• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 09 Маусым, 2022

Ескі дәуір естелігі

1077 рет
көрсетілді

Шіркін, Жетісудың өн бойы сыңсыған ну орман ғой. Жаз келсе болғаны, жері жасарады, айнала-маң шалғын кілем төсенеді. Жетісу сұлудай сәнденеді, жол жиегі түрлі гүлді шөпке толады. Түйір тасында түйдек-түйдек тарихтың таралғысы топталып жатады. Бұл таңбалы тастар – тарихтың миы, ақыл-ойдың табысы. Сеңгір-сеңгір тауларды, үңгір-үңгір құздарды, түйе өркешті шыңдарды, бұраң-бұраң сүрлеулерді серік еткен Таңбалы шатқалы. Көрген кісі көңіл бөлмей кетпейді.

Көне заманның күйін шерткен қария­дай Таңбалы шатқалы талай сырды бауырына басып жатыр. Алматы-Бішкек күре жолымен сапарлағанда Тарғап ауы­лынан өте Дегерестің тұсынан Қопа мекені шығады. Бұл жол Қопа темір жол бекетінен асқаннан кейін жусан иісі аңқы­ған бетегелі белдермен Аңырақай жазығына апарады. Жол бойына бірнеше суөткел көпір салынған. Қарабастау ауы­лынан өткеннен кейін «Таңбалы» мем­лекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының аумағы бас­талады. Ұлы дала еліндегі аты әлемге әйгілі тарихи орынның бірі – осы Таңбалы шатқалы.

Ежелгі Жетісуды әр кезеңде мекендеген бағзы жұрттың тұрмыс-тіршілігінен, наным-сенімінен хабар беретін мұралар жиынтығы Алматы қаласынан 170 ша­қы­рым солтүстік-батыс­та орналасқан. Бұл төңірек Мә­ті­бұлақ селолық округіне қарайды. Қорғалатын аймақтың жалпы ауданы 3 800 гектарды құрайды. Оның 900 гектарына археологиялық орындар кіреді, ал аралық бөлігін 2 900 гектарда орналасқан бүкіләлемдік «Мәдени мұра» тізіміне енген ескерткіштер алып жатыр. Сонымен қатар ескерткіштің аралық аймағына жалғасқан «Таңбалы» сапаршы орталығы үшін 24 гектар жер телімі бөлінген. Бұл ғимаратта меке­менің бас кеңсесі орналасқан.

Бұл аумақ бейнебір ашық аспан астындағы алып көрме іспетті. Таңбалы шатқа­лы ес­те жоқ ескі заманнан қалған жә­дігерлердің көп шоғыр­ла­нуымен ерекшеленеді. Соны­сы­мен де бірегей. Мұнда әртүр­лі дәуірге тән жүзден астам ескерткіш бар. Олар – қола дәуірінен бас­тап біздің зама­нымызға дейінгі ғасыр­ларды және кейінгі жыл санауымызды қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және ғибадат ғимараттары. Бәрі үш мың жыл бойы осы жерді мекендеген ертедегі және кейінгі кездегі халықтардың тарихын нақтылы көрсететін археология кешенін құрайды. Мұндағы негізгі жәдігер – жақ­пар тастар бетіндегі үш мыңға жуық петроглиф. Жартасқа қа­шап салынған сансыз сурет галереясы негізі­нен қола дәуіріне тән.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра­лар тізіміне енгізілген осынау баға жет­пес құндылықты сақтау үшін 2003 жыл­­дың қаза­нында Үкімет қаулысымен «Таң­балы» мемлекеттік тарихи-мәдени жә­не табиғи қорық-мұражайы құры­лып, ғылыми-зерттеу жұмыс­тары жүргізілді. Ғылыми қызмет­керлермен бірге қорық­шылар, инженерлер, экскурсоводтар және туристік бағыттар бойынша гид­терді біріктірген штат бірліктері бөлін­ді. Қарабастау елді меке­нінде сапар­шы орталығы салынып, онда таста­ғы суреттердің нақты көшірмелері мен бейіттерді қазу кезінде табылған қыш құмы­ра, ыдыстар мен тұрмыстық бұйым­дар, тағы басқа жәдігерлер көрмеге қойылды.

Қарабастаудағы бас кеңсе ғимара­тында спутниктік байланыс орнатылған. Қазіргі заман талабына сай құрал-жаб­дықтармен, қорықшылар дүрбімен, мініс аттарымен қамтылған. Қорық-мұражайдағы мамандар турис­терді қа­был­дап, туған өлкенің өткенінен, рухани әлемінен әсерлі әңгіме өткізеді. Таң­балыға шетелдіктер де көптеп келеді.

«Таңбалы» мұражайы БҰҰ Даму бағдарламасына сай грант иеленіп, сол қаржыға алты қа­натты бес киізүй тігілген. Тіпті туристерді қабылдайтын этно­ауыл да ашыл­ған. Сондай-ақ мұн­да этно­ауылды және осындағы күзетшілер үйін электр қуа­тымен жабдықтау үшін күн сәулесі мен жел­ден қуаттанатын 5 кило­ваттық дербес электр стансасы орнатылыпты. Этно­ауыл осы­лай­ша Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Даму бағдарламасының Қа­зақ­­стандағы бөлімшесінің қол­дауы­мен биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау жобасы аясында жүзеге асырылды. Аңы­рақай жазығының шатқалды шетін­де қаз-қатар тігілген алты қанат­ты ақшаңқан үйлер көзге алыс­тан шалынады. Бүгінде қорық-мұражайды тама­шалауға келгендер алдымен осында аял­дап, таңбалы тастарға саяхатын қазақтың ұлт­тық салт-дәстү­рімен танысудан бастайды.

Ескерткіштерді түпнұсқа қал­­­­­­­пында сақтау – қазіргі таң­­да өзекті мәселенің бірі. Көп­те­ген тарихи-мәдени мұра адам­­­дардың жауапсыздығынан өз­ге­­рістерге ұшырап, кейбір жағ­дайда жойы­лып кету қаупі төніп отырады. Уақыт табы да тас­ты өз дегеніне салып, тау жыныстары жарылып, кей тұстары мүжіліп тұр. Ашық далада ыс­тық-суықтан, жауын-шашыннан тас­тағы суреттің көбі көмескіленген. Осы орайда жергілікті тұрғындардың да тарихи-мәдени мұраларды зақым келтіруден қорғауға үлес қосқаны құба-құп. Ескерткіштерді сақтау елдің, бүтін халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, өз елінің өткеніне жанашырлықпен қарайтын ұлтжанды етіп тәр­бие­леудің маңызы зор. Бұл мақ­сатта оқушы экскурсиялары ұйымдастырылып тұрады.

Тарихи-мәдени ескерткіш­терді қор­ғау, зерттеу және наси­хат­тау – мемлекеттік деңгей­де ат­қа­рылып жатқан іс. Мұра­­жайдың жартас суреттерін қал­пы­на кел­ті­ру және ғылыми зерттеу, қор сақтау бөлімі осы ба­ғытта тыңғылықты жұмыс іс­теу үстінде. Мамандар жыл сайын ар­хе­о­логиялық зерттеулер арқылы Таң­балы аумағынан жартас суреттері мен қорған-қабірлердің, тұрақтардың ор­нын тауып, зерттеп, тізімге алып ке­леді. Ғылыми қызметкерлер Таңбалы шатқалынан бөлек Аққайнар, Шамалған маңдарын­дағы археологиялық орындарда зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Таңбалы шатқалы алты топқа бөлі­ніп, әр топ бойынша туристерге көрсе­ту бағыттары белгіленген. Оны түгел аралап шығуға шамамен төрт сағат­тай уақыт кетеді. Қорық-мұражай аума­ғында автокөлікпен жүруге тыйым са­лынған. Өйткені механикалық көлік дүрі­л­інің өзі құнды жәдігерге әсер етуі мүмкін. Сондықтан келушілер көлігін тұраққа қалдырып, жаяу барады. Шатқалдағы тарам-тарам сүрлеумен жүріп отырып, бағзыдан қалған бірегей мұраны қолмен ұстап, көңілге түюдің әсері теледидар мен кітап-журналдан көрген­нен әлдеқайда өзгеше. Жартас беті­н­е қашалған өнер туын­дылары ежел­гі бабалардың ой-санасы, тіршілігі, қор­шаған ортамен байланысынан мағлұмат береді.

Мәселен, тастағы «Күн бас­ты» мен «Ай басты» суретте екеуін айнала он екі адам қор­шап, билеп жүр. Неше мың жыл өтсе де, ком­позиция ана­дай­дан көзге анық көрінеді. Күнге табынушылардың саны дәл 12 болуы тегін болмаса керек. Жылдың 12 айдан тұратынын, адамның жасы 12 жыл сайын бір мүшелге толып отыратынын Ұлы далада ғұмыр кешкендер баяғыда-ақ топшылаған-ау деген ойға жетелейді. Сол сияқты бұғы, қабан, таутеке, бұқа, құлан бейнелері, топталып аң аулау сәті, жылқыны жүгендеп міну, ту ұстаған салт атты, екі дөңгелекті арба жегілген түйе сияқты көріністер өте ертеде бедерленген. Кейінгі түркі дәуірінде жаңартылған кескіндер де кездеседі. Әр суретте белгілі бір мазмұн бар. Отандық ғалымдардың пікірінше, Таңбалы шатқалындағы петроглифтерде қазақ өнер тарихының, қазақ философиясының бастауы жатыр.