«Суретшілік – соқырлардың жұмысы. Суретші көргенін емес, сезінгенін бейнелейді», дейтіні бар Пабло Пикассоның. Осы «сезіну» деген ұғым қылқалам иесінің бәріне қона бермейтін құдірет. Мұны даңқты суретші жақсы бағамдап отыр. Мәселен, біз мысалға алған картинадан сіз не сезіне алдыңыз?! Көзбен көргеніңізді емес, көңілге түйгеніңізді ой ішінде кестелеп көріңізші.
Қазақтың ғажайып суретшісі Бақыт Бәпішевтің шығармашылық қолтаңбасы 1980 жылдарда ерекше үрдіс алды. Түркілік понтеизм, көшпенді әлемі және олардың ойлау жүйесін өз кенебінде мифтік элементтер арқылы шебер жазды. Батыстың абстрактілік тілінің көркемдік құндылығын ұлттық ерекшеліктермен әспеттеп, дәстүрлі ойлау жүйесіне салып, метафораға негізделген символдық шешімдер қабылдады. Мұны «Ай астындағы ағаш» картинасынан-ақ аңдауға болады.
Аталған туындыда төрт бұрышты форматта түнгі атмосферада жайқалған жалғыз түп жас ағаш бейнеленген. Фон қара түспен беріліп, ағаш форматтың қақ ортасына тастан қаланған дуалдың жоғарғы жағына орнатылған. Жас ағаштың діңі тік бітіп, бұтақтарымен кенептің жоғарғы жағына тіреліп кенеп бетінде қысым тудырып тұр. Қап-қара аспаннан айдың өзі де, айды тұспалдайтын жарық та көрінбейді. Тек ағаш жапырақтары мен дуал бетіне түскен сарғыш, қызғылт тартқан бояу реңінен түннің айлы екенін тұспалдап білеміз.
Жан-жағы тік төртбұрышты пішін құрап қаланған тас дуалдың ішіне егілген мұндағы ағаш жасанды өркениеттің немесе тарихи тамырынан, өзегінен, жермен тікелей байланысын білдіретін негізінен ажыраған бүгінгі мәдниеттің, ұрпақтың символы іспеттес. Ағаш жапырақтары да жасанды гүлдің жапырақтары тәрізді бірдей көлемде жетіліп, жарқырап тұр. Оның мінсіз тік біткен діңі түнгі аспанның ортасына сіңіп аса білінбей бейнеленсе де өзінің мінсіздігімен арбайды...
Суреткердің шығармасындағы жас түп жасанды жолмен өсірілгені соншалық, табиғи негізі жоқ тәрізді. Бұл өз жеріңде бүршік атып, гүл жарғаныңызбен, өзге мәдениеттің қысымында тәрбиеленгендіктен тамырыңызбен тамырлас жеміс бере алмайтыныңызды айтып тұрғандай.