Киелі Шыңғыстай жерінде қаратай халқы ерекше әспеттеп, қадір тұтатын мектеп бар. Әбдікерім болыс салдырып, Сұлтанмахмұт ұстаздық еткен, Оралхан оқыған киелі мекен. Кезінде қарағайдан қиып салынған екі сыныптық, бүгінде Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы орта мектеп «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып Күн болғысы» келген қазақ ақынының ел ертеңі – жас ұрпақ санасына білім нәрін сепсем деген арманына қанат байлап қана қоймай, жас жүрегін селт еткізіп, келте ғұмырына мағыналы мән сыйлаған ғашығы, өр Алтайдың текті аруы Бағила сұлумен кездесуіне, ғажап пен ғазап қатар өрілген сезім хикаясын бастан кешуіне себеп болғандығымен де тарих үшін құнды.
Сәулелі сапар
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Сұлтанмахмұт Торайғыров білім іздеп Семей, Омбы, Троицк қалаларын араласа, ілім нұрын таратып Алтай аймағының Катонқарағай, Күршім мен Зайсан өңірлерінде із қалдырды. Соның ішінде, әсіресе Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында өткізген бір жыл Сұлтанмахмұт өмірінен айрықша орын алады. Себебі бұл сапар ақын әлеміне төңкеріс жасаған тартысты һәм табысты кезең болды десек қателеспейміз. Тартысты болған себебі – жоқшылық пен дерт меңдеп әрі-сәрі күйге түскен өміріне сәуле шашып, әр берген ару Бағиламен дәл осы Шыңғыстайда жолығып бір қуанса, көңіл жарастырып үлгерместен ескіліктің заңына бағынып ғашығынан мәңгілікке айырылып аһ ұрады. Ал бұл сапардың зор табысы – Алтай аруы Бағиладан айырылу ақынға шығармашылығының шедеврі – «Қамар сұлу» мен «Кім жазықты?» шығармаларын жазуға түрткі болды.
Сұлтанмахмұт Бағиланы кезіктіргенде арудың жасы 17-ден енді асса керек. Толған айдай толықсып тұрған кербез ару келбетін күн сүйген көркем ажарымен ғана емес, ақыл-парасаты, ақындық өнерімен де жас ақынның көзіне оттай басылып, жүрегіне өшпес шоқ салады. Талайды тамсандырған тәкаппар бойжеткеннің де көңілі бір көргеннен Сұлтанмахмұтқа құлайды. Қос ғашық арасындағы махаббат хикаясына оқырман қауым жазушы Оралхан Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» әңгімесі арқылы жақсы қанық. Онда суреткер сүйгендер сезімін былайша баяндайды: «Ол əлі өзі ғана білетін, өзі ғана дейміз-ау, үшеуі ғана білетін, жұмбақты сыр. Əр үміттің түні бойы ұйықтатпай, беймаза ететін қиялды сəулелері иіндесе келіп, үлкен арманға, ыстық махаббатқа ұласқандай еді. Бір-бірін жан-тəнімен қиыла сүйетіні ашылмаса да, ауызекі сұхбаттасудан əлдеқайда күшті құдіретті сезім жеткізіп қойған. Бұл үнсіз сүйіспеншіліктері бой бермей билеп əкетсе, түбі неге апарып соғатынын, мына Бағиланың əкесі не дейтінін ойлаудың өзі аса сұмдық еді».
Әлиханның аманаты
Бұл жердегі Бағиланың әкесі деп отырғаны – бұрынғы «Шәңгіштай» болысының аға сұлтаны, ағартушы, меценат Әбдікерім Ережепұлы. Әбдікәрім болыс – өзі тұратын Өр Алтай өлкесі Катонқарағайдағы Шыңғыстай ауылында 1907 жылы екі кластық қазақ-орыс мектебін салдырған қайраткер тұлға. Заманының көзі ашық, көкірегі даңғыл, орысша оқыған, озық ойлы қазақ басшысы әрі ел басқарып жүріп, қазақ балаларының да дәстүрлі діни біліммен бірге еуропалық ілімді игеруіне жол ашқан тұлға ретінде есімі тарихта алтын әріппен жазылған болыс сондай-ақ, екі мәрте Мемлекеттік Думаға және Алаш партиясының атқару комитетіне мүше болған. Демек бұл орайда Бағиланың әкесін Алашорда қайраткерлері қатарына жатқызуға болады. Оған дәлел – Әбдікерім Ережепұлы 1920 жылы Семейде Алаш партиясының жаңа бағдарламасы қабылданған кезде Әлихан Бөкейханнан кейінгі қосымша баяндамашы болғандығы. Тіпті Сұлтанмахмұтпен Семейде жолыққан Әбдікерімге жас ақынды елге апарып, қысырақтың қымызына қандырып, дертінен айықтыруды өтініш еткен де осы Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан болуы мүмкін деген деректерді кезіктіруге болады. Соның бірі жазушы Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі» ғұмырнамалық романында да айтылады. «Денсаулығын түзету, қара биенің қымызына тосап етіп дімкәсін емдету үшін, Сұлтанмахмұттың Шыңғыстайға келуі де Ә.Бөкейхановтың өтінішіне байланысты болса керек» деп жазған қазақтың арғы-бергі тарихынан хабары мол қаламгердің сөзіне сүйенсек, Әбдікерім Ережепұлы мен Әлихан Бөкейханұлының бір кездері Петербор қаласындағы Орман шаруашылығы оқу орнында қатар білім алғандығын білуге болады.
Шарасыздық
Бүкіл өмірін білім іздеуге, өзі білгенін айналасына үйретуге асық болған Сұлтанмахмұт Бағиланың әкесімен Семейде танысады. Асқынып бара жатқан дертіне жұмыссыздық қосылып, жоқшылық діңкелеткен жас ақын басына іс түскен қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созған Әбдікерімнің ұсынысын бірден қабыл алады. Оның үстіне өршіп бара жатқан өкпе ауруынан құтылудың жалғыз амалы қысырақтың қымызын үзбей ішу екенін білген жігіт жарық күннен үмітін үзгісі келмей, дертіне дауа іздеп Катонқарағайға келеді. Шыңғыстайға табан тіреп, сондағы екі сыныптық мектепте бала оқыта бастайды. Міне, дәл осы кезде Бағиламен жүздеседі. Тілдескеннен-ақ арман мақсаттары үндесе кеткен жастар бір-бірін сүйіп қалады. Тіпті ақын жүрегінен Бағилаға арналған ғашықтық шумақтар жыр болып төгіледі:
Келді хатың мен шаршап,
Отырғанда қамығып.
Хабарыңа бек аңсап,
Созылып көзім талығып.
Сөзіңнен көріп өзіңді,
Құшақтай алдым жамығып, – деген жыр жолдары жас ақынның Алтайдың аппақ аруына арнаған аппақ көңілінің, сыршыл сезімінің көрінісі еді.
Алайда өкініштісі – қос жүрек жарасқанымен, тағдырдың дегені басқа болды. Дәулеті шалқыған Әбдікерім болыстың үлкен қызын бесікте жатқанында-ақ атасы Ережеп Шүй болысының байы Бұқабайдың баласы Ақсолтанға атастырып қойған еді. Бұл туралы жазушы Тоқтарбек Мағзұмов «Байберді асуы» хикаятында мынадай дерек келтіреді: «Қажы атасы Ережеп немересі Бағиланы бесігінде жатқанда-ақ, Шүй болысының байы Бұқабайдың (кей деректерде Бұқарбай делінеді. – авт.) баласы Ақсолтанға атастырып қойған екен. Қытайдан сауда жасап оралған Бұқабай саудагер Ережеп қажының келісімін алған күні болашақ келінінің «қарғы бауы» деп бір үйір жылқының құнындай жүк артқан тоғыз түйені қажы жайлап отырған Шарықтыбұлақ бастауындағы Қарасаз жайлауында отырған Әбдікерім болыстың он екі қанат ақ үйінің алдына бір-ақ шөгерткен деседі».
Әке үкімі
Ал Сұлтанмахмұт пен Бағиланың арасындағы сезім байланысын сезіп қойған әке болса, от өршімей тұрғанда қызын құдандалы жеріне ұзатуға асығады. Осылайша, күн жылып, жер аяғы кеңуін күтпестен жер қараймай жатып асығыс түрде қызын уәделі уақыттан ерте жат жұртқа аттандырып жібереді. Көкірегін өксік қысқан Бағила ата сөзінен аттай алмай, амалсыз көзін сүртіп кете барады. Шерлі ару туған жерден аттанарда еліне, әкесіне деген өкінішке толы бір ауыз өлең жолын мәңгілікке ел аузында қалдырды:
Жаз жайлауым –
Қарасаз, Мұзбел, Татан
Кешір жұртым ісімде
болса қатам.
Әпекем алыс жерге бермес еді,
Атастырып кетіпті
қажы атам.
Мұзбелдің мұзартынан
шаң тұрмаған,
Қолыма сұңқар
қонған саңқылдаған.
Сол сұңқарым қапыда
ұшып кетіп,
Әпеке, мен болдым
қаз қаңқылдаған.
Айта алмаймын өзгеге
сырымды ашып.
Жақсыға болған еді
көңіл ғашық.
Тым нәзік, үкілі үміт
артта қалып,
Барамын қимастықпен
мен қоштасып,
деп зар еңірейді. Бағиланың бұл жердегі әнге қосқан, зарға қосқан сұңқары – Сұлтанмахмұт еді.
Арманда кеткен ақын
Мұндай қайғыға шыдай алмаған ақынның нәзік жаны мұң жамылып Бағила ұзатылысымен-ақ Шыңғыстайды тастап, басы ауған жаққа бет бұрады. Кітап толы қоржынын арқалап, Зайсанды жағалайды. 1915 жылдың күзінде Зайсан қаласына келген оны досы Мәулет Шамсутдинов қарсы алып, төрін ұсынады. Осы үйде жатып ақын әйгілі «Кім жазықты?» романын жазады. «Қамар сұлудың» тууына да ақын басынан кешкен осы жағдай тікелей түрткі болады. Кейінірек елге оралып, өмірінің соңында Баянауылдағы қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы мұғалима Мәлике Иманбаевамен көңіл жарастырғанымен, асқынған ауру ақынды арманына жеткізбеді.
Ал ата-ана қалауымен еріксіз жат елге ұзатылып кеткен бойжеткен Бағила да бақытсыз болып, көп ұзамай құсадан көз жұмады. 1920 жылы екінші перзентін өмірге әкелу үстінде қайтыс болған Бағиланың сүйгеніне арнаған соңғы хаты:
Кешірер серттен тайсам,
ақын аға,
Бодауға байланып тұр басым,
аға.
Ілетін ақ сұңқарға қаз табылар,
Қанатым қайырылды деп
жасыма, аға.
Көз жасын ағайынның
аттай алмай,
Алтынға бақыр басты
сақтай алмай.
Көз жұмып көрмегенге
кетіп барам,
Топырағын туған жердің
даттай алмай.
Жеткенше басым жерге
сағынармын,
Мың мәрте суретіңе
табынармын.
Аршыған жұмыртқадан
арым таза,
Алдыңнан таңда мақшар
табылармын, – болыпты.
Дерті асқынған Сұлтанмахмұт та Бағила қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай мәңгілікке бет бұрады. Ал «Қамар сұлу» романы баянсыз махаббатқа қойылған ескерткіш болып әдебиет әлемінен мәңгілік өз орнын алды.