушілері мойындап, елшілерін тарту-таралғысы­мен жіберді. Қазақ ордасының соңғы ханы, 1837-1847 жылдардағы ұлт-азат­тық қозғалысының көсемі, әйгілі әскери қол­­басшы, Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы, Абылай ханның неме­ресі, Кенесары Қасымұлы ұтымды дип­ломатиялық келіссөздер арқылы қыс­қа мерзімде қолдауға ие болады. Әсі­ресе Бұқара әмірі мен Хиуа ханы Кене­сарының күресіне дем берді. Бұқара әмірі Кенесарыға 60 мылтық, 15 зеңбірек, оқ-сайман, ал Хиуа ханы 15 арғымақ, 2 алтын ер-тұрман, 2 зеңбірек, 2 түйе оқ-дәрі және келе-келе түйелер берген деген дерек бар.

Кенесарының көтерілісін қарудың күшімен баса алмайтынын түсінген патша өкіметі онымен келіссөз жүргізіп, айлакерлікпен шырғалағысы да келеді. Бұл мезетте Кенесары бейбіт бітім арқылы басқыншылар басып алған қазақтың жері мен тұтқындағы сарбаздарын, туыс-туғандарын қайтарып алуды ойластырады. Осы мезгілде хан Кене екі майданда, Қоқан хандығы мен Ресей патшалығына қатар шайқас ашу тиімсіз екенін біліп, уақытша ымыраға келуді көздейді. 1845 жылы қаңтарда Орынборда патша өкіметімен жасалған келісімде Ресей сыртқы істер министрлігі рұқсаты­мен ханның жақындары мен сүйікті жары Күнімжанды қайтаруға шешім қабылданады, басқадай мәселелерді шешу үшін Долгов бастаған елшілік тобы тағайындалады. Хан ордасына бас штаб поручигі Герн бастаған арнайы елші жасақталып аттанады, бұларға патша өкіметі көтеріліске шыққан қазақтардың тең ортасын бөліп тастау үшін Ырғыз бен Торғай өзендерінің бойынан бекініс салатын жер байқауға жасырын тапсырма береді. Ханның күдігін туғызбау үшін тұтқындағы Күнімжанды ордаға жеткізу деген сылтаумен Герн бастаған делегация келеді. Көшпелі жұрттың этнографиясын зерттеу мақсатында деген желеумен доктор Майдель де елшілік құрамына енеді. Елшілік 45 күн жол жүріп, 1845 жылы сәуір айында ордаға жетеді. Кенесары бұл елші тобының астыртын мақсаты патшаның уақытша көзбояушылығы екенін түсініп, 2 ай бойы толассыз көшіп, елшілердің айнала төңіректі танып, ел-жұртпен араласуына жол бермейді, сондықтан шарасы қалмаған Долгов кері қайтуға мәжбүр болады. Оның қолына Кенесары хан хат тапсырып, патша өкіметі қазақ жеріне заңсыз салған әскери бекіністерін жойып, жазалау отрядтарымен ауылдарды тонап, елге зорлық-зомбылық жасауын дереу тоқтатуды талап етеді. Әйткенмен патша өкіметі қазақ даласына шеңгелін мықтап салып, Орал, Орынбор бекіністері орнаған соң, көтерілісшілердің кеңістігі тарылып, көш жолдары кесіліп, патшаның жазалаушы жендеттері күн сайын шабуыл жасауға мүмкіндік алады. Сол себептен Кенесары көтерілістің орталығын Жетісу өлкесіне көшіруді жөн санайды. Бұл тың өлкеге табан тіреген хан Ұлы жүз қазақтары мен бауырлас қырғыздарға арқа сүйеп, патша өкіметінің озбыр саясаты мен Қоқан билеушілеріне қарсы күрес жүргізу алаңына айналдыруды мақсат етеді.

Жетісу өлкесіне келгенде ханды Ұлы жүздің Сұраншы, Тойшыбек, Бай­сейіт секілді батырлары қарсы алады. Кенесары хан Манжұр-цин патша­лығына дипломатиялық қатынасты жаң­ғыртып, Абылайдан бері жалғасқан жол-жоралғымен Құдайменді сұлтан бастаған елшілігін Іледегі әкімшілігіне жолдағанымен, олар өз иеліктеріндегі ұйғыр мен дүнгендер көтеріліс жасап жатқандықтан сескеніп әрі патшадан сақтанып, бейтараптық қатынас танытады. Құдайменді сұлтанға мол тарту-таралғы, екі шенеунігін қосып беріп жөнелтеді.

Кенесары көтерілісін қазақтың үш жүзінің игі-жақсылары тізе қосып бас­қарды. Олар шұбыртпалы Ағыбай батыр, арғын сүйіндік Жанайдар батыр, табын Жоламан Тіленші, табын Бұқарбай батыр, тама Танаш батыр, қыпшақ Иман батыр, арғын ішіндегі қырғыз бұтағынан таралған Төлебай (Жеке батыр) батыр, қыпшақ Басығара батыр, атығай Аңғал батыр, Шапырашты Бұғыбай, Саурық батыр секілді елге белгілі ерлер еді. Кенесарының қарындасы, ерекше өжет Бопай ханым Қасымқызы көтеріліске ұраншы болып, 17 жастағы баласымен бірге шайқастың белортасында жүреді, жау тылына еніп, барлау жұмыстары мен ұрыстарды ұйымдастырады. Ол 500 адамдық арнайы жасақты басқарады, әскерлерді ас-сумен, керек-жарақпен қамтамасыз ету ісімен де айналысты. Көтеріліске қатысқандар арасында өзге ұлт өкілдері – патша әкімшілігінен қашқан татарлар мен башқұрттар, орыстар мен поляктар да болды. Бұл туралы бас штаб поручигі Герн «Кенесарының қол астында Орынбор, Сібірдегі қазақтар­дың әртүрлі руларының көптеген өкіл­і топтасқан. Сонымен бірге өзге ұлт өкілдері, атап айтқанда бес орыс, төрт башқұрт, алты татар бар. Олардың кейбірі Кенесары ­армиясына қару-жарақ, оқ-дәрі әзірлеу­мен шұғылданады. Мен онда болға­ным­да Кенесарының өкімімен әр­бір үйден бір-бір темір ошақ-мосы, те­мір кетпен жинастырылып, оны башқұрт­қа зеңбірек құйғызу үшін тапсырды», деп жазады. Сонымен қатар көтеріліске қарақалпақ, түрікмен, өзбек, қырғыздар да қатысты. Мәселен, Самарқан мен Бұқарадан білім алған өзбек Сайдақ қожа Оспанов Кенесарының серігі ретінде дипломатиялық келіссөздерге қатысып, басқару ісіне жәрдем жасайды. Осыдан Кенесары батырдың маңайына әртүрлі жұрттың өкілдері топтасқаны аңғарылады. Олардың кейбірі қазақ ханының ерекше сеніміне ие болып, жауапты қызметтер атқарды. Мысалы, Кенесарының жеке хатшысы бұрынғы орыс солдаты болса, кіші інісі Наурызбайдың жеке жалшысы Николай Губин деген адам болғандығы туралы мәлімет бар. Мейер ол туралы: «Ол орыс тұтқындарына ерекше мейіріммен қарады. Оның бұл әрекеті көпке үлгі болды. Адамды тартып алатын ерекше қасиетінің арқасында оның әскерінің қатарында бірнеше орыс қашқыны болды», деп жазады.

Кенесары көтерілісін біртіндеп дүйім қазақ қолдады, оның қамтылу аймағы қазақ даласының төрт қиырына тең жа­йылып, уақыт өткен сайын кеңи берді, Кіші жүз қолын бастап Жоламан Тіленші батыр алғашқы лекте қолдады. Отаршыл саясаттың елдің бүтіндігі мен жердің тұтастығына әкелетін лаңын дүркін-дүркін әшкерелеген Кенесарының үндеу хаттары халқының көтеріліске атойлап шығып, бас біріктіруіне сенімді тірек болды. Әлім Жанқожа батыр Қоқан бектеріне қарсы соғысын қолдап отырды. Жыр-аңыздарда Наурызбай батырдың Сыр бойына келіп көмек алғандығы, елдің хас батырдың ерлігін сынағандығы, Кенесары хан мен Жанқожа батыр тізе қосып, Созақ бекінісін азат кеткені айтылады. Хан Жетісу жеріне келгенде патша өкіметінің қитұрқы арандатуымен Лепсі өзені бо­йында 1846 жылы 23 маусымда кеңес деген желеумен жиын өтіп, басыбайлы бодандықты мойындаған төрелер мен аға сұлтандардан патша өкіметін қолдауға уәде алынып, ел бірлігіне сызат түсіреді. Әйткенмен, жиында бас шұлғығаны­мен, кейбір игі-жақсылар Кенесары ханға болған оқиғалар туралы астыртын хабар беріп, қолдау көрсетеді, ал Абылай хан­ның тұқымы Әли сұлтан Әділов: «Кенеса­ры­ға осы отырған біздер қол тигізбей­міз», деп ашық айтады. Аягөзден келген Сұлтан Бексұлтан жиынға келгендер­дің барлығы Кенесарыға қарсы аттанса, өз қарамағындағы наймандардың бұл майданға қатыспайтынын мәлімдейді. Патшаның құрығына іліне қоймаған Ұлы жүз қазақтары ханды кәделі жоралғымен қарсы алып, төңірегіне жедел топтасқаны байқалады. Алдыңғы шепте ботбай Тойшыбек, оның ұлы Байсейіт, шапырашты Саурық, Бұғыбай, Сұраншы, дулат Байзақ, жаныс Шаншар, албан Атамқұл секілді батырлар мен билер Кенесарыны қолдап, елдіктің туын көтеріп келген Орта Жүз бен Кіші жүз батырларымен тізе қосты. Кенесары қоныстан ауғанда жыр толғаған Досқожа би: «Қоныстан аумақ болсаңыз, Жіберіңіз тез хабар, Жоғарғы Дулат төрт ауыл, Жази, Сауырық ерлермен, Байзақ батыр, Бегенге», деп Жетісу жеріндегі ерлерге үміт артқаны, ақын атаған осы тұлғалар ханның қасына шоғырланғаны байқалады. Осы қиын кезеңде Кенесары хан арттағы елмен байланысты үзбеу үшін Жалмамбет би бастаған құпия елшілерді Кіші жүзге, Арқадағы елге аттандырып, олар 69 күн жол жүріп қазіргі Ақтөбенің Темір өзеніне жетіп, ханның хатын белгілі билер мен сұлтандарға жеткізген.

Отаршыл патшаның озбырлығына қарсы он жыл бойы жаралы жолбарыс­тай арпалысқан хан Кененің қапияда қаза болуы қазақ халқын ауыр қасіретке, бодандық қапастың тұйық түнегіне тіреп, ар-намысына ауыр дақ салды. Хан Кененің жорықшы жырауы Нысанбай айтқандай «Халық иесі хандарды, Қалай айтсам мін бар ма?! Шегірткеге таланған, Қырғауылда жүн бар ма?! Хандарынан айырылған, Қарашыда сын бар ма?» деген зұлмат заман басталады. Осылайша, бостандық жолында Кенесары хан опат болғанымен, енді оның асыл рухы Алашты азаттыққа шақыратын, тар жол, тайғақ ­кешуде жебейтін киелі ұранға айналады.

Ақын-жыршылар ел өмірінің түйінді сәттерінде хан Кенені жырға қосып, рухын жоқтады, Кенесары тақырыбы қазақ поэзиясында елдік пен ерліктің мәңгілік айшықты рәмізіне айналды. Халық Кенесары хан, Саржан, Наурызбай сұлтандар мен батырлар туралы асқақ ән-жыр, тамаша күйлер тудырған. «Наурызбай батыр» жырын ел аузынан естіп хатқа түсірген әйгілі композитор А.Затаевич: «Бұл эпикалық ерекше жыр қазақ симфониясының қуатты түйінінің сұлбасы секілді. Жырдың басталу арнасы, қаз-қатар құйқылжып шыққан қуатты саздар халықтың сүйікті батырының салтанатты оралуы мен асқақ жеңісін бейнелеп тұрғандай әсер қалдырады», деп жазады. Кенесары туралы эпостың ел арасында туып жатқанын сол дүбір­лі кезеңде қазақ даласында болған А.Януш­кевич көзімен көріп, ақындар ағайынды Кенесары, Саржан туралы айрықша рухпен тебіреніп жырлайтынын жазады. Ны­санбай жырау, Досқожа, Ж.Жабаев, А.Тобылбайұлы, М.Сералин, К.Жа­натайұлы, Ж.Шайхыслам, И.Жыл­­қы­айдарұлы, Д.Әлімбайұлы, О.Шипин, Ш.Сұлтанбайұлы, К.Елеуов, Н.Ахмет­беков, С.Керімбекұлы секілді халық ақын­­дары бастаған жолды М.Жұмабаев, Қ.Бекқожин, драмада М.Әуезов, прозада І.Есенберлин жалғастырады. Жамбылдың Кенесарының ұлы Сыздық төрені ауылында қарсы алып, әйгілі сардармен бірге ұлы ханның сүйегін іздеп қырғызға баруы – елдік рухтың жаңғырық жаршысындай.

Уақыт керуенінің тозаңы, тоталитарлық саяси қуғын-сүргіннің алапат зобалаңы Алаштың айбынды ханы Кенесары мен оның айналасындағы жаужүрек батырларды халық жадынан өшірмек болғанымен, қаймана қазақ ақырғы ханының, елдік жолында қайсарлықпен арпалысып шейіт болған көкжал Кене мен оның баһа­дүрлерін ешқашан ұмытпаған. Қазақ елінің алтын тағы, жерінің тұтастығы мен жұртының бүтіндігі үшін кірпік қақ­пай күресіп, Абылайдың ақ туын желбіре­тіп, ондаған жыл аттан түспей, ұлт-азат­тық қозғалысын шебер ұйымдасты­рып, отар­шылдың үрейін ұшырып, дүние­ні дүбір­леткен хан Кененің әзіз бейнесі халқының жүрегінің түбінде сақталып, абыз жыраулардың аузынан маржан жыр болып төгілген еді.

Хан Кенесары мен оның сарбаздарына халық аңыз-жыр арқылы жауһар ескерткіш соғып, ғасырлар бойы бұл дәстүр үзілмей бүгінгі күнге ұласты. Кенесары атының дүбірін естігенде жүрек қабы жарыла жаздап қорқатын патшаның шенеуніктері оның басын аса құпия сақтауды ұйғарады. Әзіз шейіттің өмірден өткенін куәлендіріп ресімдеген соң кейінгілері Кенесары ханға қарсы жаңаша тұрпатта күрес жалғастырады. Олар ханның аруағымен алысып, атын тарихтан біржолата өшіруге рақымсыз майдан ашады. Бұған – ұлы хан туралы қалам тартқан тарихшы Е.Бекмаханов пен әдебиеттанушы ғалым Е.Ысмайылов­тың 25 жылға нақақ сотталуы, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Қ.Бекқожин секілді тұлға­лардың қуғын-сүргін зобалаңын бастан кешуі айғақ. Әйткенмен, халқы хан Кене­нің өр тұлғасын жүрегінде тербетіп, арналы аңыз-жырға айналдырып, ауыздан-ауызға таратып, тұмар етіп келген.

Негізінен ХVIII ғасырдағы қаһарман­дық эпостардың алтын қазығы Абылай хан болса, бұл айбынды дәстүр жалғастығын тауып, Кенесары дәуіріндегі тұтас тарихи жырлардың алтын діңгегі Кенесары ханның өзі болып, желілес эпостар туғаны байқалады. Кенесары хан жырларда бас қолбасшы, салтанатты ордада отырған хан бейнесінде кескінделіп, оның жарлығымен жорыққа аттанатын Ағыбай, Наурызбай, Төлебай секілді сардарлардың соғыс қимылы кең көлемде суреттеледі. Кенесарының ағасы Саржан, Есенгелдінің ерлігі де жеке-жеке жырға айналады. Жырлаушылар жас бөрі Наурызбайды жаудан беті қайтпаған батыл жүрек сардар, сымбатты құрыш тұлғасы үйлес­кен баһадүр, қайсар ерлікке ынтызар тәкаппар мінезді албырт жас пішінінде сомдайды. Кенесарының асыл мұраты қырғызға елші аттандырып, бауырлас халықты ынтымаққа шақырған сөзінде айшықталады. Көптеген жыр-аңызда елшілікке қарауыл Бөгенбай би, арғын ішіндегі қырғыз тармағынан тарайтын Төлебай бастаған өкілдер қырғызға сапарлап барғандығы айтылады. Халық ақындарының жырлауынша Кенесары бауырлас жұртқа былайша үндеу тастайды:

«Қырғыз-қазақ баласы,

Отырған көрші ел едің.

Салтанатың жарасқан,

Еркін өскен ер едің.

Басыңды қосып бәріңнің,

Ел қылайын деп едім.

Салдырған патша қаласын

Жер қылайын деп едім...

Терезесін патшамен,

Тең қылайын деп едім.

Мақұл көрсең соңыма ер!»

Қырғыз фольклорында да Кенесары ханның оқиғасы туралы аңыз-жырлар сақталған. Хан Кененің туысқан елге ат­тандырған елшісінің сәлемі қырғызда былай болып келеді: «Қырғыздан хабар алды, Орманға елші салды. Оралдан асып, Омбыны басып, Аузы түкті орыс келеді, Жолыққанды сорып келеді... Енді қырғыз саған барат, Бүлікті мықтап салат... Арба менен шанасы бар, Әр қандай түрлі санасы бар... Лабақты деген оры бар, Жайып қойған торы бар». Алайда, өкініштісі, сыртқы жаумен жасырын ымыраласып, береке-бірлікті сетінетіп, іріткі салған опасыздар халықтың мүддесін, ханның асқақ арманын күйретіп, елді бодан­дық езгіге салуға есік ашқаны мәлім. Шай­қас кезінде Ташкент тарапынан көтеріліп келе жатқан үйсін қолына, Арқадан атқа мінген ереуілші қосынға тосқауыл жасап, Аягөзден Қызылағашқа отряд бастап жеткен Абакумов пен есауыл Нюхолов­­тар қырғыз манаптарына «Кенесары – қыр­ғыз бен орыс өкіметінің ортақ дұшпа­ны, онымен ешқандай келіссөз жүргізбеу керек, егер оны жойса, мейірімді патша қырғыздарды қамқорлыққа алып, сый-сыяпатпен жарылқауға дайын екенін» уәде етіп Мұхамед Тагировтан хат беріп, отқа май құя түседі. Ал хан Кене қапыда қаза болғанда өзін хан деп өрекпіген Орман манапқа орыс патша әкімшілігі полковник шенін тағады. Әйтсе де Орманның арты қайырлы болмай, қанды болып, бұғы манабы Боранбай бидің туысы Балбайдың соққысынан қаза табады. Боранбай би Шоқан Уәлихановтың Қашқария сапарына жәрдем етіп, меймандостықпен қарсы алып, ауылында ұлы ғалымға «Манасты» жырлатып, қазақ пен қырғыздың рухани байланысы осындай игі-жақсылардың шарапатымен жақсылықпен жалғасады.

Тарихи жыр-аңыздарды ауыр зоба­лаңға, бүлік топалаңға тап болған ащы шындықты өксік-өкінішпен жырлап, қара басын күйттеген сатқындарды аяу­сыз айыптайды. Жамбыл «Кенесары, Наурызбай заманында жаннан асқан ер болды. Қазақты орысқа бермеймін деп, Сарыарқада соғыс салды. Ақмоланы, Ақтауды, Адырлы қалаларын алып, солдат­тарды қойдай қырды. Бірақ жер-дүниені алып қаптаған патша әскері азаймады, күн сайын көбейе берді, зеңбіре­гін сүйретіп, Кенесары, Наурызбайдың соңынан қалмады. Қазақтың Көкшетау, Есіл, Нұра, Баянауыл, Қарқаралы сияқты жақсы жерлерін тартып алды. Елді қойға тиген қасқырдай талады. Кенесары, Наурызбай сол таланған елді қорғай­мын деп, қасына мың сан батыр қол ертіп жүрді. Бірақ Кенесары жағадан ал­ған жау­дан жеңілетін ер ме еді? Ол етектен алған «иттерден» жеңілді ғой», деп күйінетіні бар. Әлбетте, халық жырларында бұл елі мен жерін сатқан антұрғандық өткір шенеледі: «Опасыз болса туған ұл, Өлімен тең бағасы. Елін сатса жауына, Ол – жү­ректің қарасы. Наград берем деген соң, Қыпшақтан кетті Ыбырай. Совет­ник боп Тұрлыбек, Ол да кетті сұмырай». (Доскей Әлімбайұлы. «Кенесары»)

Ұлт-азаттық қозғалысында Кене ханның жорықшы жырауы болған, шейіт ­бол­ған ерлердің аманатын арқалап елі­не жеткіз­ген жампоз Нысанбай Жаман­құлұлының жасындай жыры еңіреген елдің азалы үні ғана емес, Алаштың бола­шағына деген үміті мен жігеріне рух беріп, ар-намысын оятқан отты, уытты шер тол­ғау болды. Жастайынан ордада болып тәрбиеленіп сәуе жасап, бал ашатын абыз Нысанбай тарих пен тағдырдың қасіретті парақтарын былайша жырмен толтырады:

«Кенекем менің кеткен соң,

Заманым қалды тарылып.

Халық иесі – хандардан

Жетім қалдық айырылып...

Кемшілік түсті басыма,

Көрінгеннен қаймығып...

Кенесары кеткен соң,

Иесіз қалды тағымыз.

Наурызбай төре кеткен соң,

Бастан тайды бағымыз».

Отаршыл озбыр билік хан Кененің алтын басын алғанымен, оның өр рухы, өнегелі ғұмыры қапаста қалған қалың еліне киелі ұран болып ұласып, азаттықтың ақ таңымен бірге байтақ-төрімізге мәңгі оралды. Сансыз шейіттердің алқызыл қаны азаттықтың өтеуі, елдік тұғырымыздың тағаны болды. Хан Кененің арман-мұраты жүзеге асып, жасыл байрағын желбіретіп жауды қуып, арғымағын орғытқан Есілдің жағалауына Алаштың астанасы кең қанат жайып, еңіреген ердің еңселі ескерткіші елордаға қаратыла орнатылды.

Хан Кененің аманаты мен асыл мирасы қазақ даласының төрт қиырында сайрап жатыр. Ханның мылтығы Омбы музейінде, қылышы Оңтүстік Қазақстан облысының тарихи-өлкетану музейінде сақталып бүгінге жетті. Қоқандықтардан азат еткен Созақ бекінісі көне тарихтың тірі куәсіндей. Қазақ даласында Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысы сардарларына қатысты қаншама тарихи мекендер, киелі орындар, қасиетті қорымдар бар. Кенесары ханның 220 жылдығына орай осындай киелі жерлерге ескерткіш-белгілер орнатылса, жас ұрпаққа өнеге болары анық. Алаштың айбынды ханы, дала сырттаны Кенесарының аруағы азат еліне жар болсын!