• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Маусым, 2022

Қойма толы астық ысырап болатын түрі бар

316 рет
көрсетілді

Украина астықты өзге елдерге шығара алмай отыр. Соғыс кесірінен ел дипломатиялық және логистикалық қиындық­тарға тап болды. Қоймалар толып, астықаяқ асты болды деп фермерлер жанайқайын кімге айтарын білмей отыр.

Әлемдегі бесінші ірі бидай экспорттаушы елде қазіргі таңда 20 миллион тонна астық сақтаулы. Қоймаларда орын жоқ, элеваторлар өңдеген бидай жол бойында, темір жол терминалдары мен порттарда шашылып жатыр. «Бұл былтырғы өнім, енді бір айдан соң көктемгі егін жинау науқаны басталады», деп украин аграршылары күздік бидай қорын қайда сақтайтынын білмей, алаңдаушылық білдіруде. Енді бір мәселе, бітік шыққан егін инфляцияның күрт артуына байланысты сұранысқа ие бола алмай отыр. Үндістан секілді елдер бидай экспортына шектеу қоюда, бұл мәселені бақылап отырған сарапшылар «ашаршылық қаупі артып келеді», деп мәлімдеді.

Украина дүние жүзіндегі күнбағыс қорының жартысын, бидайдың оннан бір бөлігін және арпа мен рапстың бестен бір бөлігін өндіреді. Астық көбіне өзге елдерге көлік немесе темір жол қатынасы арқылы емес, теңіз арқылы тасымалданады.

Бүгінде Қара теңізге кіріп, шығатын теңіз тасымалына өкі­леттілігі бар Түркия Украинадан астық кемелерінің Босфор теңіз дәлізі арқылы өтуіне рұқсат беру бойынша Ресеймен келіссөздер жүргізіп жатыр деген ақпарат тарады.

Ресей Украинаға «әскери қимылдарын» бастаған кезде елдің Қара теңіз порттарын, оның ішінде Одессаны жауып, кемелердің айлақтардан шы­ғуына және кіруіне жол бермеді. Айналадағы сулардың барлығы жылжымалы минаға толы болды. Астық дәлізін ашу үшін бар­лық су қоймаларын тазарту қажет еді. Сонымен қатар 20 мил­лион тонна астықты тасымалдау үшін 400-ге жуық кеме қажет болатын. Ауылшаруашылық тауарларын 50 мың тоннаға дейін жүк көтере алатын жүк кемелері ғана тасымалдай алады. Дегенмен кеме сарапшылары шетелдерге жүк тасымалдайтын кемелерге тапшылық жоқ екенін айтады. Қазіргі таңда олар логистикалық жағынан қиындықтар туып тұрғанын мәлімдеді. Ал жүк кемелерінің тасы­мал бағытын өзгертіп, қазір­гі орындарынан Қара теңізге жүзуі үшін біраз уақыт қажет. «Соғысқа дейін Украинаның барлық ауылшаруашылық өнімдері экспортының 90 па­йыз­дан астамы теңіз арқылы тасымалданды», деді Украина ұлттық аграрлық форумының директоры, елдегі ең ірі азық-түлік өн­дірісі ұйымының өкілі Мария Дидух. Ал жаһандық астық сау­дасын­дағы ынтымақтастықты дамыту үкіметаралық ұйымы – Халықаралық астық кеңесінің мәліметі бойынша соғысқа дейін Украинаның теңіз порттарынан ай сайын 5-6 миллион тонна астық экспортталған.

Сондай-ақ Мария Дидухтың айтуынша, соғыстың алғашқы үш айында елдегі қалыпты ай сайынғы экспорт көлемінің тек бестен бір бөлігі ғана балама көлік түрлерімен елден шы­ға­рылған, бұл небәрі 1,2 мил­лион тонна астық, оның ішінде күнбағыс майы және өзге де ауылшаруашылық өнімдері бар. «Қазір біз балама экспорттық бағыттарды, оның ішінде темір жол, автомобиль көлігін және Румыниядағы Дунай порттарын дамытудамыз. Темір жол немесе автомобиль көлігімен тасымал қымбатқа түседі сы­йым­дылығы да аз, уақытты да үнемдей алмаймыз», деді ол. Украинаның темір жол желісі Ресей, Польша немесе Румыния сияқты көрші елдерге қарағанда сәл кеңірек орналастырылған, сон­дықтан қашық. Демек темір жол арқылы тасымалданған астық Украинадан Еуропа шекарасына жеткенде түсіріліп, басқа пойызға тиелуі қажет. Бри­тандық The Guardian баспа­сөзі хабарлағандай, астық тасымалына Украинада үш порт қарастырып жатыр: Одессамен бірге батысындағы Южное және шығысындағы Черноморск порт­тары. Украинадағы жүк тасы­мал­даушы компанияның айтуын­ша, жағалауға жақын теңіз ми­наланған соң кез келген көліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көп жұмыс атқару керек, со­ның ішінде алдымен кеме мен экипажды сақтандыруды қам­тамасыз ету қажет.

Осы жылдың ақпан айында Лондонда орналасқан Біріккен әскери комитет Қара және Азов теңіздеріндегі Ресей мен Украина суларын «тізімге енгізілген аймақтар» тізіміне енгізді, яғни кемелер осындағы өзен-көлдермен тасымалдайтын болса, кеме иелері сақтандыру компанияларын хабардар етуі керек. Сонымен қатар олар қосым­ша сақтандыру жарналарын төлеулері қажет. «Қазіргі кезде «әскери сақтандыруды» ұйымдастыруға болады, бірақ астық тасымалы дәлізін тез арада құру мүмкін емес», дейді құзыр­лы мекеме өкілдері.  «Менің ойымша, бұл қазіргі уақыт­та екіталай перспектива. Сіз өзі­­ңіз­­дің кемеңіздің толықтай қауіп­­сіздігіне сенімді болуыңыз керек. Ал сақтандыруға айтар­лықтай қаржы кетеді», дейді Халықаралық кеме қатынасы палатасының бас хатшысы Гай Платтен. Сонымен қатар Платтен Ресей соғыс ашқан кезде Украина порттарында 20 түр­лі ұлттың 100-ге жуық кемесі мен 2000 экипаж мүшесінің тұрып қалғанын айтты. Содан бері матростардың төрттен үш бөлігі ғана қауіпсіз жерге эвакуацияланып, бортта 450-дей адам қалған. «Кемелер қайтадан сауда қатынасын орнатпас бұрын, ірі көлемде қосымша төлемдер төлеуге тиіс», деп қосты Платтен.

Халықаралық келіссөздер жалғасып, тараптар бір келісімге келе алмай жатқанда уақыт сыр­ғып барады. Украина ауыл ша­руа­шылығы және азық-түлік сарапшылары «Бірнеше айдан кейін Украинада егін орағы бас­талады, сондықтан астықтың қоймаларға жеткізілуін қалай да қамтамасыз ету керек, мәселенің шешімін табуға 10 аптаға жуық уақыт бар», дейді. «Астық тасымалдау дәлізі мәселесі жуық арада шешілмесе, Украина импортына тәуелді Мысыр секілді елдер де дағдарысқа ұшырауы мүм­кін», деді Халықаралық ас­тық кеңесінің атқарушы дирек­торы Арно Пети. «Өйткені әдет­­тегідей осы кезде дамушы елдер­дің көбінде астық қоры таусылады, оны тез арада толтыру керек, ал дәл қазір Қара теңіздегі кеме жолын миналар жауып, Ресей әскері бөгеп тұрған кезде мүмкін болмай отыр» дейді сарапшылар.

Сондай-ақ «Егер украиндық фер­мерлер Украинаның экспорт­тық мүмкіндіктерінің шек­теу­лі екенін көріп, өнім өндіруді азайтатыны сөзсіз, бұл кем дегенде арпа, бидай, т.б. өнімдер өндірісін 23 жылға шектейді, ол кезде нарықта нағыз дағдарыс басталады», деп мәлімдеді Арно Пети.

Ал украиндық журналист Мүсілім Умеров Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты астық ұрлады деп айыптады, сәрсенбі күні Түркияда өткен баспасөз мәслихатында. Сергей Лавров Украина астығын экспорттау үшін қауіпсіз дәліздер құру мәселесін талқылау үшін Түркияға келіп, түрік әріптесі Мевлүт Чавушоғлумен кездес­кен болатын. Оның осы сапарын пайдаланған журналист Лавровқа «Мен Украина­ның қоғамдық телеарнасының тіл­шісімін. Жармадан басқа Украинадан тағы қандай тауарларды ұрлап, кімге саттыңыз?» деп төтесінен сұрақ қойды. Мұны күтпеген Лавров «Сіз ук­раин­дықтар, не ұрлай аласыз деп үнемі алаңдайсыз және сіз барлығы да осындай деп ой­лайсыз», деп күлімсіреп жауап берді. «Ол жерде біздің мақ­­сат­тарымыз анық, біз адамдар­ды неонацистік режімнің қы­сы­мынан құтқарғымыз келеді. Біз егін тасымалына араласпай­мыз. Оның порттардан өтуі үшін Зеленский мырза бұйрық беруі керек», деп қосты ол.

Ресей Қара теңіздегі порттар­дың жолын бөгеп, Украина асты­ғын экспорттауға кедергі болумен қатар, бидай, арпа секілді өнімдерді ұрлап сатып жатқанын әлемдік БАҚ жарыса жазып, хабарлаған еді. Мұны сарапшылар да растап отыр. Қазіргі кездегі жаһандық азық-түлік дағдарысы ушығып бара жатқанда, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Эн­тони Блинкен осы аптада Ресей­дің Украинадан астық экспортын «ұрлап» жатқаны туралы «сенімді мәліметтер» бар екенін айтты. Сонымен қатар Блинкен бол­жамды ұрлық Ресейдің Ук­раинадағы соғыс кезінде Ук­раинаның бидай өнімін экспорт­тау мүмкіндігіне нұқсан келтірген кең ауқымды әрекетінің бір бөлі­гі екенін де алға тартты. Өткен жұ­ма­да Украинаның Анкарадағы елшісі Василий Боднар Ресейді украиндық астықты ұрлап, Түр­кияға экспорттады деп айып­таған болатын.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «сыртқы сапарларының» жиілеуіне сарапшылар күмәнмен қарап келеді. Украинадағы қақтығыс басталғаннан бері Батыстың санкцияларының нысанасы болған Лавров шетелге, атап айт­қанда Қытай, Үндістан, Ал­жир, Сауд Арабиясы және екі рет Түркияға сапар жасаған. «Оның бұл елдермен қандай келіс­сөздер жүргізіп жүргені де анық­ белгісіз, сондықтан күмән­ді», дейді сарапшылар. Ақыры, көршілес елдер Лавровтың шектен тыс сапарынан күдіктеніп ұшағы үшін әуе кеңістігін жапты, осылайша, ол Сербияға сапарын тоқтатуға мәжбүр болды.

Екі ел арасындағы соғыс егін орағы мен украиндық астыққа тәуелді елдердің халқын «нанынан» шектемек...