• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Парламент 09 Маусым, 2022

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы заң қабылданды

489 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар бірқатар заң жобасын қарады. Соның ішінде мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған заңды қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев, алдымен, 5 маусымда өткен республикалық референдумның нәтижесіне тоқталып, азаматтардың ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру жолындағы бастамаларына қолдау білдіргенін айтты. Сенат Төрағасы ендігі міндет елдің қалауын іске асыру екенін де тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысы айтқандай, конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Бұл Парламентке үлкен әрі жауапты міндеттер жүктейді. Конституциядағы өзгерістерге сәйкес ұлттық заңнамаға тиісті түзетулер енгізуіміз қажет. Осыған орай Сенат жұмысын да жетілдіру керек. Біздің басты мақсатымыз – демократиялық, құқықтық, әділетті және әлеуметтік мемлекет қалыптастыру», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және мемлекеттік шекара мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.

Бұл құжат энергияны үнемдеуге және оның тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар маңызды өзгерісті көздейді. Заң қабылданған жағдайда энергия үнемдеу саласы үшін субъектілерге бармай-ақ профилактикалық бақылау енгізілмек. Бұл мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілі болатынын айта кеткен жөн. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар және квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді энергия жағынан тиімді сатып алуды енгізу ұсынылып отыр. Сенаторлар аталған заң жобасын мақұлдап, оны екінші оқылымда қарауға жіберді.

 

Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарап, қабылдады. Бұл заңға Парламент депутаттары бастамашы болды.

Мемлекет басшысы заңға қол қойған жағдайда есту қабілеті төмен адамдар сотта ымдау тілі маманының қызметтерін тегін пайдалана алады. Сондай-ақ сурдотехникалық және тифлотехникалық құралдарды пайдалануға мүмкіндік туады. Ал мүгедектігі бар балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған не қамқорлығында кәмелетке толған мүгедектігі бар адамдар бар азаматтарға өтеусіз заң көмегі көрсетіледі. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органға министрлердің, аудан, қала, облыстық маңызы бар қала, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің мүгедектік мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшілерін тағайындау тәртібін әзірлеу және бекіту жөніндегі құзырет беріледі.

Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау күшейтіледі. Жер қойнауын пайдаланушылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуі және оның инфрақұрылымын дамыту үшін жергілікті бюджетке аударатын шығыстарының бір бөлігі мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыратын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бағытталады.

«Осы заң мүгедектігі бар адамдарды қорғау және қолдау саласында шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселені шешуге арналған. Сондай-ақ бұл бағыттағы әлеуметтік саясатты іске асыру тетіктерін одан әрі жетілдіруді көздейді. Кедергісіз орта қалыптастыруға арналған ережелер де назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта бұл заң мүгедектігі бар адамдардың құқығын тиімді қамтамасыз етуге тың серпін береді деп сенеміз. Сенаторлар аталған бағытты үнемі назарда ұстап, тиісті заңнамалық жұмысты әрі қарай жалғастыра береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Аяна Тоғанбек