• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2014

Әуезов стеласы жазушы атындағы көше мерекесінде ашылды

457 рет
көрсетілді

Өскемендіктер қазақтың ұлы перзенті, жазушы Мұхтар Әуе­зов атындағы көше күнін ерекше атап өтті. Жалпы, соңғы кезде облыс орталығында көше күн­дерін өткізу дәстүрге айнала бастады. Мысалы, жуырда Қ.Қайсенов, Ю.Гагарин атындағы даңғылдардың мерекесі өткізілсе, бұл жолы әйгілі жазушы атындағы даңғыл бойында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталған шараға өңір басшысы Бердібек Сапарбаев, жазушының ұлы, белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, қаламгердің жиені, Алматыдағы «Әуезов» мұражай-үйінің директоры Диар Қонаев, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан қатысты. Сенбі күні өткен мерекеде алдымен Әуезов даңғылының Тәуелсіздік көшесімен қиылы­сатын тұсында Мұхтар Әуезовке арналған стела ашылды. Айта кеткен ләзім, 1997 жылы қыркүйек айында Өскемендегі бұрынғы «Красный Октябрск» көшесі жазу­шының 100 жылдық мерейтойына орай Мұхтар Әуезов даңғылы болып бекітілген еді. Бұл – қаладағы орталық көшелердің бірі. Өңір басшысы Бердібек Сапар­баев барлық буынның Мұхтар Әуезов шығармаларын оқып, жазушының құнарлы тілі мен бай мұрасынан нәр алу арқылы рухани танымы мен білігін қалып­тастырып келе жатқанын ерекше атап өтті. – Қаламызда көше күн­де­рі жалғасып жатыр. Біз­дің мақ­сатымыз – көше тұрғындары­ның өздерінің қандай көшеде тұратынын біліп жүруіне, сол арқылы бір-бірімен достық байланысын нығайта түсуіне және елімізде тұрақтылықты сақтауына септесу. Келешек ұрпақ бүгінгі шарадан үлкен тағылым алады, – деді өңір басшысы. Меймандар мен жұртшылық көше бойында қалалық жас техниктер стансасы, оқушылардың шығармашылық үйі және қала кітапханалары мен қолөнершілері ұйымдастырған көрмені тамашалады. Өңірдің өнер ұжымдары даярлаған концерт те тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлады. Бағ­дарламаға Семей қаласының Абай атындағы драма театры мен Абай ауданының «Қаламқас» халықтық ансамблінің ұжымдары айрықша атсалысып, жазушы драматургия­сынан түрлі қойылымдар қойды. Сондай-ақ, облыс орталы­ғын­дағы ірі сауда кешендері Мұх­тар Әуезов көшесінің күніне орай 15-20 пайыз жеңілдіктер жасаса, көшеде орналасқан алып лед-экранда қаламгердің өмірі мен шығармашылығына арнал­ған «Дегдар» деректі фильмі көрсе­тілді. Велошабандоздардың, кар­тин­гшілердің жарысы да көше мерекесін айшықтай түсті. – Өскеменге жиі келіп, түрлі іс-шаралардың куәсі болып жүрмін. Міне, енді әкемнің атындағы даңғылдың төл мерекесін атап өтіп жатырмыз. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Соңғы екі күн қатарынан Өскемендегі жоғары және орта оқу орындарында, кітапханаларда кездесулер өткіздім. Байқағаным, облыс орталығының мәдени өмі­рінде тың өзгерістер орын алып жатыр. Әрине, шығыс өңірі Семей, Шыңғыстау сияқты қасиетті жерлерімен де тарихи тамырын тереңге жайған ел. Осы рухани дүниемізді күн өткен сайын жаңғыртып жатқан шығысқазақстандықтарға үлкен рахмет! Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты алыптар – адамзатқа ор­тақ. Сондықтан, олар рухани және әлеуметтік салаларда дұрыс бағыт табуымызға бағдар болады. Алдағы уақытта да алаш азаматтарына лайық құрмет көрсетіле береді деп ойлаймын, – деді Мұрат Әуезов. Заңғар жазушының есімі берілген әдебиет пен өнер инсти­тутының жетекшісі Уәлихан Қалижан Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы тұшымды баяндама жасап, оның қилы тағдырындағы құнды деректермен бөлісті. Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Шағангүл Жанаева 1912-1919 жылдары М.Әуезов, Ж.Ай­мауытов, Қ.Сәтбаев оқыған оқу ғимаратының бүгінге дейін сақ­талғанын, сол кездегі мұғалімдер семинариясының бүгінде заманауи білім беру ошағына айналып, колледж атанғанын жеткізді. 1962 жылы аталған оқу орнына әйгілі жазушының есімі берілген. Заңғар жазушы семинарияда оқып жүрген шағында алғашқы тырнақалды туындысы «Еңлік-Кебек» драмасын жазған. Оқу орны қабырғасында Ж.Аймауытов екеуі «Абай» журналын шығарды. Жазушы өміріндегі осындай үлкен істердің бастауында болған семинария тарихынан сыр шертетін көрмені Семейдің М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі ұсынды. Бейнелеу өнері және сызу факультеті студенттерінің шебер қолынан шыққан семинария ғимараты мен Мұхаңның Бөрілідегі туған үйінің макеттері, қазір Алаш мұражайына айналған Семейдегі Әнияр Молдабаевтың үйі және тағы басқа жазушы өміріне қатысты тарихи орындар бейнеленген кенеп картиналар да жұртшылық назарын аударды. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.
Соңғы жаңалықтар