• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Маусым, 2022

Жерге қатысты проблема мұқият тексерілуі қажет

422 рет
көрсетілді

Өңір халқының басым көпшілігі астық өсірумен, мал шаруашылығымен айналысатыны белгілі. Соңғы жылдары шаруаның алға басқан қадамын кері кетіріп тұрған мәселе – егін егетін алқаптың, мал бағатын жайылымның жетіспеушілігі.

Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын даламыз болғанымен, кейінгі уақытта, әсіресе малсақ қауым тарапынан тоқымдай жерге зар болып, жанайқайын жет­кізушілер, оны айтасыз әрқилы дау-дамай тудырушылар көбейе түсті. Шын­туайтында, жер дауының түпкілікті мәселесі бір сәтте жиналып қал­ған жоқ, ұзақ жылдан бері қордалан­ған, уақтылы шешімін таппаған қаны шығып тұрған мәселе. Сондықтан да күн­көрістің көзіне айналуға тиісті жер­ге қатысты шаруалардың шағымда­рын қарау және оған мұқият мән беру қажет екені даусыз. Жерге қатысты басты мәселелердің тағы бірі, бүгінгі күні шаруалардың қолындағы жерлер қаншалықты тиімді пайдаланылуда, игерілмей жатқан жерлердің көлемі қандай екенін нақтылай білумен бірге, пай иелерінің шартты үлестеріне қа­тыс­ты дауларды заңмен қалай реттеуге болады деген мәселе көпшілікті қатты толғандырып отыр.

– Бүгінгі күні прокурорлар негізі­нен пайшылардың жер бойынша дау­ларына қатысты мәселелермен жиі ұшырасып отыр. Пайшылардың мәсе­лелерін егжей-тегжей зерделей келіп, олардың, яғни, пайшылардың рұқсатынсыз фирмалар шаруалардың жерге деген шартты үлестерін банктерге үлкен несиелер алу үшін кепілдікке өткізіп жіберу фактілерін анықтадық, – дейді облыс прокуроры Айдос Май­лыбаев, – кейіннен пай иелерінің жер телім­дерін кепілдікке қойған жекелеген кейбір фирмалар несиелері бойынша қарыздарын төлемей, кепілдікке қой­ған жерлерді үшінші тұлғаларға сатып жіберген. Басқа жағдайда, адал емес кей кәсіпкерлер, тіпті пай иелерін серіктестіктерінің құрамынан заң­сыз шығарып жіберіп, олардың жер үлес­терін өздеріне алып қалған. Соның салдарынан ауыл тұрғындары дивиденд алу мүмкіндігінен айырылып отыр.

Пай иелеріне қатысты ең көп туындап отырған мәселе – олардың серік­тестік құрамынан шыға алмауы болып келеді. Яғни пай иелері серіктестік құрамынан шығып, шаруашылықты өз еркімен жүргізгісі келеді, алайда серіктестік басшылары серіктестіктен шығу мүмкіндігін беретін жалпы жиналыстарды өткізбей, өз бетінше шығу жолын кесіп отыр.

Қазіргі уақытта облыстық проку­ратура осы пай иелеріне қатысты ке­шен­ді тексерістер жүргізуде. Проб­ле­малық серіктестіктердің және олар­­дың құрамындағы пай иеле­рінің нақ­­­­ты ті­зі­мі анықталуда. Талап иелері­­­нің көтер­ген мәселелеріне қа­рай талдап тек­се­ру үшін бөлек-бө­лек топтас­тырылуда. Бұл жерде мы­на жайды дұрыс түсініп алу керек тәріз­ді. Кей­бір жағдайда пай иеле­рінің күні бү­гінге дейін шешімін тап­пай қор­да­ла­нып қалған бірқатар мәсе­лені сонау 2000-шы жылдардың басын­да пайда болған. Оларға қатысты құжат­тар уақыт­тың өтуіне байланысты мұра­ғат­тар­да сақ­талмаған. Бұл, әрине, кәдім­гідей қиын­дық тудырып отыр. Деген­мен прокурор­лар сол уақыттағы куә­герлермен сөйлесу, әрқилы мекеме­лер­ден қажетті құжаттарды жинау ар­қы­лы нақты болған жағдайлардың шын­­ды­ғын қалпына келтіруге тырысуда.

– Ең алдымен, біз бұл бағытта мәсе­ленің екінші жағын ұмытпауымыз керек. Жекелеген жағдайларда адал емес кәсіпкерлердің кесірінен, адал, заңды жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге топырақ шашпауымыз керек. Ең бас­тысы, біз заңдылықты қамтамасыз етуі­міз керек, – дейді облыс прокуроры. – Бұл мәселе өте мұқият қараумен істің егжей-тегжейін терең зерделеуді талап етеді. Бастысы, осы мәселенің ақ-қарасын нақты ажыратқанымыз дұрыс. Қазір бас салып кәсіпкерлерден жер үлестерін алып, пай иелеріне таратып берейік деп ұрандатып дау шығарып жүргендер де аз емес. Бұл жерде барлық тараптарға да қолайлы жағдайларды қарастыру – басты мін­дет. Алауыздық, дау-дамай болған жерде береке де болмайды. Неғұр­лым жанашыр кәсіпкерлердің «тастары өрге домалап», табыстары мола­йып жатса, соғұрлым пай иелерінің де дивиденд арқылы алатын табыстары көбейеді. Сондықтан, екі жақтың да мүддесін ескеріп, адал кәсіпкерлерге мей­лінше қолдау, көмек көрсету қа­жет. Бәрі дұрысталады, қалпына келе­ді, тек халқымыз түсіністікпен осы кем­ші­ліктерді реттеуге көмектессе, біз ашықпыз.

Жер қатынастарына байланысты мәселелер бойынша соңғы жылдары облыс прокуратурасы біршама нақты жұмысты жүргізіп отыр. Былтырдан бері прокурорлардың актілерімен жер иеленушілерге заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан 253 мың гектар жайылымдық жер анықталып, бүгінгі күні оның 100 мың гектары мем­лекетке қайтарылды. Қалғаны иге­ріле бастады. Осы жылдың нау­рыз айынан бері пай иелерін серіктес­тік құрамынан заңсыз шығару бойынша 6 қылмыстық іс қозғалған. Мысалы, бір серіктестік 129 пай иесінің үлестерін алаяқтық жолмен алдымен 7 пай иесіне беріп, кейін олардың да үлесін бір ғана тұлғаның еншісіне өткізіп алады. Осы әрекетке байланысты қылмыстық іс қозғалып, тексерілу үстінде. Осыған ұқсас бірнеше қылмыстық іс қаралып жатқанын да айта кетуіміз керек.

Тағы бір мысал, прокурорлар­дың араласуынан кейін ғана бір серік­тес­тіктің құрамынан шыға алмай жүр­ген 80-ге жуық пай иесі өздеріне тиесілі 2,5 мың гектардан астам жерімен бөлініп шықты. Шортанды ауданында осыған дейін он жыл бойы небәрі 8 600 теңге пайлық төлемдер алып жүрген пай иелеріне прокуратураның араласуынан кейін он есе көп төлем төлене бастады.

Оң нәтижелермен қатар, бірқатар қиындық та бар екенін айта кетелік. Мәселен, бірқатар пай иесі жалпы жиналыс хаттамаларын, сот арқылы шағымдану мерзімдерін өткізіп алған.

Елорда маңында, Бурабай ауданында заңсыз берілген жерлер де анықталды. Оларды қайтару үшін сотқа талап-арыздар енгізіліп, отыздан аса азаматтық іс қаралуда. Мұндай жұмыс барлық аудандарда жүргізілуде. Ел ішіндегі жерге қатысты дау-дамайдың бар қыры ескеріліп, әділдік салтанат құрса, шаруалардың да арқа-жеңі кеңіп, шаруасы алға басар еді. Сол кезде бірліктің тіні де нығая түспек. Бірлігі мықты елдің, берекесі де мол болмай ма?!

 

Ақмола облысы