Кір жуып, кіндік кескен топырақтың қасиетін ұғу, қадіріне жету – әр перзенттің борышы. Ақ самалымен аялаған, қолтығынан қанат бітіріп, арман тұлпарымен алға жетелеген өскен орта, өнген жер көкіректі қоламтаның шоғындай қыздырып, мәңгілік бірге жүреді екен-ау.
Шоқ жұлдыздай шағын ғана Қызылағаш ауылын ақ түйенің қарны жарылғандай әдемі хабар жайлап алған. Германиядан Сашка келіпті. Ауыл шетіндегі «Қызылағаш» деп жазылған белгінің тұсында суретке түсіп, ауылдастарының чатына салып жіберсе керек. Бала бағусыз, мал қараусыз қалған. Ауыл тұрғындарының есіл-дерті – Сашканы көру, тілдесу. Арыдағы жұрттың, бір кезде тонның ішкі бауындай араласқан ағайынның амандығын сұрасу.
– Қызылағаш – менің туған елім, – дейді қияндағы Германиядан туған жеріне қонаққа келген Александр Бокк. – 1994 жылы дәм айдап Германияға көшіп кеттік қой. Менің әкем 1941 жылы 12 жасында Волга бойынан осында келген. Зұлмат соғыстың кезі. Алыстан арып-ашып жеткен біздің ағайынды жергілікті жұрт жақсы қарсы алыпты. Әйтпесе, аштан өлуіміз де мүмкін еді деп әкем айтып отыратын. Кейін қонақжай халықтың ақпейіл, адал ниетінің арқасында ел қатарына қосылған. Ертеректе ауыл қариялары салт атпен мал қарай шыққанда аттың тұяғын ыстықтан былбыраған жидек қып-қызыл қылып бояп тастайды екен. Ауыл ортасында тас құдық. Кәдімгі әлденеше құлаш, іші жалпақ тастармен шегенделген, аузына жуан бөренеден бұралатын тартпа істелген, тартпаға жуан-жуан шынжырлар байланған. Бала кезімізден сол құдықтың суын іштік. Елді сағынғанда есіме, ең алдымен, қанша ішсең де мейірің бір қанбайтын суын сағынамын, ақкөңіл адамдарын да. Әне бір жерде шыбықты ат қылып мініп, ауыл балалары шапқылап ойнайтын едік, мына бір тоғайда қой бағатынбыз. Мынау томардан әкем бие суаратын. Менің анам екі бие сауды. Бал татитын сары қымызы қандай еді?! Ауылдың барлық адамдары дәм татқан сайын мақтап кететін.
Бокктың отбасында сегіз перзент болыпты. Балалық шақтың енді қайтып оралмайтын, жадымда жатталып қалған қызықты сәттерін есіне түсірген Александр анамның қымыз баптағаны қызық еді дейді. Бүйірлі, ақ қайыңмен ысталған, үлкен күбіге саумал құйып, сегіз балаға кезек-кезек пістіртеді екен.
Германияға көшіп барғаннан кейін әкесінің аңсағаны осы қымыз екен. Қызылсаяда тұрғанда ел қатарлы соғым сойып, көрші-қолаңды әуелі қуырдаққа, содан соң барша ауылдасын омыртқаға шақыратын. Әкесі Иван Германияда жылқы етіне аңсары ауған да тұрған. Дүкенде сатылады екен, бірақ қазақша мүшеленбей, шабылған ет. Ақыры тауыпты. Оңтүстік Германияда жылқы семіртетін шаруа бар екен. Сөйтіп, әке тапсырмасын орындаған. Бір жылқыны сойып алып, Қазақстаннан көшіп барған төрт-бес отбасы сирақтап бөліп алады екен. Кейін Рақымжан есімді азаматқа жолыққан, Германияда тұратын қазақ. Өткен оразаның алдында осы азаматтың арқасында семіз жылқыны жығып алыпты. Рақымжанның айтуымен, Арольд Зимон есімді жылқымен айналысатын шаруамен танысып, көзі ашылған. Енді соғым сою анау айтқандай мәселе емес. Сашканың өзі де айтарлықтай қасапшы. Жылқы мен қойды сойғанда, мүшелеп, қазысын тіліп, шұжығын өзі жасайды екен. Айтуына қарағанда, Наурыз мерекесін тойлау бұлжымас дәстүрге айналған.
– Балам 22 наурыз күні дүниеге келген. Сол күні ағайындар біздің шаңыраққа жиналады. Әрі туған күн, әрі Наурыз мерекесі. Ас істеледі, бауырсақ пісіріледі. Құрт көженің дәмін татамыз. Содан соң ән. Ән болғанда да Қызылағашта жүргенде құлағымызға сіңген қазақтың туған жер, өскен өлке тақырыбындағы ғажап әні. Апам алпысқа толғанда бүгінде Германияны жайлап жатқан Қызылсая, Қызылағаштың немістері, ет жақын ағайын-туыс бас қостық. Бәріміз қазақша киіндік, дастарқан мәзірі де өзіміздікі, яғни қазақтың дәмі. Ән шырқадық. «Әупілдек». «Қос қанат құсқа біткен маған бітсе, бармас па ем туған жерге әлденеше». Осы ән мұндағы неміс ағайынға керемет әсер етеді. Әттең, ұшарға қанат жоқ. Әйтпесе, туған жерге, қазақ даласын, Қызылсаяны сағынғанда, ақша бұлттармен астасып, ұшып жетпес пе едік. Біз жыл сайын жаңа жылды сағат жетіде қарсы аламыз. Кәдімгідей ас істеп, шайды қазақша демдеп, самауырды қайнатып. Бізде сағат жеті болғанда, Қазақстанда жаңа жылды қарсы алып жатады. Ел Президентінің құттықтау сөзін тыңдағаннан кейін, бәріміз орнымыздан тік тұрып «Менің Қазақстаным» әнін орындаймыз. Балалар асық ойнайды. Қой сойған сайын асығын жинай беретінмін. Кейін әдемілеп қырнап-жонып, әртүрлі сырмен бояп алдым. Тұп-тура бір дорба болды. Немерелерге асықты қалай ойнайтынын үйретіп қойдым. Қызығып ойнайды.
Ара-тұра үйіне соққан ағайын-туыс табалдырықтан аттасымен «Аня, бауырсақ пісірші», деп өтініш айтады екен.
– Жалғыз бауырсақпен құтыла алмайсың ғой, – дейді Александр, – ас қамдаймыз, әркімнің өз сыбағасы бар. Бұл, жалпы, қазақы түсінікте ет жақын ағайынға деген көңілдің ықыласы, құрметі. Бізге де содан жұққан. Сыйластықтың жібін осылай бекітеміз. Той-томалаққа жинала қалғанда, елге, Қызылсая мен Қызылағашқа деген сағыныштың селі ағытылады-ай келіп. Ет жүрегіңді елжіреткен алапат сезімді неміс тілінде жеткізе алмас едің. Қазақ тілінде айтқан әлдеқайда шынайы, әлдеқайда ұтымды. Үй ішінде балалардан жасыратын сыр болса, қазақ тілінде кеңесеміз. Үлкен ұлым сендерді түсіну үшін қазақ тілін үйреніп аламын деп кіжініп жүр.
Әне бір жылы Қазақстаннан барған жерлес дос Нұрлан Есмағұловты қарсы алыпты. Ел аралатқан, қой сойып, алдына бас тартқан. Кейін Нұрлан елге келген соң ондағы құрметті жыр қылып айтып, қойдың басын мүжідім деп ризашылығын білдіреді екен. Сөз арасын әзілмен де көмкеріп жібереді. «Қызылсаяда мүжімеген басты Германияда мүжідім», деп.
Қызылсаяда туып-өскен Павел Гертельдің айтуына қарағанда, аталары ауыл маңындағы молада жатыр екен. Басына соғып, құрмет көрсету – парыз. Осыдан қырық жыл бұрын ауылдағы орта мектепті аяқтаған кезде елуге жуық оқушы болған екен, 12-сі өмірден өтіпті. Облыс орталығындағы мешітте аруақтарға бағыштап құран оқытпақ. Сыныптастарын еске алып, дұға оқыту парыз деп санайды неміс азаматтары.
– Кейбір құрдастар қағытып, дәрет аласың ба деп сұрайды, – дейді Павел. – Әрине, бір күн бұрын моншаға түсеміз, ғұсыл дәрет аламыз, тән тазарады, ал жанымыз ежелден таза, кіршік түспеген пәк қалпында. Өмірлері тым қысқа болған сыныптастарымыздың әрқайсының бейнесі, мінез-құлқы көз алдымызда. Ауылдағы ертеде араласқан ағайынның ішіндегі қара жамылған үйлерге кіріп, көңіл айтып, бата жасаймыз.
Бұл да үлкен адамгершілік. Осы бір тақырыпты қаузағанда, қонақтардың басынан кешкен бір оқиға туралы айтпай кетпеске болмайды. Әуежайға жеткен соң Германиядан келген меймандар Нұр-Сұлтан қаласын аралап көрмекке бекінген. Жаңа ғимараттар, тарихи орындар, мәнді ескерткіштер. Күні бойы бір таксимен жүрсе керек.
– Біз қазақ тілінде сөйлесіп отыр едік, – дейді Павел, – такси тізгінін ұстаған жігіт қазақ екен. Өңіміз басқа, тіліміз қазақша, әлгі жігіт қатты таңғалды. Жөн сұрасты. Сапардың себебін айттық. Керемет разы болды. Соңында жолақысын алмаймын деп әлек салды. «Сендер біздің тілімізді құрметтеп, салт-дәстүрімізді сақтап, сыйластық пен адамгершіліктің үлгісін көрсетіп жатқанда мен сендерден ақы алсам, сүйекке таңба емес пе?!» деп қояды. Ақыр соңында біз балаларға Германиядан келген неміс ағаларының атынан сәлемдеме алып бер деп тиын-тебен тастап кеттік. Жолақысы емес, жүрек ишарасы.
Қызылсаяның тұрғындары да ет жүректері елжіреп келген неміс ағайынды бейнебір қажылықтан келген ет жақын туыстарындай қойын сойып, қолын қусырып қарсы алды. Сапарға шықпас бұрын сүр ет, сарымай жеп, қымыз ішкіміз келеді деп тапсырыпты. Өтініштерін мүлтіксіз орындаған. Құстың сүтінен басқаның бәрі табылатын мол дастарқанда Германиядан келген бес мейманға қажетті тағамның бәрі бар. Ең бастысы, тай-құлындай тебісіп бірге өскен қатар құрбыға деген өлшеусіз ықылас, сарытап сағыныштың алаулаған отты шуағы. Табысудың да тақырыпқа тұздық болар жері бар. Ел шетіне табан іліктірген Павел Гертель ебіл-дебіл жылап жүр дейді. Кімді көрсе де құшақтап бауырына басып, Пашканың жылағанын көрген мұндағы ағайын да көз жастарын бір-бір сығып алыпты. Қуаныштың көз жасы, бірін-бірі аман-есен көрген. Көргендеріне тәубе десіпті.
– Қызылсаяда тұрғанда ұлтқа бөліну деген ойымызда болған жоқ, – дейді Қайрат Ибрагимов, – екі үйдің арасында үй болған жоқ. Елемес ағамыз тракторын Александр көршінің үйіне тақап қоятын. Таңертең оталдырғанда шығатын даусы қандай қатты. Үйден Аплония апай шығып: «Қалқам, тракторыңа құятын ыстық су керек пе?» деп сұрап тұрушы еді. Бір қабақ шытпайтын. Есігіңнің алды трактордан төгілген маймен былғанады, жауынды күндері саз балшығы шашылып жатады. Бірақ ренжіген бірі жоқ. Құдығынан су ішетінбіз. Қандай дәмді. Су алуды сиретіп кетсек, апай: «Неге келіп алмайсыңдар?» деп өзі ескертетін.
Павел Гертельдің айтуына қарағанда, біздің үй тастан құйылған, көрші үй ағаштан салынған. Жаздың күні тастан салынған үй сап-салқын болып тұрады, қысты күні ағаш үй жылы. Екі үйдің бала-шағасы қысы-жазы араласып жатады.
Бір ұяда өсіп, қанаттанған балапандар да шартарапқа ұшып кетіп жатпай ма? Темірқанат балапандардың бірі – Қазақстанда, бірі – Германияда. Бірақ бәрін бір ұяның ыстық лебі біріктіріп тұр. Мәңгілік бөлінбестей етіп...
Ақмола облысы,
Қызылсая ауылы