Орталық референдум комиссиясында ел Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумға дайындық пен оны өткізуді байқау жөніндегі ТМД және ТүркПА байқаушылар Миссияларының жекелеген баспасөз конференциялары өтті.
ТМД Байқаушылар миссиясының басшысы, ТМД Атқарушы комитеті төрағасының бірінші орынбасары – Атқарушы хатшы Леонид Анфимов, ТМД байқаушылары референдумның 865 учаскесіне барып байқау жүргізгендерін атап, дауыс беру процесі ашық ұйымдастырылғанын мәлімдеді. «Ұлттық және халықаралық байқаушыларға дауыс беру процесін байқау үшін қажетті жағдайлар жасалған. Референдум учаскелері ақпараттық материалдармен және қажетті жабдықтармен жарақтандырылған. Референдум жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті, қолданыстағы заңнамаға сәйкес саяси науқанды ұйымдастырушылар азаматтардың еркін білдіру құқығын іске асыру үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз етті», деді Леонид Анфимов.
Атап өтсек, Миссия құрамында барлығы 144 байқаушы бар болса, олардың 6-уы ұзақ мерзімді негізде жұмыс істеді.
Сонымен қатар, ТүркПА байқаушылар делегациясы да референдум комиссияларының тиісті ресурстармен толық қамтамасыз етілгенін және мұндай саяси іс-шараларды өткізуге кәсіби тұрғыда дайындалғанын атап көрсетті.
Өз кезегінде Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров референдумды байқауға қатысқан шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың орталық сайлау органдарының өкілдеріне алғысын айтты. Сонымен қатар ол халықаралық ұйым өкілдерінің референдумды байқауға қатысуы оның беделін арттыратынын және бұл елімізде өткен саяси науқанның жариялылығы мен ашықтығына кепіл болатынын, оның ішінде ШЫҰ өңірдегі ғана емес, жалпы әлемдегі беделді және қарқынды дамып келе жатқан ұйымдардың бірі болып табылатынын атап өтті. Баспасөз конференциясында ОРК басшысы Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясының өзара іс-қимылды кеңейтуге қызығушылық танытып отырғанын құптайтынын да мәлімдеді.